Жастарға арналған 2,5 пайыздық несиеге өтініш қабылданып жатыр

 Жастарға арналған шағын несиелеу бағдарламасына құжат қабылдау наурыз айында басталды. Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 14 адамның құжаты мақұлданған. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының халықты жұмыспен қамту мәселелері бөлімінің басшысы Данабек Орынбаев хабарлады.

Еркежан СЕРІК

kerekinfoaktobe@gmail.com

 Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын несие беру тетігін іске қосуды тапсырған болатын. Бағдарлама арқылы  жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе кәсібін кеңейткісі келетіндер жастарды қолдауға жол ашылады.  Жастарға шағын несие беру бағдарламасы шеңберінде сенім білдірген өкіл ретінде - “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ тағайындалды.

Аталған мекеме құжаттарды қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындаумен айналысады. Сонымен қатар, қарыз алушыға несие беріп, оның мақсатты пайдаланылуын тексереді.  Несие алған жастардан  есеп айырысуды жүзеге асырып, төлем қабылдайды. Және  мерзімі өткен берешекпен жұмыс жасап, уәкілетті органдарға есеп беріп отыратын болады.

 Жастарды несиелеу бағдарламасын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырады.

 Жеңілдетілген пайызбен шағын несие алуға 21 жастан 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар  қатыса алады. Қойылатын талап- өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Несие беру халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады. Несие жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін беріледі. Айта кетейік, мал шаруашылығын дамытқысы келетіндерге 7 жылға дейін, ал  бизнестің басқа бағыттары үшін  5 жылға дейін қарыз алуға мүмкіндік жасалған.

Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған. Жеңілдетілген несие алатын адамда міндетті түрде кепілдік болуы керек. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының халықты жұмыспен қамту мәселелері бөлімінің басшысы Данабек Орынбаевтың айтуынша,

кепіл ретінде  жылжымайтын мүлік немесе арнайы техника  қабылданады. Егер, кепілдік болмаған жағдайда, өзінің ата-анасын, туысын тартуға болады. Ескеретін жайт, несие қаражаты есебінен сатып алынған мүлікті кепіл ретінде қоюға болмайды. 

Несие алатын жас өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат; жоба бойынша бизнес-жоспар, қызмет көрсететін банктен шоттың бар екенін растайтын анықтама ала барады. Егер, атында несие болса, қаржы ұйымдарынан берешегі, мерзімі өткен берешегі туралы анықтама болуы қажет. Үміткердің жалақысы мен өзге де табыстарын растайтын құжат пен жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме әкелгені жөн. Кепіл мүлікті бағалау туралы есеп пен кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар талап етіледі. Осы құжаттардың толық пакетін “Аграрлық несие корпорациясына” АҚ  тапсырады. Түпкілікті шешімді  конкурстық комиссия шығарады.

Шағын несие беру туралы шешімді әкімдік жанына құрылған комиссия қабылдайды.  Оған мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады.  Олар бизнес-жобаларды бағалайды.  Болашағы бар, өміршең жобаларды таңдайды. Үздік деп танылған жобалар микрокредит алып, кәсібін дөңгелете алады. Өзекті, әлеуметтік маңызы бар, нақты іс-қимыл жоспары бар жобаларға қолдау білдіреді. 

Сәуір айында Ақтөбе облысында  комиссия 21 адамның құжатын қарап, оның 14-ін мақұлдаған. Талапқа сай келмегендердің басым көпшілігінің несие тарихының дұрыс болмауы, кепілге қоятын жылжымайтын, жылжымалы мүліктің болмауы себеп болған. Енді комиссия отырысы мамыр айының басында өткізіледі деп жоспарланып отыр. 

 Еске сала кетейік, тұрғын үйге жататын жылжымайтын мүлікті салу немесе сатып алуға, бағалы қағаздарды сатып алуға, қаруды, құрамында есірткі бар заттарды өндіру немесе сатып алуға рұқсат етілмейді. Ойын бизнесіне, Заңнамада тыйым салынған террористік бағыттағы қызметке, акцизделетін тауарларды шығаруға, темекі және алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларға, кредиторлық берешекті өтеуге, бизнесті жүргізуге қатысты емес жеке тұтынушылық мақсаттарға несие берілмейді. Бұдан басқа кез келген мақсатқа беріледі.

 Құжаттарды қабылдау наурыз айында басталды. Бүгінгі күні 21 адамның құжатын қараған. Соның ішінде 14 адамның құжаты мақұлданған. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 935 миллион теңге бөлінген. Айта кетейік, жастарға арналған 2,5 пайыздық несиеге өтініш қабылдау жалғасып жатыр. Өтінім беру үшін құжаттарды "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалына тапсыру қажет. Шағын несие алуға талаптанған жастар Әбілқайыр хан даңғылы,77 мекенжайына жолығады. Немесе +7(7132) 92-11-80 +7(7172) 55-77-55,  +7(701) 006-16-40 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.

 

Әлеумет
12:10, 28 апрель 2023
1 209
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив