Медициналық сақтандыру қорының филиалы уақытылы төленбеген жарнаға өсімақының қосылатынын ескертеді. Сонымен қатар банк шоттары бұғатталады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалы директорының орынбасары Гүлжан Медеубаеваның сөзінше, Ақтөбе облысы бойынша 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2018 жылдың 21 қыркүйегі аралығында сақтандыру қорына 4,7 млрд. теңге жарна түскен. Аталған қаражаттың басым бөлігі жұмыс берушілердің жарнасына тиесілі (93%). Қалған 7% - жеке кәсіпкерлердің жарналары.
Жарна әр айдың 25-сінен кешіктірілмей аударылуы тиіс. Әйтпесе, медициналық сақтандыру бойынша қарыздың үстіне өсімақы қосылады.
«Салық кодексіне сәйкес, ақы төлеу күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күні үшін ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері көлемінде өсімақы қосылады. Бұл төлемді уақытылы жүзеге асыруға бақытталған тәсілдердің бірі», — деп түсіндірді мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма жетекшісі Гүлмира Арыспаева.
Алайда, мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, облыста 4 мыңнан аса адам жарна төлемеген. Жалпы облыс бойынша 11 млн. теңге өсімақы жиналып қалған.
«Жарнаны аудармаған жағдайда шаралар қолданылады. Алдымен төлемей жүрген адамға ескерту қағазы табысталады. Егер 5 күннің ішінде қарыз жабылмаса, онда оның банк шоттары бұғатталады. Қарызды мәжбүрлеп өндіру үшін инкассалық өкімдер шығарылады. Бұдан басқа, төлемнен бастартқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», — деді Гүлмира Арыспаева.