Ақтөбе облысының оңтүстік аудандарында 25 сәуірден бастап жерге дән себіледі. Алайда егін науқанының жақындап қалғанына қарамастан, тұқымдар ауыстырылып жатыр.
Ақтөбе облысында көктемгі егін науқанына дайындық басталды. Биыл 642,7 гектар жерге егін егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық. Биыл өңірге 9 мың тонна дизельді отын бөлінген.
-Диқандарға арзандатылған дизель отыны 113 теңгеден сатылады. Бұл-республика бойынша төменгі көрсеткіш. Қазір оның 5 мың тоннасы жеткізілді.Қалғаны жақын күндері әкелінуі тиіс. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл элиталы, жоғары сұрыпты тұқымдар егілуі тиіс. Алайда қазір бұрын сатып алынған тұқымның 18 пайызы үшінші сортты болып отыр. Қазір оны ауыстырып жатырмыз. Егін басталғанша, үлгеруге тиіспіз,-дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құсайын Сәрсембай.
Егін науқаны кезінде қуаңшылыққа төзімді және нарықта сұранысқа ие дақылдарға басымдық беріледі. Құсайын Іскендірұлының айтуынша, тұқым негізінен Ресейден және еліміздің оңтүстік өңірлерінен сатып алынады. Аймақта суармалы жерлер де көбейеді. Биыл 21,5 гектар суармалы жерге егін егілмек. Сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында 2млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Несие 6 пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға беріледі. Бұл жүйенің артықшылығы, кәсібіңе “Каз АгроГарант” акционерлік қоғамы 85 пайыз кепілдік береді. Бұл несиені ауылда тұратын жұмыссыздар, ауылшаруашылық кооперативтерінің басшылары мен кәсіпкерлер ала алады.