Ақтөбелік “телефон ланкесі” 6 жылға сотталуы мүмкін. Бұған қоса ол мемлекетке келтірген шығынды қайтарды. Бұл жөнінде “Керек info” тілшісіне ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 23 мамыр күні болған. Белгісіз ер адам Төтенше жағдайлар департаментіне қоңырау шалған. Ол Қонаев көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінің подъезіне бомба қойылғандығын хабарлайды. Оқиға орнынан 100-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Алайда, жарылғыш зат табылған жоқ. Арнайы қызметті аяғынан тік тұрғызған 26 жастағы жігіт болып шықты. Қазір күдікті уақытша ұстау қапасына қамалды. Қылмыстық іс қозғалуда.