“Ұлы қабырға” қазақ-қытай бұрғылау компаниясындағы 218 мұнайшы жұмыссыз қалды. Оған себеп- нарықта мұнай шикізатының арзандап кетуі. Бұл туралы 18 тамыз күнгі брифингте компания директорының орынбасары Арман Камалов мәлімдеді.
Мұнай арзандағалы бері құбыр бұрғылауға тапсырыс берушілер де азая бастаған.
Соның салдарынан қазір “Ұлы қабырғаға” тиесілі 24 бұрғылау бригадасының алтауы ғана жұмыс істеп тұр. Оның үстіне инвесторлардың қаржы бөлуді азайта бастағаны да кәсіпорын жұмысына кері ықпал етіп отырған көрінеді. Бұл туралы 18 тамыз күнгі брифингте компания директорының орынбасары Арман Камалов айтты.
- Соңғы үш жылда нарықта шикізат бағасының арзандауына орай қиындықтарға тап болдық. Сондықтан 218 жұмысшыны қысқартпақпыз. Олардың арасында инженер-техниктер, көлік жүргізушілері мен кеңсе қызметкерлері де бар. Жұмыстан қысқартылғандардың 60-ы Ақтөбе қаласының тұрғыны. Қалғандары Қазақстанның өзге өңірлерінен. Жұмыстың тоқтап тұруына байланысты осы уақытқа дейін ұжымдық келісімшартпен жұмысшылардың 50 пайыз жалақысын төлеп келдік. 3 тамыздан бастап жұмыстан қысқартылғандары туралы хабарлама бердік,-дейді Арман Камалов.
Жұмыссыз қалған ақтөбеліктердің жайынан жергілікті билік те хабардар. Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма қызметкерлері “Ұлы қабырғада” болып, еңбек заңнамасының сақталуы жөнінде жоспардан тыс тексеру актісін рәсімдегендерін хабарлады.
Ал Ақтөбе облыстық үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтынбек Әмірғалиев “Ұлы қабырға” ЖШС-нен қысқартылған мұнайшылар далада қалмайтынына сенімді. -Алдымен олар жұмыссыз ретінде тіркеуге алынады. Содан кейін өзге өндіріс орындарында еңбек етуге мүмкіндіктері бар,-деді Алтынбек Әмірғалиев.
Неге екені белгісіз, брифингке жұмыссыз қалған мұнайшылар шақырылмаған. Жұмысшылар мүддесін қорғауы тиіс өкіл , кәсіподақ ұйымының төрағасы Бекболат Омаров қана болды. Ол қысқартуға ұшырағандарға басшылық Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарынан жұмыс іздестіріп жатқанын айтты.
Мұнайшылар жаппай қысқартуға ұшырап жатса да Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев аймақтағы ахуалдың тұрақты екендігіне сенімді. Айтуынша, дағдарыс тек “Ұлы қабырға” бұрғылау компаниясына ғана әсер еткен.
“Ұлы қабырға” қазақ-қытай бұрғылау компаниясы Ақтөбе облысының аумағында мұнай, газ, су скважиналарын бұрғылаумен 16 жылдан бері айналысып келеді. Кәсіпорында екі мыңға жуық адам еңбек еткен. Оның 115-і Қытай азаматы. Ал қысқартуға ұшыраған 218 жұмысшының 15-і қытайлық. Қалғандары жергілікті жұмысшылар.