Ақтөбе облысы аумағына кірген рейстік автобустан күдікті ер адам ұсталды. Беймәлім жолаушының өзін-өзі ұстауы күдік келтіріп, шекарашылар оны көліктен түсіріп тастады.
ҚР ҰҚҚ шекара қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, “Шымкент – Нижний Новгород” бағытында жол жүріп бара жатқан рейстік автобусты тексеру барысында жолаушылардың бірінің қылығы күдік келтірген. Ол жол бойы өзін-өзі тұйық ұстап, ешкіммен сөйлеспеген. Шекарашылардан сырт айналып, орындық астына тығылмақ болған. Жол сөмкесін құшақтап алып, тексерушілерге көрсетпей қойған.
Шекарашылардың күдігін автобус жүргізушісінің сөзі де күшейте түскен. Жүргізушінің айтуынша, ол жол бойы нәр татпай, тіпті түзге де шықпаған. Құжат тексеру барысында жолаушының Өзбекстанның 26 жастағы Жайшид есімді азаматы екені анықталды.
Бірде бір сұраққа жауап бермеген жолаушыны шекарашылар рейстік автобустан түсіріп алды. Кейін дәрігерлер жолаушының қанынан есірткі таппады. Бірақ толық тексеру кезінде жолаушының менингитпен ауыратыны анықталған. Қазір ол Мәртөк аудандық ауруханасында ем алып жатыр.