Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ғимаратынан өрт шықты. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
Өрт кезінде студенттер мен оқытушылар эвакуацияланған. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің жасақтары келді. СТВ телеарнасындағы «Территория происшествий» бағдарламасының мәліметінше, тілсіз жау мың шаршы метрден артық аумақты шарпыған. Кинорежиссура факультеті орналасқан ғимараттың төртінші қабаты өртенген. Студенттердің сөзіне қарағанда, өрт шыққан күні сабақ болмаған, бірақ Наурыз мейрамы аталып өткендіктен олар ғимараттың ішінде болыпты. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына электр өткізгіштердің қысқа тұйықталуы себеп болған.
Сонымен қатар, оқу орнының қызметкерлері оқиға жайлы мәлімет таратуға қарсылық білдіріп, журналистерге күш қолданды. БАҚ өкілдерін оқу орнының аумағынан шығарып жіберді. Олардың бірі - «Литер» газетінің фотографы Павел Михеев, ол студент шабуыл жасады деп полицияға арызданды. Студенттер оның бетінен бірнеше рет ұрған. Фотографтың айтуынша, зардап шеккендердің тағы біреуі академия студенттерінің үстінен полицияға шағым түсіріп жатыр. Жанжал кезінде Tengrinews.kz тілшісі де жарақат алды.