“ҚР ТЖ министрі Владимир Божко Алматыдағы "Адем" сауда кешенінде болған өрт себептерін атады” деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баспасөз конференциясында Божко: "Өрттің бірінші себебі - өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуында. Екінші себебі - күзет қызметкерлерінің салақтығында. Күзетшілер ары-бері жүгіріп, сасқалақтап, не болғанын білмек болып жүргенде өрт жалындап, қарқыны күшейіп кетеді. Сонда ғана олардың ойына өрт сөндіру қызметін шақыру түседі" деген.
Владимир Божконың сөзінше, күзет қызметі өрт сөндірушілер келсе өздеріне айыппұл салынады деп "орынсыз қауіптенеді".
Сәуірдің 26-сында сағат 21 шамасында "Адем" сауда орталығы павильондарының бірінен өрт шығып, ол 27 сәуір күні түске таман бір-ақ өшірілген. Өрт аумағы 25 мың шаршы метрден асып, кешеннің бір павильоны түгелдей өртенді. Өрт екінші павильонды да шарпыды.
Мамырдың 19-ында "Евразия" сақтандыру компаниясының директоры Борис Уманов сауда орталығында болған өрттен келген шығын алдын-ала болжам бойынша 5,3 миллиард теңгені (28 миллион АҚШ долларынан астам) құрайтынын мәлімдеген. Ол есептелген сақтандыру сомасына өртенген ғимарат қана кіретінін, саудагерлердің өртенген тауарлары есептелмегенін айтқан.