Ақтөбелік мұнай компанияларының жұмысшылар алдындағы қарызы 26 млн теңгеге жетті. Жалақы төлемей отырғандардың қатарында “ОйлТехноГрупп”, “Лайнс Джамп” және “МұнайСервисАқтөбе” ЖШС бар. Бұл туралы бүгін облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев мәлімдеді.
Мұнай компанияларынан бөлек жолаушылар тасымалымен айналысатын “Автопарк” ЖШС де өз еңбеккерлеріне жалақы бере алмай отыр. Бүгінгі күні кәсіпорынның жалақы қарызы 50 млн теңгеге жетті.Мемлекеттік еңбек инспекторының айтуынша, жұмысшыларға жалақы төлемей отырған кәсіпорынның мәселеcі жуырда шешілуі мүмкін.Мекеме басшыларына “еңбекақы 25 қыркүйекке дейін төленсін” деген талап қойылған.
Бауыржан Оразаев тың мәліметінше, жыл басынан бері инспекцияға еңбек заңнамасының бұзылуына қатысты 310 шағым түскен. Өткен жылы мұнымен салыстырғанда 100 арыз аз жазылған. Арыз-шағымдардың 93 пайызы жалақының уақытылы төленбеуімен байланысты.
- Бүгінгі күні “ОйлТехноГрупп” ЖШС қызметкерлеріне 15 млн 400 мың теңге берешек. Ал “Лайнс Джамп” ЖШС бастапқы қарызы 20 млн теңге болған. Қазіргі таңда соның 2 млн теңгесі өтелген жоқ.Шағымданған 42 адамның 35-і жұмыстан шығып кетті. Ал “МұнайСервисАқтөбе” ЖШС-нің жұмысшыларға бермеген еңбекақысы 9 млн теңгеге жуық,-дейді Бауыржан Оразаев.
Жалпы жыл басынан бері Ақтөбе облысында 163 адам жұмыстан қысқартылған. 700-ден астам жұмысшы ақысыз еңбек демалысына жіберілді. Өз арызымен жұмыстан кетіп, толық емес жұмыс күніне де көшкендер де бар. Жұмысшылары ең көп қысқартуға ұшыраған кәсіпорындардың көшін “Ұлы Қабырға” ЖШС бастап тұр.Мамандар жыл аяғына дейін бұл мұнай компаниясында әлі де қысқартудың болатындығын жоққа шығармайды.