Ақтөбе қаласында 8 жастағы оқушы қыз көлік қағып кетіп, қайтыс болды.
Оқиға 11 сәуір күні түс ауа сағат 16:30 шамасында болды. К.Нокин даңғылындағы жаяу жүргінші жолағымен өтіп бара жатқан Заринаны “ГАЗ- 3301” маркалы көлік қағып кеткен. Оқушы қыз сол жерде жан тапсырды.
Зарина Ақтөбедегі №50 мектептің 1-сынып оқушысы болатын. Мектеп директорының айтуынша, қайтыс болған оқушының отбасы алғашында “Актюбрентген ” бау-бақша ұжымындағы үйлердің бірін жалдап тұрған. Кейін “Қазмұнайгаз” саяжай ұжымына қоныс аударған.
“Керек. info” газетіне сенімді ақпарат көзінің хабарлауынша, 11 сәуір күні Зарина әкесі екеуі анасын жұмыстан күтіп алу үшін аялдамаға барады. Автобустан түсіп келе жатқанын көріп, анасына ұмтылған кезінде баланы жүк көлігі келіп соққан. Оқушы қыздың сүйегі бүгін яғни, 13 сәуірде жер қойнына тапсырылды.
Сот-медициналық сараптама “ГАЗ-3301” маркалы көлік жүргізушінің ішімдік ішпегенін анықтады. Кішкентай қыздың өліміне себепкер көлік жүргізушісінің жасы 51-де. Полицияның мәліметінше, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жүргізуші тергеліп жатыр.