Ақтөбе соты жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген жігітті 4 жылға соттады. 26 жастағы автослесарь жазасын жалпы режимдегі түзету колониясында өтейді.
Қылмыс биыл 23 мамырда жасалған. Сот материалдарына сәйкес, оқиға болғанға дейін сотталушы қызымен ұрысып қалады. Жігітімен сөзге келіп қалған бойжеткен Қонаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде тұратын ағасының үйіне келеді. Қызымен татуласпақ болған жігіт орталық базарға барып, ұялы телефонына сим-карта сатып алады. Кейін “112” телефонына хабарласып, Қонаев көшесіндегі үш бірдей подъезге бомба қойылғаны туралы хабарлайды. Мұнысымен қоймай,хабарламасын “Аллах Акбар” деген сөздермен аяқтайды. Оқиға орынана шұғыл қызмет дер кезінде жетеді. Үйден 100-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшіріледі. Сотталушы жігіт сыртқа шыққан қызымен татуласады. Алайда үйлерді жіті тінтіп шыққан мамандар ешқандай жарылғыш затты таппаған. Сот отырысына жігіттің қызы куәгер ретінде қатысқан. Ал сотталушы кінәсін толықтай мойындап, өз әрекетін еш ойланбастан жасағанын айтқан. Шұғыл әрекет ету қызметіне келтірілген 85 мың теңге көлеміндегі шығынды өтеген.
2 тамыз күні №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Сәуле Танимова Руслан Тныбековті 4 жылға бас бостандығынан айырды. Үкіммен келіспеген сотталушының туыстары аппелициялық шағым түсірмек.