Ақтөбеде теракт туралы жалған ақпарат берген 49 жастағы әйел 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Екі баланың анасы жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтемек.
Оқиға биыл 11 маусымда болған. Ішімдік ішкен әйел “102” телефонына хабарласып, Қарғалы көшесінде теракт жасауға дайындық жүріп жатқаны туралы айтады. Оқиға орнына ІІД мен ҰҚД-нің мамандары келген. Алайда дерек расталған жоқ. Әйелдің әрекеті салдарынан құқық қорғау органдарына 80 мың теңгеден астам материалдық шығын келген.
Сот отырысы кезінде әйел өз кінәсін мойындап, шығынды қайтарып берген. №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Зинаида Шмирова оны 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Айта кетелік, бұл уақытта Ақтөбеде 5 маусым күні лаңкестік жасағандарды іздестіру операциясы жүріп жатқан.