Ақтөбеде ішімдік сатылмайтын 4 ауыл бар

Ақтөбе облысында ішімдік сатылмайтын, той-томалақ арақ-шарапсыз өтетін 4 ауыл бар. Бүгінде бұл елді мекендерде ұлттық сусын дастарқан сәніне айналған.

Назгүл ӘБЕТОВА

@abetovanazgul

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Хромтаудың Тассай, Темір ауданының Жамбыл, Алға ауданының Бесқоспа, Шалқар ауданындағы Қаратоғай ішімдік сатылмайтың ауылдар қатарына енген. Берекесі артып отырған алақандай ауылдардың әкіміне Керек.info газетінің тілшісі хабарласты.

 Хромтау ауданындағы Тассай ауылдық округінің әкімі Ербол Әбдіров соңғы үш жылда ауылда қылмыс түгілі, бұзақылық та тіркелмегенін айтты. Соны ескере отырып, дүкені бар кәсіпкерлермен жұмыстар жүргізілген. Әкімнің сөзінше, ауылда 3 дүкен бар. Үшеуінде де арақ-шарап мүлде сатылмайды.

-Дүкен сөрелерінде ішімдік тұрмайды. Қоймада бар ма, тығылып іше ме ол жағын айта алмаймын. Бірақ сатылмайды. Барлығы дүкен иелерінің жеке жауапкершілігінде,-деп түсіндірді 9 жылдан бері әкім болып отырған Ербол Әбдіров.

Айта кетейік, Тассай ауылында 130 үй бар. Онда 480 халық тұрады.

Шалқар ауданына қарасты Шетырғыз ауылдық округі құрамына екі ауыл кіреді. Олар Тұмалыкөл мен Қаратоғай. Ауылдық округ әкімі Жанна Дүйсенбайқызы ауылда 2-3 жылдан бері ішімдік пен шылым сатылмайтынын қуана жеткізді. Мұндай қадамға ауыл болып кесімді сөз, шешімді ойлары бар ақсақалдардың талап-тілегі нәтижесінде барған.Жастар да үлкендердің сөзін құп көріп, құлақ асқан. Кәсіпкерлер тарапынан да қолдау тапқан. Тіптің той-томалақтың өзі арақ-шарапсыз өтеді. Керісінше, тұрғындар шұбат пен қымыз ішуге бет бұрған. Бүгінде бұл ауылда ұлттық сусындар дастарханның сәніне айналған.

- Біздің ауылда ақсақалдардың сөзі бірінші орында тұрады. Ауылда бір дүкен бар. Онда ішімдік те темекі де сатылмайды. Өзім осы ауылға әкім боп келгеніме 1 жылдай уақыт болды. Осы жыл ішінде қаншама іс-шара өткіздік. Қаншама тойға бардым.Жиын тойдың бәрінде ағарған ұсынады, -дейді Жанна Дүйсенбайқызы.

Шетырғыз халқы мал шаруашылығымен айналысады. Жылқы ұстайтындар саны артқан. Жыл сайын дәрстүрлі түрде “Қымыз FEST” шеберлік сағаты өткізіліп тұрады. Шарада бие сауу сәтінен бастап қымыздың бірнеше түрінен таныстырлымы өтеді. Соңғы 3 жылдан бері шетелдік археологтар мен Лондон университетін бітіріп келген режиссер Алан Бондарев Шетырғыз өңірін зерттеп жүр. Ол қазақтың салт-дәрстүрі бойынша деректі фильм түсіруге осы жерді қолайлы санаған. Ұлттық сусында насихаттап, “Қымыз FEST” іс-шарасы биыл да ауқымды көлемде өткізіледі жоспарланып отыр. Мұндай игілікті шара қымыздың адам денсаулығына пайдасы туралы айтып қана қоймай, жас ұрпақты ащы суға емес, ұлттық сусынды тұтынуға ықпал ету болып табылады.

Жамбыл- Темір ауданынан 75 шақырым жерде орналасқан ауыл. Елді мекеннің 200-ден астам тұрғыны бар. Жамбыл негізгі мектебі мен медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Шағын ауылда 2 дүкен бар. Дүкен сөрелерінде азық-түлік қажетті тауарлардың барлығы сатылады. Алайда 2020 жылдан бері ішімдік мүлде сатылмайды. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қазір 13 тұрғынның жеке қожалығы бар

Бестамақ ауылдық округінің әкімі Қанат Дәулеталиннің айтуынша,Бесқоспада ішімдік сатылмай жүргеніне 3 жылдан асқан.

- Ауыл тұрғындарының көпшілігі дінге бет бұруы, ішімдік харам деген түсінік қалыптасқан. Мүлде ішпейді, ішпейтіндер жоқ деп айта алмаймын, -деп жауап берді округ әкімі.

Былтыр Ақтөбеге ҚР бұрынғы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов іссапармен келген болатын. Тұрғындармен кездесуінде облыста соңғы екі жылда ешқандай қылмыс тіркелмеген 7 ауыл бар екенін айтқан еді. Экс министр ауыл әкімі мен учаскелік инспектордың аты-жөндерін атап, үлгі алу керектігін баса айтты. Аталған азаматтардың жұмысын тәжірибеге енгізіп, марапатқа ұсынатынын жеткізген болатын.

 Денсаулықтың жауы саналатын ішімдік ішу қылмысқа итермелейді. Облыстағы 4 ауылдың көтерген бастамасы өзге ауыл тұрғындарына үлгі болса екен дейміз. Қорыта айтқанда, қаймағы бұзылмаған елді мекендердің бүгінгі тірлігі шынымен де көңіл қуантады













Әлеумет
10:00, 02 март 2024
1 600
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив