3 маусым күні балабақшаға жолдама беріле бастайды. “Керек.info” тілшісіне бұл туралы Ақтөбе қалалық білім бөлімі хабарлады.
Жолдама ең алдымен 5 жасқа толған балаларға беріледі. Олар кезекке қай кезде алынғанына қарамастан 3 маусым күні қолдарына жолдама алуы тиіс. Әрі қарай 2012 жылы кезекке алынған балалар қабылданады.
-Жолдама беру маусымның 25-іне дейін жалғасады. Егер ата-ана белгілі себептермен бұл күндері келе алмаса, 25 маусымнан кейін екі апта қосымша уақыт беріледі,- дейді қалалық білім бөлімі басшысы.
Құжаттар Металлургтер мәдениет үйінде (Бейбітшілік даңғылы, 31) қабылданады.Ата-ана өзімен бірге баланың кезекке алынғандығы туралы хабарламаның түпнұсқасын, жеке тұлғаны растайтын құжат, баланың туу туралы куәлігінің түпнұсқасы мен көшірмесін әкелуі қажет. Биыл құжаттардың тізімінен үй кітапшасы алынып тасталған. Жеңілдікке ие ата-аналардан оны дәлелдейтін қосымша құжат талап етіледі.
Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, биыл 5000 бала балабақшаға жолдама алады. Жыл аяғына дейін ашылатын балабақшалардың есебінен тағы 2500 балаға орын табылады.
Қазір Ақтөбе қаласы бойынша балабақша кезегіне 29 мыңға бүлдіршін алынған.