Ақтөбеде 26 жастағы жігіт бөтелкелесін ұрып өлтірді. Сотталушы бойжеткеннің мәйітін қалың талдың арасына жасырып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Сот материалдарына қарағанда, Кеңес Нокин ауылында тұратын сотталушы биыл маусым айында танысымен бірге ішімдік ішеді. Ол марқұмға жұмыс тауып беруге уәде еткен екен. Соңыра ол ішімдік ішуден бас тартқан Л. Килдің бетінен ұрады. Жігіттің соққысынан кейін бойжеткен есінен танып қалады. Кейін орнынан тұрып, оқиға орнынан кетпек болады. Бұған ашуланған Ришад Муртазин оны қолымен ұрып, жерге құлатады. Қыздың үстіне отырып, екі қолымен беті мен басынан бірнеше рет соққы жасайды. Ақыры оның өлгенін біліп, мәйітін қалың талдардың арасына апарып жасырады. Сөйтіп, қылмыс орнынан қашып кетеді. Марқұмның шіри бастаған денесін екі аптадан соң ауыл тұрғындарының бірі тауып алған. Сотта Рашид Муртазин өз қылмысын мойындап, марқұмның анасынан кешірім сұрады. 27 қазан күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Алтынбек Сабыров адам өлтіргені үшін айыпталған жігітке үкім шығарды. Сотталушы Ришад Муртазин 11 жылға бас бостандығынан айрылды. С отта белгілі болғандай, 26 жастағы жігіт бұрын бұзақылық жасаған. Алайда жәбірленушімен келіскендіктен, қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Үйленген, кішкентай баласы бар.