Түрмеге түскісі келген ақтөбелік полицияға “Мега Ақтөбені” жарамын” деп хабарлаған. 9 маусым күні ол 2 жылға сотталды.
Әйелімен ажырасып, жеке өмірінде жолы болмай жүрген жігіт наурыздың 29-ына қараған түні полицияға “Мега Ақтөбеге” бомба қойылғандығын хабарлайды. Кейін кім екендігі әшкере болғаннан соң ол такси шақырып, полицияға өз аяғымен барған.
Сотталушының айтуынша, ол оқиға болатын түні досымен бірге ішімдік ішеді. Кейін үйіне келіп, ұялы телефонынан полицияға жалған хабарлама түсірген. Оның себебін сұраған тергеушілерге сотталушы Аслан Қарамолдин жұмыссыздықтан жалығып, түрмеге түскісі келетіндігін айтқан.
Сотталушының әрекеті сол түні күштік құрылымдарды аяғынан тік тұрғызды. Құтқарушылар 20 қызметкерді қауіпсіз жерге шығарған. Алайда, сауда орталығын түгел сүзіп шыққан “Арлан” жасағы жарылғыш затты тапқан жоқ.
9 маусым күні № Ақтөбе қалалық сотының судьясы Сәуле Танимова телефон лаңкесіне қатысты үкім шығарды. Сот өз қылмысын мойындағаны үшін сотталушының жазасын жеңілдетті. Оның үстіне сотталушының мінез-құлқында алкогольдік ішімдік ішкенде ауытқушылық болатындығы анықталып отыр. Аслан Қарамолдин алдағы 2 жылын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтейді.