Ақтөбеде 2590 бала екпе алмаған. Түрлі себептерге байланысты вакцинадан бас тартатындардың саны жыл сайын көбейіп барады.
Жиын барысында екпе алмаған балалардың көптігі де айтылды. Жыл сайын көтеріліп, жауыр болған мәселе әзірге нақты шешімін таппай тұр. Бүгінгі күні облыста 2590 баланың ата-анасы епкеден бас тартып отыр. Яғни, өткен жылдармен салыстырғанда 59 бала артық. Әсіресе, вакцина алмағандар Мұғалжар, Байғанин, Алға, Шалқар, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласында көп. Дегенмен, кейіннен өз райларынан қайтып, екпе алып жатқандар да бар. Ақтөбелік дәрігерлер жұқпалы аурулардың көбеюінен қауіптеніп, Денсаулық сақтау министрлігіне мәжбүрлі түрде вакцинация жасауға ұсыныс жасапты. Алайда бұл шешім заң аясында әлі қабылданған жоқ. Алқа отырысы кезінде медицина саласының басқа да түйткілді мәселелері мен жаңалықтары туралы айтылды. Биыл 20 бүйрек, 5 бауыр ауыстыру отасы жасалады.Өңірде 68 дәрігер жетіспейді. Жас мамандарға баспана жетіспейді, жалақы аз. 14 медициналық мекеме күрделі жөндеуді қажет етеді. Қаражат бөлінбегендіктен, Ырғыз аудандық ауруханасында желдету жүйесі үш жылдан бері жұмыс істемей тұр. Су жылытқыш орнатылмаған, дизенфекциялау құрылғысы жоқ. Бұл кемшіліктерге қатысты емдеу ұйымдарының басшылары мен жауапты тұлғаларына 5 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. Ақтөбе облысының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, медициналық қызметтің сапасына қатысты 200-ден астам шағым түскен. Бұл үшін 67 медициналық қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алқа отырысы кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев дәріханаларда құрамында есірткі бар дәрілердің ашықтан-ашық сатылатындығына реніш білдірді. Дегенмен облыстың бас дәрігерінің жұмысына жақсы баға беріп, ризашылығын білдірді.