«Карантинде тапқан кәсібім кәдеме жарады»

25 жылдан астам тәжірибесі бар мұғалім Гүлмира Саттарова жіптен аяқ киім тоқиды. Қолөнердің ерекше түрі тоқумен айналысады. Үйге, сыртқа киюге арналған аяқ киімнің түр-түрін тоқып, сүйікті ісін дөңгелетіп отыр. Сұранысқа ие аяқ-киімдер тоқумен қатар бұл өнерді үйретіп те жүр.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

- Тоқу өнеріне қашан, қалай келдіңіз?

- 2020 жылы елімізде карантин жарияланып, қиын-қыстау кезеңді бастан өткердік. Білім берумен қатар репетитор болып, қосымша табыс тауып жүрген едім. Елдегі ахуалға байланысты қосымша білім алуға келетін оқушы саны азайып кетті. Бос уақытым көп болды. Екі қолға бір күрек іздеп, бос уақытымда айналысатын қандай ермек тапсам екен деп ұзақ ойландым. Бір күні инстаграм желісінде тоқыма тоқу арқылы табыс табудың жолдары жайлы жазбаны көріп қызығушылық пайда болды. Онлайн вебинарға қатысып, «Моншақпен жұмыс және аяқ киім түрлерін тоқу» курстарын сатып алдым. Курста тоқыманы ілмекпен тоқиды екен. Мен тек екі-бес сыммен тоқитын едім. Бұрын-соңды ілмекпен тоқып көрмегендіктен тапсырыс берген құрал-жабдықтарым келгенше видео сабақтарды бірнеше қайта көріп шықтым. Алғашында жүрексінгенім рас. Кейін тез-ақ үйреніп кеттім.

- Жалпы отбасыңызда, әулиетіңізде қолөнерге жақын адам бар ма?

- Менің анам – керемет шебер жан. Көйлек тігіп, тоқыма тоқып, құрақ құрайтын. Анамнан қолөнердің түр-түрін үйрендім. Оқушы кезімде қолғап, шұлық тоқыдым. Есейе келе газет-журналдардан жемпір, балалар киімін тоқудың үлгісін көріп үйрендіи.

- Тоқуды қалай кәсіпке айналдырдыңыз?

- Аяқ киімдерді тоқығаныммен қалай сатамын деген ой маза бермеді. Саудаға икемім жоқ еді. Бірде келінім Instagram желісінен жеке парақша ашып, тоқыған аяқ киімдерді суретке түсіріп, сол жаққа жүктеуге кеңес берді. Сөйтіп келінім жеке парақша ашты. Мен тоқыған аяқ киімдерімді суретке түсіріп, Instagram және WhatsApp желілерінде тараттым. Осылайша аяқ киімдерім сұранысқа ие болып, тапсырыс берушілер саны күн санап арта түсті.

- Бұл өнердің қандай пайдасы бар?

- Біріншіден, тоқыма тоқу сүйікті ісіңіз болса, оны табыс көзіне айналдыруыңызға болады. Екіншіден, бұл өнер адам жанына тыныштық сыйлайды. Жүйкені тыныштырады, ойлау қабілетін арттырады. Саусақтарымызға нүктелі массаж жасағандай әсер етеді.

- Аяқ киімді қандай жіптерден тоқисыз?

- Үйге киюге арналған сүйретпені тоқуға 2 сағат уақытым кетеді. Аяқ киімнің бұл түрін тоқуға Иран жібін пайдаланамын. Себебі кез келген жіппен тоқуға келмейді. Қолдан тоқылған аяқ киімнің сапалы болуын басты назарда ұстау керек. Сапалы аяқ киімді кір жуғыш машинаға салып жуғаннан кейін түгі шығып, созылып кетпейді. Бұл аяқ киімді тоқу үшін желімді пайдаланбаймын. Сондықтан өңін жоғалтпайды. Ер адамдарға арнап спорттық үлгідегі аяқ киімді тоқып жүрмін. Оны жібек жіптен тоқимын. Алғаш рет немереме мектепте екінші аяқ киім етіп ауыстыру үшін тоқып бергенмін. Кір жуғыш машинаға қанша жусам да өңін жоғалтпады. Үйге киюге арналған балетканы тоқуға түрік жіптерін пайдаланамын. Бұл аяқ киімді сөмкеге салып жүруге болады. Қонаққа барсаңыз, сөмкеңізден шығарып киіп аласыз. Есесіне су өткізбейді, әрі жылы.

- Тоқыма тоқудан басқа тағы қандай сүйікті ісіңіз бар?

- Жоғарыда айтып өткенімдей, аяқ киім тоқумен қатар моншақпен жұмысты да сатып алған едім. Бірақ бұл өнерге келгенде тек майлық салғыш қана тоқыдым. Өте әдемі шықты. Сонымен қатар моншақтан ваза, нан салғыш ыдыстар тоқуға болады екен. Бұл ыдыстар сұранысқа ие. Дегенмен әлі мұндай ыдыстарды тоқып көрмедім. Аяқ киімге сұраныс жоғары болғандықтан бос уақытым бола бермейді.

- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

- Балалар аяқ киімін тоқуды қолға алып жатырмын. Табандарға, керекті құрал жабдықтарға тапсырыс беріп қойдым. Балалар аяқ киімін мектепте, балабақшада екінші аяқ киім ретінде киюге болады. Мен тоқыған аяқ киімдерден жағымсыз иіс шықпайды, жуып қайта киюге болады. Қазіргі таңда балалар аяқ киіміне сұраныс артып келеді.

 

Кейіпкер
11:00, 05 август 2022
1 156
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив