Ақтөбеде танысын жұмысқа орналастырамын деп 900 мың теңге пара алған екі теміржолшы ұсталды. Бұл туралы “Керек.info” тілшісіне Ақтөбе станциясы желілік ішкі басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл оқиға сәуір айында болған. Қандыағаштағы ішкі істер желілік басқарма бөлімшесіне 31 жастағы азаматтан арыз түседі.
Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, теміржолшы оның сеніміне кіріп, 900 мың теңгесін алған. Шалқардағы депоға машинистің көмекшісі етіп жұмысқа орналастырамын деп уәде еткен. Қандыағаш тұрғыны алданғанын 5 айдан соң бір-ақ біліп, полицияға хабар берген, - дейді Ақтөбе станциясындағы ІІЖБ баспасөз қызметкері Роза Төлегенқызы.
Оқиғаға қатысты жедел тергеу тобы құрылып, алаяқтар ұсталды. Тексеру барысында оның қасында сыбайласы болғандығы анықталған. Ірі көлемде пара алған күдіктілердің теміржол саласында жұмыс істейтіндігі де рас болып шыққан.
Олардың үстінен ҚР ҚК 190-шы алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, 4-7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.