Света Айтбаева: “Мен әжемнің тұңғыш немересімін”

    Ол - ең алдымен аяулы жар, ана. Ол – әнші, ол – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ол - облыстық филармонияда көркемдік жетекші, ол - облыстық мәслихаттың депутаты. Ол қазақ атын миллиардтар еліне танытқан Димаштың анасы - Света Айтбаева

    Света ханым, жақында Қанат аға Қытайға барып келді. Димаштың жағдайы қалай екен? Қытай халқы ұлыңызды ерекше ықыласпен қарсы алғанын білеміз.
    Әкесі сын сағатта қасында болып, қолдау көрсетіп келді. Димаштың жағдайы жақсы, көңіл-күйі жақсы. Қытай қауымы оны ерекше қабылдап жатыр. Өнерге қашан да сын көзбен қарайтын елде тамаша өнер көрсетуде. Кең танылды. Қытайдың қыздары Димаштың дауысына, бойына қатты қызығып жүр екен (күліп). Ондай енді кез келген елде болады. Белоруссияда жүргенде де сол елдің жастары жүргізбей, автограф алып, суретке түсіп, қызығушылық танытқан. Енді ол жақта халық саны аз, ал Қытайда көп. Сол себептен де осындай танымалдылыққа ие болып жатқан шығар. Ғаламтордан көріп бір жағы қуанып, екінші жағынан «тіл-көздері тасқа» деп отырамыз. Баламызға тілекші боп жүрміз.

    Сағынып жүрген боларсыз?
    Сағынып жүрмін, әрине. 17 желтоқсанда өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап концерт өткізді. Содан кейін Астанаға оқуына, одан әрі байқауға кетті. Содан бері көрген жоқпын. Бауырлары, атасы мен әжесі де сағынып жүр. Тіпті әжесі күнде жылап алады. Димашқа күніне екі рет қоңырау шалады. Таңертең көңіл-күйін, қалай ұйықтағанын сұрайды, кешке не шаруа тындырғанын, күні қалай өткенін, тамағын, денсаулығын қадағалайды. Қасында досы әрі менеджері Алпамыс деген жігіт бар. Димаштың бүкіл концертін ұйымдастырып, байқауларда қасына серік боп жүретін досы. Арасында сын да айтып қояды. Өзі біздің үйдің баласы сияқты. Қасында сондай сенімді адам болған соң, қатты алаңдамаймыз.

    Димаштың небәрі 22 жасында біраз жетістіктерге жетуіне анасы себепкер дейді. Талапшыл, қатал болғаныңыз ба?
    Кішкентай кезінде талап қойдық, қарадық, қадағаладық. Колледжде оқығанда мұғалімдерінен сабақ үлгерімін сұрап отыратынмын. Тым қатал болған жоқпын, бірақ балаларды бос жүргізбедім.

    Өзіңіздің балалық шағыңызға оралайықшы. Ата-анаңыз қандай кісілер еді? Сіз қандай бала болдыңыз?
    Темір ауданы Қопа ауылында (бұрынғы «Кеңестуы») туып, өстім. Әкем Ермек Төлемісов ҚазПИ-дің көркемсурет факультетін бітірген талантты суретші болатын. Оқу бітірген соң, жолдамамен ауылға келген жас жігітті партия ішкі істер органына жұмысқа жіберді. Зейнет жасына дейін сонда қызмет етіп, кейін ұстаз болды. Анам Бибігүл көп жыл ауыл шаруашылығының есеп-қисап бөлімінде жұмыс атқарды. Өзім әулеттің тұңғыш немересі болдым. Атам Жетеш Төлемісов сол ауылдың мектеп директоры болған, ұстаздық қызмет атқарған кісі. Әжем Зоя екеуі мені бауырларына басып, Димаш сияқты сол кісілерді «папа,мама», ал әке-шешемді «аға,апа» деп атап кеткенмін. Өте ерке болдым. Еркелігімде тіпті шек жоқ. Қатты еркелегенім сонша, мектепке дейін атам сөмкемді ұстап, мектептен қайтарда сөмкемді көтеріп алып келеді. Әлдеқалай өзім баратын болсам, қолы қажалып қалады деп, портфельдің ұстайтын тұтқасын әдемі мақпалмен қаптап беретін. Тіпті мектептің асханасына қарны ашып қалады деп, бір айға ақша төлеп қойғаны есімде. Асханада кезек күту деген жоқ. Атам ауылдың қадірлісі, мен оның бетіне қарап отырған немересі болған соң ба, бәрі алақандарына салып еркелетті. Әке-шешем жұмысбасты болғанмен, өнерлі де еді. Көбісі алты ішекті гитара тартса, әкем жеті ішекті гитараны теріп тұрып тартатын. Баян да ойнады, домбыра да тартты. Бала кезде баян тартып үйренуіме осы әкемнің ықпалы көп болды. Жиын-тойда ата-анам бір-біріне қарап отырып, ән айтатын. Өкінішке қарай әкем өмірден өтіп кетті.

    Отбасында неше ағайындысыздар?
    Менен кейін Гүлайым деген сіңілім бар. Астана қаласында тұрады. Ұстаз. Одан кейін Айдын деген інім бар. Келінім Бағдат екеуі нағыз қазақы отбасының үлгісін көрсетіп отырған жандар. Өзім ерекше жақсы көрген тағы бір інім болған, 25 жасында дүниеден өтіп кетті. Жанымның жарасы болып қалса да, артында ізі бар. Соған да шүкір дейміз. Қызы өте ақылды, есті болып өсіп келеді.
    Портфелін атасына ұстатып қоятын ерке қыз бой жетті, оқуға түсті, Қанат ағамен та-нысты дегендей...
    Ауылдағы мектепті бітірген соң, Ақтөбе педагогикалық колледжіне оқуға түстім. Одан кейін Қ.Жұбанов атындағы университетте оқыдым. Қанат екеуміз сол кезде таныстық. Амангелді Сәндібаев деген композитор ағамыз басқарған «Жібек жолы» деген топ болған. Қанат сол топта ән айтатын, кейін ол топқа мен қосылдым. Екеуміз бірге сахнада ән айттық. Бірінші курстан кейін шаңырақ көтердік. Одан кейін Димаш дүниеге келді. Димаш туылғанда қатты қуанғанымыз сонша әлде бала болдық па, перзентханадан шыққанда баланы қалай ұстауды білмейміз. Басын былқ-сылқ еткізіп, тікесінен ұстап отырыппыз. Қызық көріп, бетіне күле бергенбіз ғой. Содан оқуын алаңдамай бітіріп алсын деп, атасы мен әжесі немерелерін қастарына алды. Бір үйде тұрсақ та, қырқынан шыққан бойда бөлмелеріне алып кетті.

    Келін боп түскен әулетіңіз туралы айтыңызшы. Ата – енеңіз өнеріңізді қалай қабылдады?
    Қанат үйінде жалғыз ұл. Гүлзира деген апасы, Нұргүл деген қарындасы бар. Екеуі де мұғалім. Мен жалғыз келіндерімін. Ата-енем сол өмір бойы ұстаздық қызмет атқарған кісілер. Димаш өмірге келгенде енем 47 жаста екен. Димашты бағам деп, мектептегі соңғы қоңырауын соғып, жұмыстан шығып кетті. Ол кезде ауылда тұратын. Баланы төстен айырмас үшін, атам екеуі қалаға көшті. Қазір енді Астанада, Димаштың қасында тұрады. «Өмір бойы Димаш қайда барса, сонда жүрміз» деп өздері күледі. Жақсы жерге келін боп түстім. Өте жақсы кісілер. Тұрмысқа шыққанда бар-жоғы 20 жастамын. Бала жыласа ұйқымды қимай, қиналып отырғанда енем: «қазір кішкене шыдай тұр, баланы тамақтандырып берші, сосын ұйықтайсың» деп қасымда отыратын. Баланы емізіп берген соң, өзімен бірге алып кетеді. Осы уақытқа дейін арамызда ешқандай кикілжің болмапты. «Қалай енеңмен ым-жымдарың бір» деп бәрі күледі. Өнерге, ән айтуыма еш қарсылықтары болмады. Қоғамдық жұмыс, концерт, гастроль деп сыртта жүргенде, балаларды сабаққа апарып-әкеліп, тамақтарын беріп, бар жағдайларын жасап отырады. Үйге алаңдамай, емін-еркін қызметімізді жасап жүрміз.

    Димаштың соңынан ерген бауырлары бар ғой?
    Димаштан кейін Раушан атты қызымыз Назарбаев зияткерлік мектебінде 9-класта оқиды, жасы 15-те және Әбілмансұр деген кенжеміз №32 мектеп-гимназияның 4-ші класында білім алып жүр. Жасы 10-да. Екеуі де ән салып, домбыра тартады. Димашты «көке» дейді. Әбілмансұр көкесінің ізін басып келе жатыр.

    Димаштың төлқұжат бойынша есімі «Дінмұхаммед» емес пе? Димаш өмірге келмей тұрып аян берілген дейді?
    Ол рас. Бала дүниеге келер алдында атамыздың досының әжесі түсінде «мынау ұл бала, атын «Мұхаммед» деп қойыңдар деп аян берілгенін айтады. Өзі 90-нан асқан кейуана. Сөзін жерге тастамасақ та, әкесі «Мұхаммед» пайғамбар аты, салмағы ауыр, ертең достары «Муха» деп айтуы мүмкін, алдына «Дін» сөзін қосайық. Дінмұхамедтей ұлы тұлға болсын әрі «Димаш» деп айтуға ыңғайлы»,-деді. Бәріміз бұл шешімге қуанып, мәре-сәре болғанбыз.
    2000 жылдардан бергі уақытта «Қанат және Света Айтбаевтар» деген дуэт халықтың көзайымына айналды. Қазір неге көрінбей кеттіңіздер?
    Қазақ сахнасындағы алғашқы дуэттердің бірі болдық. Алматыға жиі шақыратын. «Тамаша» ойын-сауық отауының төрінде біраз өнер көрсеттік. Барлық концертте бізді «Ақтөбеден келген» деп арнайы хабарлайтын. Танылдық, еңбегіміз еленді. Сонда да түп-тамырымыздан ажырамадық. Бұл жерде де өнерді бағалайтын халық бар, өнерді дамытуға болатын орта бар деп Ақтөбеде қалуды ұйғардық. Алдымен елге қызмет етейік деп шештік. Содан бері өзім облыстық филармонияда 20 жылға жуық қызмет етіп келемін.

    Қаншама мүмкіндіктерден бас тартып, отбасын бірінші орынға қойдыңыз ба?
    Әрине, отбасы қашан да бірінші орында. Мүмкіндіктер болды, бірақ ағайын-туыстың ортасында жүрейік деп шештік. Оған еш өкінбейміз. Өзіміз өнерге бәлендей үлес қоса алмаған шығармыз, бірақ Димаш арқылы соған үлкен салмақ беріп отырмыз деп ойлаймын. Кезінде бала-шағаны ата-енемізге қалдырып не бәрін Алматыға жетелеп алып кеткенде, дайын тұрған үй жоқ, сананы тұрмыс билеп, балаға көңіл бөлінбей, бойындағы дарыны ашылмай қалуы мүмкін еді. Қайта жылы орыннан қозғалмай, баланың тыныштығын бұзбай, дұрыс жолға бағыттап, Димаштың осындай жетістіктерге жетуіне ықпал еттік деп ойлаймын.

    «Әр істің қайыры бар» деп осындайда айтады ғой. Үміт күттірген Димашыңыз бүгінде біраз жерде танылып үлгерді. Үйден қонақ арылмай жатқан шығар?
    Шынымен бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде Димаштың жеңісіне қуанған халықты көріп отырмыз, телефонға да тыным жоқ. Димаш түгілі біздің өзімізді жер-көкке сыйғызбай мақтап жатыр. Онысына арасында қысыламын. Тым артықтау айтып жатқан сияқты. Үйге құттықтап кіріп-шығып жатқан адамдар өте көп. Халықтың бәрі тілекші екен. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева да қайта-қайта хабарласып, Димаштың жағдайын біліп отыр. Олар да қуанып жүр. Көптің тілегі қабыл болып, баламыз алыс сапардан мерейі үстем боп оралса екен деп тілейміз.
    Осы бір-екі күннің ішінде біз де газетімізге сұхбат беріңіз деп қабаттасып жатқанда, қалай бәріне уақыт тауып, үлгеріп жүрсіз?
    Ешқашан жасаған ісімізге міндет артып көрмеппіз. Қанат та сондай. Балаларды да соған тәрбиелеп келеміз. Мен деп кеуде қағып көрмеппін. Қолымнан келгенше жасаймын. Үлгермей жатқан жерімізге ағайын-туыстарымыз көмектесіп жатады. Жетістікке жетудің де, бәріне үлгерудің де кілті – осы ағайынның ауызбіршілігі.

    Өзіңіз сияқты бала-шаға тәрбиелеп, бір әулеттің отын түтетіп отырған келіндерге қандай кеңес айтасыз, олар нені ескеруі қажет?
    Айтатын кеңес біреу – оттың басындағы, ошақтың қасындағы әңгімені сыртқа шығармау. Сол кезде ешқандай қиындық болмайды. Келін боп түскен жерінің жақсысын асырып, жаманын жасырып, артық ауыз әңгімесін төркініне тасымағаны дұрыс. Бізде ондай нәрсе болып көрген жоқ. Бұйырса болашақ келіндерімнен де соны күтемін.

    Димаштың Қытайда бос уақыты жоқ шығар?
    Димаш мықты вокалистерден сабақ алып, байқаудан тыс уақытта тіл үйреніп жүр. Ол қазір оқу-іздену үстінде. Қытайдағы байқаудың әкелер пайдасы осы болмақ.

    Өкінішіңіз не, орындалмай қалған армандарыңыз бар ма?
    Негізі көп армандамайтын адаммын (күліп). Реалистпін. Қатты қиялға беріліп отыра алмаймын, қазіргі күнмен өмір сүргенді жақсы көремін. Өкініш сол, бауырым мен әкем Димаштың жетістіктерін көре алмай кетті-ау деп қоямын. Айналам аман-есен болып, балаларымның ғұмыры ұзақ болып, жақсы жетістіктерге жете берсе екен деймін. Бар арманым – осы. Негізі маған қарағанда Қанат арманшыл, екеуміздің арманымыз ортақ болған соң, соның арманына қосылып жүре беремін (күліп).
    Әңгімеңізге рахмет! Димаш жеңіспен оралсын!

    Ұқсас жаңалықтар
  • Димаш Құдайберген – жас миллионер
  • Нұрболат АБДУЛЛИН: Мен үшін қыздан гөрі, әнге ғашық болған қиын
  • Димаш – “Славянский базар-2015” конкурсының Гран-при иегері
  • Ақтөбеде кішкентай Димаш дүниеге келді
  • Әншінің әжесі: Димаш – халықтың ұлы!
  • Пікір
kerek info kerek info
Фотогалерея
Ой-өріс
Әр мамандықтың өсу кезеңі, өлу кезеңі, өшу кезеңі болады.

Мысалы, кассир мен телефонист мамандығы қысқарып қалды. Банктегі кассирлерді терминалдар ауыстырды....

Баян Сәрсембина kerek info

Керек TV
Кейіпкер
kerek info kerek info

Сауалнама

Сіз латын әрпіне көшуді қолдайсыз ба?

дауыс беру
Ауыл
Ең көп оқылған

    ^ Үстіге