Орал-Қосай Байсеңгір: “Ән туарда бошалаған түйедей кезіп кетемін”

    Ол – өнерді сүйетін, театрды аяулысындай көретін жан. Ол – актер, сазгер, шәкірт тәрбиелеген ұстаз, “Мәдениет саласының үздігі”. Ол – Ақтөбенің мәдени өміріне қалтқысыз қызмет етіп жүрген азамат. Ол – Орал-Қосай Байсеңгір.

    Аға, сұқбат беруге келіскеніңізге рахмет! Ақтөбеде Орал-Қосай Байсеңгірді танымайтын адам жоқ шығар. Дегенмен, туған жеріңізді тағы бір атап өтіңізші?
    Ақындар елі атанған Байғанин ауданында, Желтаудың етегінде Дияр деген ауылда, көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін.

    Қазір қандай қызметте, немен айналысып жүрсіз? Өнер адамдары еркіндікті қалайды ғой, дегенмен...
    Қазір Жұбанов университетінің Жастар сарайында қызмет етемін. Университетішілік, қалалық, облыстық шаралардың басы-қасында жүретінімді мен айтпасам да, жұрттың бәрі білетін болар. “Өнер-халықтікі” болған соң, оны жасыра алмаймыз ғой. Өнер адамы еркіндікті қалайтыны рас, бірақ еңбек еткен дұрыс.

    Осы жерде бір тосын сауал қояйын. Ноқтаға басыңыз сыймайтын кезіңіз болады ма?
    Адам ақыл тоқтатқаннан соң, мінезі де жұмсарады, көп нәрсеге кешіріммен қарайды екен.

    Көктемді ұнатасыз ба?
    Енді “Самарханның көк тасы” еріп жатқанда әркімнің де жаңа дүниеге жаңа көзқараспен қарап, ойға алған арман-тілегіне жетсем дейтіні бар ғой. Мен де биыл “жер аяғы кеңісе бастаймын” деп біраз шаруаны үйіп қойып отырмын.

    Сәл артқа шегініс жасап, оқу оқыған, студент болған жылдарыңызды еске алыңызшы.
    Ауылда Матайқұм орта мектебінде оқып, тәлім-тәрбие алдым. Ол кезде мектепте “оқы, оқы және оқымен” қатар “мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір”, “қой басын пәлен миллионға жеткізейік” деп жазулы тұратын. Соны көріп өскесін бе, пысық бала болдым. “...Мен жусанға інімін, Шеңгел болып кектенем, Көкпек жаққан көне үйдің Көжесімен көктегем” деп Мейірхан ақын айтқандай, кішкентайдан атқа мініп өстік. Еңбекке ерте араласпаған ауыл баласы жоқ шығар. Жоғары сыныптарды көрші Жылой ауданы Құлсарыдағы Ленин атындағы мектепте оқыдым. Ол кезде Гурьев пен Маңғышлақ облысын қосып, Атырау облысы қылған кез еді. Жыр-терме, айтыс өнеріне қатысып, жүлдегер атанып жүрдім. Кейін Ақтөбе республикалық мәдени-ағарту училищесінің режиссерлік бөліміне оқуға түстім. Содан соң Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институт жанынан ашылған театр студиясынан актер мамандығын алдым. 1995-2000 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің музыка факультетін, 2009-2011 жылдары С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің филология факультетін бітірдім.

    Еңбек жолыңызды театрдан бастадыңыз ғой?
    Дәл өзі. Қазіргі Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында актер болып бастадым. Жаңа ашылған драма театры өнерімнің шыңдалуына көп әсер етті. Ол кезде гастрольдер көп еді, әсіресе Орынбор облысына көп баратын едік. Адамау, Дамбар, Тұзтөбенің қазақтары қатты қуанатын, әртістерді үйлеріне бөліп-бөліп әкететін. Қызық күндер еді. Театрдың дені жастар болатын. Алғашқы рөлім “Қозы Көрпештен” басталған, өкінішке қарай, ол қойылымды режиссер Дихан Жәлекенов ағамыз аяқтай алмады. Содан кейін атақты Маман Байсеркеновтің шәкірті Бақытжан Шормақов Е. Әлімжановтың “Тақ.Талас” комедиясын қойды. Марқұм Мұқтар Арын театрға студенттерді бастап келетін. Мен - Дауғабай, Ерлік - Қауғабай, Қазихан - Жауғабай, Майгүл - Бақшагүл, Данила- хатшы қыз. Кейін қарап отырсам сол пьесса бізге арнап жазылғандай екен. Мағзұм Бақытжанов режиссер болған соң, “Айман-Шолпандағы” өзі 25 жыл ойнаған “Жарасын” сахнада маған шапан жауып тұрып, көрерменнің көз алдында табыстады. Көп ұзамай Т. Ахтановтың “АНТ” драмалық қойылымында Әбілқайыр ханды сомдап, сенімін ақтадым-ау деймін. Ақтөбеде ең алғаш рет студенттер театрын ашып, Мұқағалидың “Қош махаббатын” қойғанымда, жастар театрға сыймай қалып, Мағзұм ағайдың “көрермен күнде көп болып, күнде осылай есік-тереземіз сынып тұрса екен” деп тілек айтқаны бар (күліп). Сол қойылымға қатысқан біздің балалардың алды “Хабар” арнасындағы Маралбек Сағынғанов, Ақтөбедегі ақын қыз Гүлжайнар Қалдина. Қазақ “болар бала бесіктен” деп бекер айтпайды ғой.

    Қазір енді театрдан қол үзіп кеттіңіз бе?
    Өнердің қара шаңырағы театрдан әлі де қол үзу мүмкін бе?! Кезінде сол театрдың әдебиет бөлімін басқарған жылдары менің жазған хатымның негізінде, облыстық мәслихаттың шешімімен ашылған “актерлік өнер” деген факультет бар, сонда сабақ бергенмін. Шәкірттерім әр ауданда халық театрларын ашып қызмет етуде, солар үшін екі ортада екі етек боп шауып жүретін кездерім көп. Кейінгі шәкірттерім театр сахнасындағы Нұрболат Өтеғұлов, ұлттық арнадағы Дархан Рахымжан сынды талантты жастар болды. Оқуларын Т. Жүргенов өнер академиясында жалғастырғандардың бірі - Мейрамбек Шәймерденов. Ол да театрда актер. Көпшілігі енді бітіріп келеді. Бұйырса Ақтөбеге өнердің жаңа легімен бірге жаңа лебі де келер деп ойлаймын. Жүлде бермейтін Астана Жастар театрында Нұрбек Әділбек деген жас актер жарқырап көрініп жүр, Алматыда режиссерлікте оқып жатқан Мәди Қолашев та үлкен үміт күтетін түлектеріміз. Жақында ғана Мәртөк ауданында Ербек Әртіс деген шәкіртімнің Қонаевтың 105 жылдығына арналған қойылымына қатысып қайттым. Ойылда Ерболат Есенбекұлы, Батамшада Сәкен Бекетаев сынды түлектеріміз аудандық халық театрларында жемісті еңбек етуде. Өткен жылы Темір ауданы менің “Жақсылық пен жамандық” деген пьесамды сахналады, ол ауданда да театрдың алғаш ашылуы болды. Шынын айтсам, сол аудандардағы халық театрларының жағдайына жаным ашиды. “Таланттар ауылдан шығады” деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сөзін өнерге деген шын жанашырлық деп білемін.

    Өнердегі, сазгерлік өнердегі алғаш туындыңыз, әніңіз қандай еді?
    Алғашқы әнім – “Байғанин маршы” шыға сала шауып кетті. Әннің әсері мол екен, көбірек танылып қалдым. Әннің тууына себеп болған сезімдердің патшасы – сағыныш! Ән жанрында көбіне патриоттық тақырыпты қозғаймын. Жақында Ұлттық Ұлан гвардиясы менің әнімді саптық ән қылып қабылдағанын айтып бір қуантты.

    Ән туарда қандай күй кешесіз?
    Ән туарда бошалаған түйедей кезіп кетем (күліп).

    Ақтөбелік әншілердің, Димаштың орындайтын әндерінің авторы екенсіз...
    Оныңыз рас, осы ат төбеліндей Ақтөбеден шығып алашқа танылған өнерлі жандардың алғашқы әндерінің сөзін жазғаным бар. Алғаш рет Ақтөбенің атын шығарып, “Азия даусына” барған Алдаберген Жақсыбаевқа Алматыда тұратын жерлес композитор Бейбіт Оралұлымен бірігіп, телефон арқылы өлең жазғанмын. Ол кезде интернет жоқ, ол сөзі жоқ әуенді ыңылдап айтады, мен буынға бөліп, есептеймін. Кейін Амангелді Сәндібаевпен Қанат пен Светаның орындауындағы “Арайлы Ақтөбені”, Болат Борановпен Мирас пен Құралайға “Астананы” арнап жаздым. Менің жазған өлеңдерім, әндерімнің атымен концерттер болып тұрады, мысалы Жадыра Арыстанова “Ақтөбеме мың алғыс” деген атпен концерт қойды, Нұрболат Абдуллин “Біздің ауыл тамаша” деп, Димаш Құдайберген “Ұмытылмас күн” деп республиканы айналып шықты. Ұлттық нақыштағы әндерімді “Достық сазы” фольклорлық ансамблі халыққа танымал етті. Әндерімді әрлеген, өңдеген Бақытбек Зейнеловке ерекше алғыс айтамын.

    Ән көп, кім жазғанын кейде аңдамай жатамыз.
    Иә, қазір ән айтылады да, авторы айтылмайтын болды ғой, теледидарда да жылт еткізеді де жоқ қылады. Қолына лупа алып, дайындалып отырған біреу болмаса, оқып үлгермейді.

    Әндеріңізді сатасыз ба?
    Алатын адам болса айтыңызшы (күліп).

    Аға, сіздің жеке өміріңіз көп айтыла бермейді. Жарыңыздың есімі кім, неше балаңыз бар? Ұл-қыздарыңызды қалай тәрбиелейсіз?
    Бір әйел, төрт балам бар. Келіншегімнің аты – Нұргүл. Үлкен ұлымыз – Сенім Қазақ ұлттық өнер университетінің “музыкалық драма” факультетінде Асхат Маемировтің класында оқиды, Кемеңгер – семсерлесуден спорт шебері, “Кемал” жастар театрында, Сезім - гимназияда, Көзайым - бесікте. Балаларға өз әке-шешеміз үйреткендей, “жаман болады”, “ұят болады”, “обал болады”, “сауап болады” деген төрт сөзбен қазақы тәрбие беріп келеміз.

    Өзіңізді шоу бизнес өкілімін деп санайсыз ба?
    Жоқ. Бірақ менің жазған – сызғандарым арқылы шоу бизнесте жүргендер көп.

    Қазіргі қазақ әндерінің сыздап тұрған “жарасы” плагиат, көшіру...
    “Ән әнге ұқсамаса ән бола ма?!” деп Шәмші атамыз күлдіріпті ғой. Бірақ ол кісінің айтқаны “әр адам қолтаңбасынан танылып тұруы керек” деген мағынада айтқан. Мысалы Мұхит әндерінің диапазонының кеңдігі жағынан бір-біріне ұқсауы сияқты. Қазір инкубатордың балапандарындай бір-бірінен аумайтын әндер көп, ол әндердің зияны жоқ дейтіндер табылар, бірақ оның зияны сол қарапайым халықтың талғамын бұзуы. Тыңдарман нағыз саф өнерден алыстай түседі, тіпті кейін қабылдай алмауы да мүмкін. Димашты тыңдау арқылы қарапайым халық рухани байып қана қалған жоқ, елдің ықыласы таза өнерге ауа бастады. Ән деген ішіңнен шыққан соң, өзіңнің туған балаң сияқты. Ал енді плагиаттарға ақыл айтар болсам: өз балаңның біреуге ұқсауы абырой емес қой (күліп).

    Жиі армандайсыз ба?
    “Ай нұрын ұстап мінсе де, арманға тоймас адамзат” деген. Арман көп, сол арманның жетегінде жүрміз, бәрін Алла біледі.

    Жиі өкінесіз бе?
    Бәрібір өткен қайтып келмейді, есек аттай желмейді. “Өмірді қайта бастар ма едің” дегенде бір қария: “егер ата-анам тірі болса ғана” деген екен ғой.

    Марапат-атақ дегенге қалай қарайсыз? Өзіңіз де құр алақан емессіз?!
    “Мәдениет саласының үздігі” деген төсбелгім бар. Сол жарайды, тас шауып жатқан жоқпыз ғой.

    Өнер ордасы Алматыға сізді жиі шақыратын шығар?
    Алыс ауылдан Ақтөбеге әрең жеткен соң ба, Алматыны армандамаппын (күліп). Бірақ соңғы кезде Алматыдан, Астанадан жиі хабарласады. Өзім Ақтөбені қимай жүрмін.

    Әңгімеңізге рахмет, аға!

    Ұқсас жаңалықтар
  • Кеңес КЕМАЛБАЕВ: Театрға келмегенде тергеуші болар едім
  • Елтай Кемал: Қызым – менің мақтанышым
  • Нұрболат АБДУЛЛИН: Мен үшін қыздан гөрі, әнге ғашық болған қиын
  • Мақсым Меңкешев: Соңғы кездері күй шығарып жүрмін
  • Ақтөбенің қыршын кеткен әртістері
  • Пікір

    ^ Үстіге