Баян Сәрсенбина: “Журналистер сот процесінен өтуі керек”

    Ол – ширек ғасырдан бері “Жас Алашына” адал боп келе жатқан журналист. Ол 90-жылдардың басында оқу бітіріп, елдегі үлкен өзгерістердің кезінде өткір проблемаларды көтерді. Ол талай рет сотқа тартылса да, мұнысын қалыпты құбылыс деп санайды. “Сотты көрген журналист отты журналист болады” дейді. Ол – “Жас Алаш” газетінің Ақтөбедегі меншікті тілшісі, журналист Баян Сәрсенбина.

    Баян апай, сізге хабарласқанымызда “сендерге кесірім тиіп кетпей ме” деп сұқбаттан бас тартқандай болдыңыз. Қартаяйын дегеніңіз бе әлде шынымен бір нәрседен қауіптенесіз бе?
    Сендерді ойлап жатқаным ғой. Не үшін қауіптенуім керек?! Қылмыс жасап, мемлекетке қарсы әрекет етіп жатқан дәнеңеміз жоқ. Журналист болған соң, өзіңнің пікіріңді айтасың. Кейде соны дұрыс түсінбей жататындар болады.

    Сіз үнемі әлеуметтік желіде жас журналистерді сынға алып, “этикадан аттамаңдар” деп тезге салып отырасыз. Көбісі шәкірттеріңіз екен. Неге, не нәрсеге көңіліңіз толмайды?
    Ол - қалыпты процесс. Отбасыңда балаң да өзіңе қарсы шығып жатады, күйеуің де қарсы шығады. Пікір қайшылығы болуы керек, одан қоғам дамиды. Қазіргі кезде заманның ағымына қарай журналистиканың да бағыт-бағдары ауысып кетті. Журналистика ең бір қорғалмаған мамандық болып қалды. Бұрын біз оқу бітірген 90-шы жылдары жұмысымыз дайын тұратын, екі жылда үйлі болдық. Мемлекеттің қамқорлығы көп болды. Қазір ше? Журналистердің жағдайы жоқ. Бір айлық. Ақшасы барлар пайдаланғысы келеді. Фрилансер ретінде қолданғысы келеді. Қолында билігі барлар тасадан тас атып, тіпті тұқыртып жіберуге дайын. Сондай кезде журналистер күйіп кетіп жатады. Бұл – бір мәселе. Екінші мәселе – жас журналистердің шектік нормадан асып кетуі. Қоғамның желі қалай соқса, сол бағытқа қарай қисая бермей, сөзімізді жөндейік, қарым-қатынысымызды дұрыстайық деген ой ғой менікі. Жасыратын түгі жоқ, “Нұр.кз” порталының Ақтөбедегі журналисі өткенде әкімшіліктің баспасөз қызметінде жұмыс істейтін әріптесінің инстаграмдағы жалаңаш суретін жариялап жіберді. Іздегені сенсация болуы керек. Бұл енді адамның құқығына қол сұғу, этикадан аттап кетуі, жаңағы мен айтып отырған шектік нормадан асып кетуі. Гонорар қуам деп, мұндай іске барудың қажеті жоқ. Ақтөбе миллион халқы бар мегаполис емес. Бәрі бір-бірін таниды. Сенсация деген арзан дүние болып кетті.

    Негізі осы сенсация керек пе? Керек болса, қандай болуы керек?
    Өте жақсы сұрақ екен. Сенсация керек. Мысалы, әділетсіздік жасаған адамды орнына қою үшін сенсация қажет. Қызметін асыра пайдаланған, пара алған адамды әшкере етіп, қоғамға ой салу үшін сенсация қажет. Тек адамның жеке басына жазықсыз тиіп кетпесе дейсің. Қазір әлеуметтік желі сенсацияға жақсы болды ғой. Газеттен қашып, бәріміз әлеуметтік желіде отырамыз (күліп). Қарап отырсам, Еуропа елдері мұндай кезеңнен әлдеқашан өтіп кетіпті. Біз енді өтіп жатырмыз. Уақыт өте фейсбукті ақпарат алмасу үшін ғана қолданатын боламыз.

    Азаматтық журналистика дәстүрлі журналистиканы бір шетке ысырып тастады деген пікірмен келісесіз бе?
    Әр мамандықтың өсу кезеңі, өлу кезеңі, өшу кезеңі болады. Мысалы, кассир мен телефонист мамандығы қысқарып қалды. Банктегі кассирлерді терминалдар ауыстырды. Біздің журналистика да сол кезеңде тұр. Бірақ журналистер жұмыссыз қаламын деп қорықпауы керек. Жұмыссыз қалатындар кімдер? Өз-өзін дамытпаған, ізденбеген адам. Сондықтан тіл үйренсе де, журналист бәріне де дайын болуы керек. Дәстүрлі журналистика ысырылды. Газеттер оқылмайды. Бұл тенденция тек бізде ғана емес. Өткенде семинарда Белоруссиядан келген сарапшылармен сөйлестік. Айтуларынша, газеттің 30%-ы ғана қалып, қалғаны қысқарып кеткен. Ол жақта да халық жаппай әлеуметтік желілерге тіркеліп, білімді дегендері ой тастап, қалғаны акцент беріп отыр. Бізде де солай. Әрі газеттің жұмысы телевизия мен радиоға қарағанда қиын, көк бейнет қой.

    Өзіңіз ҚазҰУ-ды бітіргеннен бері “Жас Алашта” қызмет етіп келесіз. Арасында “Азаттықтың” сайтына материалдар жариялап тұрдыңыз. Бір орында ұзақ отыру журналист үшін тоқырау ма әлде тұрақтылық па? Сосын қазір “Жас Алашқа” көп жазбайсыз. Неліктен?
    Негізі 1992 жылдан бері “Жас Алашта” қызмет етіп келемін ғой. Бір кездері “Азаттықта” да істеп көрдім. Аудиториясы жақсы, бірақ жаман жері салафизм, гей мәселесінде лояльді көзқарастар болды, ол енді менің табиғатыма жат дүниелер. Қазақы түсінігім ол сайтта жұмыс істеуіме кедергі болды. Шыны керек. Ал, негізі форматы жақсы, көп нәрсе үйренуге болады. Журналистер “Азаттықтың” мектебінен өтуі керек, себебі олар біржақты қарамайды. Жалпы “Жас Алашыма” адал болып келе жатырмын (күліп). Кетем деп тұрған жерімнен, бірдеңені қимай қаламын, кете алмаймын. Төрт редактормен жұмыс істедім. Ешқайсысы осы уақытқа дейін талап қойып, “мынаны жаз” деп бұйырған емес. Шабытым келсе, бұрқыратып жазып тастаймын. Шабытым келмесе, шаруаммен жүре беремін (күліп). 2000 жылдардың басы өзі демократияның лап ете қалған кезеңі болды ғой. Біз де содан мотивация алып, өндіріп жаздық. Соңғыда Рысбек ағамның редакторлықтан кеткенін ауыр қабылдадым. Содан кейін қолым да онша жүрмей кетті. Меншікті тілші болу отбасылы әйелге ыңғайлы. Жазып жібересің де, үйіңнің шаруасымен айналыса бересің. Ақтөбеге келген жылдары облыстық газетте, “Алтын ордада” аз уақыт аялдадым. Жұбанов университетінде студенттерге сабақ бердім. Әйел адам кім болмасын, ең бірінші міндеті отбасының жағдайына қарау деп ойлаймын. Үйің шашылып жатса, балаларың аш болса, күйеуіңнің жағдайын жасамасаң, сенің тентіреп жүргенің не керек?! Әйел журналистердің күйеуі болғаны жақсы. Осыны үнемі айтамын деп, жеккөрінішті боп жүремін. Ол біріншіден, тәртіп, дисциплина. Екіншіден, сырт көз сұқтанбайды, артыңнан сөз ермейді, өзіңде айналаңа бажайлап қарап, аяғыңды аңдап басасың. Сосын журналистің бір орында ұзақ отыруы дұрыс емес деп айтады. Жан-жақты дамығаны керек. Мені талай газеттерге басшы болуға шақырды. Бірақ апыл-ғұпыл газет шығарғым келмейді. Ол үшін күндіз-түні жүруің керек. 100% сол жұмысқа берілуің керек. Газет шығару оңай емес. Үш балам бар. Кішісі биыл ғана мектепке барды. Оларды қарамасаң, дер кезінде қадағаламасаң, көштен қалып қояды.

    Ал, мына күні кеше болған үнділер мен қазақ жұмысшыларының қақтығысында тағы да ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмадық, фейк суреттер басып кетті, жалған ақпараттар таратылды. Бұл туралы не айтасыз?
    Билік тарапынан тез реакция болған жоқ. Мысалы, сол қақтығыста жалғыз Исекешов емес, неге “Нұр Отанның” жігіттері, депутаттар жүрмеді?! Мемлекеттік идеологиямыз “сәбеттік ойлаумен” қалып қойып отыр. Олар мұндай істе дайын емес екендіктерін көрсетті. Билік пен оппозиция бірігіп әрекет етпесе, елде әсіреұлтшылдар мен әсіредіншілдер үстемдік алады. Осыны астын сызып көрсетші. Сосын журналистеріміз де қиқуға қосылып, далақтап отырды. Мысалы, сіз бұрын-соңды Бирма туралы естіп көрдіңіз бе? Жоқ. Мен де білмеймін. Неліктен қантөгіс болғанына анық көзіміз жеткен жоқ.

    Осыдан он жыл бұрын сіз БАҚ бетінде аймақтағы журналистиканың проблемаларын көтеріп, біраз жазыпсыз. Журналистік мектептің жоқтығын, журналистердің ізденбейтінін айтыпсыз. Қазір не өзгерді? Алға ілгерілеушілік бар ма? Әлде жағдай сол қалпы ма?
    Өзгерді деп айта алмаймын. Алматыдан келгенде таң қалғаным бар. Жалғыз облыстық газет, облыстық телевизия. Жиналысты ғана жазады. Ізденіс жоқ. Даму жоқ. Шынымды айтсам, “шок” болдым. Жиналыстан бөлек әдеби мұра, мәдени мұра деген сияқты жақсы-жақсы, ешкім шектеу қоймайтын тақырыптар бар. Неге соларды жазбайды деп ойладым. Айтсаң “ауырып қалады”. Тағы да айтамын, пікір қайшылығы деген болуы керек. Онсыз өсу болмайды. Бір жақсысы 2000 жылдардың басында журналистика кафедрасын жақсы-жақсы буындар бітірді. Қазақстанның ақпарат кеңістігінде жүрген солар. Аяқ астынан кафедра жабылып қалды да, бәрі өз бетімен кетті. Рас, оқулықтар, жөнді методикалық құралдар болмады. Бір жағынан бұл министрліктің сылтауы ма деп ойлаймын. Себебі ҚазҰУ-ды бітірген, жақсы-жақсы оқытушылар сабақ беріп жүрді. Кандидаттық диссертацияға қорғауға аз қалғанда ол жаңа заң шығарды. Сонда да практик журналист ретінде білгенімізді үйретіп жүрдік. Егер университеттің кафедрасы әлі ашық тұрғанда жақсы орталық конвейері болар еді. Журналистика бөлімін бітірмеген бала журналист бола алмайды. Менің бір байқағаным, Ақтөбеден кетіп қалған журналистер жақсы бағыт алып кетті. Жаңа ортаға түсіп, тәжірибе жинақтап жүр. Ал, біздің мына Ақтөбеде қалып қойған балалардың арасында өзара реніш бар сияқты. Сосын өсу жоқ. Бірдеңе айтсаң, танаурап шыға келеді. Қазір ештеңе айтпаймын. Түсінгенім, әркім өз биігімен өлшейді. Сондықтан қажеті жоқ екен.

    Өзіңіз шеберлік сыныбын не курсын ашып, балаларға білгеніңізді үйреткіңіз келмей ме?
    Шынымды айтсам, балаларым деп жүріп, мән бермеппін. Күнделікті қара жұмыспен жүреміз де, ізденуге, өз бетімізбен оқуға уақыт жоқ. Ашуға болатын шығар. Бәрібір ол факультеттің білімін бере алмайды. Бізге факультет керек.

    Қазір қандай мәселелер көтеріп жүрсіз? Не жазып жүрсіз?
    Кітабымды шығарып жатырмын. Қазір соның шаруасымен жүрмін. Рысжан апам екеуміз Ақтөбенің киелі жерлеріне қатысты бұдан бұрын кітап шығарғанбыз. Енді өзімнің “Жас Алашқа” жариялаған зерттеулерімді жинақтап жүрмін. Қаржы керек. Арасында үй жинаймын, салат жабамын (күліп).

    Сұқбатыңызға рахмет!

    Ұқсас жаңалықтар
  • Сәния Қалдығұлова: “Отбасылық өмірді емес, карьераны таңдадым”
  • Сағындық Ниянқұлов: Артықтау «мінезінен» өлеңдерім жарық көрмейді
  • Асқар Ақтілеу: “Журналистер бір-бірін көре алмайды”
  • Шара Тұрмағанбетова: “Бас сатуды” үйрендім
  • Аршат Оразов: Танымал ақпараттық сайттардың жазатыны – өсек-аяң, масқара-сұмдық
  • Пікір
kerek info kerek info
Фотогалерея
Ой-өріс
ЕЛ АРДАҚТАҒАН ЕКІ ТҰЛҒА – ПҰСЫРМАН МЕН САҢЫРЫҚ
Керек TV
Кейіпкер
kerek info kerek info

Сауалнама

Сіз латын әрпіне көшуді қолдайсыз ба?

дауыс беру
Ауыл
Ең көп оқылған

    ^ Үстіге