Ақтөбелік тұрғын жердің құртын 60 млн теңгеге айналдырған

Қобда ауданы Бесқұдық ауылының тұрғыны калифорниялық құрттар арқылы жерді құнарландыруды қолға алған. 40 000 теңгеге сатып алған құрттарының бағасы қазір 60 000 000 теңгеге жеткен.

Арайлым ҚАСЫМ

@araikassym

Мұхтар Артықбай 2020 жылы COVID-19 дертіне шалдығып, ем іздейді.  Дәрі таппаған ол әупірімдеп жүріп жазылып алады.  Бірақ сол ізденісінің арқасында калифорниялық құрттармен танысады. 

— Мен ауырған кезде дәрі-дәрімек тапшы болды ғой. Өзім жазылып шыққасын youtube платформасы арқылы осы құрттардың арқасында жазылып шыққан адам туралы ролик көрдім.  Зерттей келе дернәсілдердің тек ағзаға ғана емес топыраққа да орасан пайдасы бар екенін білдім.  Сөйтіп,  өзім бұрын тұрған оңтүстік Қазақстан жағынан калифорниялық құрттарды іздедім.  Ол өзіміздің Ақтөбеде де бар екен. Бананның қорабымен 4 қорап құртты 40 000 теңгеге сатып әкеліп, 4 шаршы метр жерге салдым, - дейді ол.

Жауын құрттар 4 шаршы метр жерге төгілген көңді екі жарым ай ішінде жеп тауысып, 510 литр құнарлы органикалық затқа айналдырады.

— Алғашқы өнімді саттым.  Пайдасын көргесін  тағы да байқап көруге бел будым.  Бұл кезде тек құрттың өзінің бағасы 600 000 теңге болды.  Енді тағы да көң дайындап 40 шаршы метрге жібермекпін. Алла жазса бұл жерден құттың бағасы 60 миллионға өседі,- деді Мұхтар Артықбай. Ешкімге алақан жаймай қолындағы барын тірі ақшаға айналдыра білген шаруа адамы құрттары шығарған органикалық өнімді өз бақшасына да қолданып отыр.  Бақшасында дөңгелеп жатқан қарбызды 7 айлық немересі де жей береді екен. Үйден шыққан өнімінің ешқайсысынан баланың іші  ауырып көрмепті. Тіпті күздің күні сатып алған бау-бақша өнімдерінен ересек адамдардың өзі ішек ауруларына жиі шалдығатынын ескерсек бұл расында да керемет дүние. Бұрын дихан да, тракторшы да, бағбан да болған, бірнеше зауытта да жасаған Мұхтар Артықбай өзін осы бау-бақша саласынан тапқан.

— Өнім таза болуы керек. Артық қоспасыз, тек жерден өнген дүние пайдалы әрі сұанысқа ие болады. Көбейтіп халыққа қызмет жасасам деймін ғой.  Оның үстіне әкімдіктен де қолдау мен мүмкіндік бар. Көңді ауылдастарымыз шығарып қояды. Мен ерінбей барып тасып аламын. Қазір тек құртты көбейтіп жатырмыз. Бір түйір құрт 6 айда бір мың болады. Бір дернәсілден екіден жиырма төртке дейін құрт шығады. Дайын топырақ қара шайдың түйіріндей болады.  Бұл бау-бақшаның әліппесі,- деп сөзін қорытындылады. Жұмысын биыл бастаған Мұхтар Артықбай Өзбекстаннан оңтүстік Қазақстанға,  ол жақтан ата жұрты мекендеген Ақтөбеде облысына көшіп келген. 4 баланың әкесі кәсібін де өз қаражатымен бастаған.

 

Әлеумет
10:30, 16 сентябрь 2022
773
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив