Бұрын абақтыда отырып шыққан екеу сол күні бірге ішімдік ішкен. Ақыры екеуара дау туындап, сотталушы марқұмға қайшы тығып алады.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Мәртөк ауданы Дмитровка ауылының тұрғынына қатысты сот отырысы өтті. 59 жастағы ер адам өзінің туысын өлтіргені үшін айыпталуда. Қылмыс биыл 4 шілдеде болған. Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Айбек Шоқпаровтың сөзінше, сол күні ер адам өзінің бірге тұратын әйелімен бірге марқұмның үйіне қонаққа келген. Сотталушы Михаил бұрын ұрлық жасағаны үшін түрмеде отырып шыққан. Сотта белгілі болғандай, марқұм Александр бұрын әйелін пышақтағаны үшін істі болған. Бір ауылда тұратын ер адамдар бір –біріне құда болып келеді. Көңілді отырыс кезінде жанжал туындап, ер адам бөтелкелесінің кеуде тұсына пышақ сұғып алған. Қанды оқиға болатын күні үйде екеуінен бөлек сотталушының бірге тұратын әйелі мен марқұмның жұбайы да болыпты. Алайда ішімдік ішкен үй иесінің әйелі аулада тұрған көлікте ұйықтап қалған.
-Дастархан барысында олар түрмеде кімнің не істегендігін айтып, жанжалдасып қалды. Ақыры Михаил қайшыны оның кеудесіне сұғып алды.Бәрі жылдам болды. Марқұмның қансырап жатқанын көріп, жедел жәрдем мен полиция шақырдым. Ол сол жерде қайтыс болды. Менің көз алдымда өмірімде бірінші рет адамды өлтірді. Осы оқиғадан кейін мен бір ай ұйықтай алмадым. Марқұм да ішімдік ішкен кезде қызба мінезді болатын. Әрі адам пышақтағаны үшін түрмеде отырып келген,-дейді сотталушының бірге тұратын әйелі Людмила Ф.
26 қыркүйек күні сот Михаил Бурлайға үкім шығарды. Ол өмірінің 9 жылын енді түрмеде өткізбек.