Ақтөбе облысында жыл басынан бері 4 мемлекеттік қызметкер әдеп кодексін бұзғаны үшін жазаланды. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Расул Медетов айтты.
Жауапкершілікке тартылғандардың арасында ауыл әкімі мен басқарма басшысы да бар.
-Қарғалы ауданы, Велихов ауылдық округінің әкімі
А. Халиуллина ауыл тұрғынына дөрекілік танытып, бейәдеп сөздер айтқан. Бұл үшін ол әдеп кеңесінің шешімімен қызметіне толық сай емес деген ескерту алды. Ал облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева этикалық кодекс нормаларын бұзғаны үшін сөгіс алды. Ол
аттестация өткізу кезінде азаматша С. Жарықовамен дұрыс сөйлеспеген,-деді Расул Медетов.
Ал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Р. Әлжанов қоғам тарапынан сынға ұшырауға жол бергені үшін сөгіс алған. Бұдан бөлек Алға ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Е. Бикешке де сөгіс жарияланыпты.
Айта кетелік, өңірде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс та үш есе артқан. Бұған үш жеке тұлғаға қатысты 22 эпизодтың анықталуы себеп болып отыр. Ұлттық бюроның облыстық департамент басшысының орынбасары Камал Қабылбековтың айтуынша, ақтөбеліктер 2015-2017 жұмыс істемей тұрған компанияларды сатып алып, құрылыс басқармасына жалған құжаттарды тапсырған. Осы арқылы құрылыс жүргізуге рұқсат беретін лицензия-ларды рәсімдеп, кейін сол компанияларды басқа адамдарға сатып жіберген. Қазір бұл іс соттың қарауында.
- Жыл басынан бері департаментке 100-ден астам қылмыстық іс түсті. Оның тең жартысы тергеліп, сотқа жолданды. Оның 76 пайызы-жемқорлық деректері. Келген шығын 159 млн. теңгені құрайды. Қазір 16 адамға сот үкімі шықты,-дейді Камал Қабылбеков.
Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың арасында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері көш бастап тұр. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы, әділет департаменті, білім саласы мен ішкі істер органдарының мамандары да бар. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың арасында, әсіресе, пара беру деректері жиі кездеседі.
-2018 жылдың ақпанында Облыстық ІІД Темір аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Т.Абдуллин қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, алдау арқылы А.Таженовтен 350 мың теңге ақша алған. Ол құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасу үшін медициналық комиссиядан өткізуге, дене жаттығуы дайындығы кезінде көмектесуге уәде берген.Бұл қаржыны лауазымды тұлғаларға беретіндігін айтқан,- деді ол.
Бұдан бөлек Ақтөбе облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігері Гүлнар Садықова да сотталған. Ол 6 млн теңгеден астам мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін айыпты деп танылды. Сот үкімімен өмір бойына мемлекеттік қызметтен аластатылып, 6 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.