Жолға жауапты арнайы министрлік құрылу керек

Ел экономикасының дамуына автокөлік жолдарының үлесі зор. Халықтың әл-аухаты да тас жолға тікелей байланысты. Көлік қатынасы үзілмей, ел арасындағы асфальт тақтайдай тегіс болғанын бәрі қалайды. Бірақ қазір екі адамның басы қосылса жолдың жайын әңгіме қылады. Онда да сапасына көңіл толмайды. Қазынадан қыруар қаржы бөлініп, жыл сайын жаңа жолдар салынғанымен төселген тас ыдырап, бірер жылға жетпей жарамсыз болып жатады. Жол құрылысына қатысты осы салада қырық жылға таяу еңбек еткен ақтөбелік ардагер-жолшы Жексенбай Сабыргерей Таңатарұлын әңгіме тартқан едік.

 

 

- Сабыргерей аға, жолдың сапасына қатысты мәселені қарапайым тұрғындардан бастап, мемлекет басшысына дейін жиі айтады. Президент жақында сапасыз жолдарға байланысты облыс әкімдерінің рейтингін құруды тапсырды. Бұл бастамаға қалай қарайсыз?

 

- Аймақтағы жолдың жайынан облыс әкімдері хабардар болып отыруға міндетті. Ауыл-аудан арасындағы қатынасты білу керек. Сондықтан жол құрылысына облыс әкімдері де жауапты. Басшыларды олай бағалау да дұрыс болар. Бақылау күшейеді. Жол құрылысына қатысты мәселе тек аймақ деңгейінде емес, республика бойынша өзекті болып отыр. Бүгінде жол салу қиындап кетті. Оған бірнеше себеп бар. Құрылыс материалдары құнының қымбаттауы, оны тасымалдау мен жеткізу, екі ортада сол материалдарды қымбатына сататын делдалдар, тағы басқа да материалдық қиындықтары жетеді. Дегенмен, жол саласын мемлекеттік деңгейде үйлестіру керек. Ол үшін автокөлік министрлігін, иә болмаса агенттік қылып құру керек. Олар тек осы тас жолдың ғана мәселесімен айналыссын. Қазір автокөлік жолдарына  индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауап береді. Бұл министрлік аспанда ұшқан ұшаққа да, шойын жолдағы пойызға да қарайды. Қаптаған комитеттері бар. Бірақ жолға келгенде еш нәтиже жоқ.

 

-Бөлек агенттік, министрлік құрылғанда жолдың мәселесі түбегейлі шешіле ме? Сапасы жақсарып, шұрық-тесік асфальтымыз бітеле ме?

 

-Мәселені шешуге қатысты бір жүйе қалыптасар еді. Қызметі жөнді үйлестірілмеген саланың жұмысы алға жылжымайды. Сондықтан бөлек мекеме керек. Жол құрылысын салуға ойнатылатын тендерден бастап реттеу керек. Қазір тендерге түсетін мердігердің техникасы бар ма, жұмыс күші жете ме оны қарап жатқан ешкім жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырау мен Ақтөбенің арасындағы жолды салуға әзірбайжандық бір компания тендер ұтып алды. Олар Байғанин ауданы тұрғындарынан көлік, техника жалға алды. Тұрғындарды жұмысқа тартты. Бірақ ақшасын бермей қойды. Солар әлі ақыларын даулап жүр. Техникасы жоқ шетелдік компанияны жол құрылысына кім жолатқан? Осындай компаниялар сапалы жол салады дегенге ешкім сенбейді. Қолданыстағы заңда мердігердің материалдық, еңбек және қаржы ресурстарына ғана талап қойылған. Ол жерде техниканың қанша пайызы жеке меншік болуы керек немесе жұмысқа тартылатын мамандар сол компанияның қызметкері болуы керек деген шарт қойылмаған.

 

- Жазда төселген асфальттың көктемдегі қар суымен еріп кететінін жұрт жиі айтады. Жол құрылысын бақылайтындар бар ма? Қадағалау болған жерде сапасы жақсы болу керек қой? Бізде неге олай емес?

 

-Жолдың сапасының мықты болуы инженерлік бақылау жұмысына тікелей байланысты. Жол салғанда құрылыстың басы-қасында күні-түні «технадзор» дейміз ғой, сол жүру керек. Техникалық қадағалаушылар топырақ тапталып, тас төселгеннен бастап, асфальт жабындысының бәрін-бәрін бақылап отыруы тиіс. Кем-кетігін сол бойда құрылысшыларға түзеттіруге міндетті. Бірақ сол «технадзорлар» құрылыс басталғанда төбесін бір көрсетіп, аяқталғанда бір келетін өтірік емес. Содан қайдан сапалы жол болады? Былтыр Ақтөбеде осындай техникалық бақылаушылардың бірінің лицензиясынан айрып, биыл біреуіне айыппұл салыпты. Дұрыс істеген. Жұмысына салғырт қарағандарды жазалау керек. Өкінішке орай, техникалық қадағалау қызметі құрылыс жүрген уақытта және кепілдік кезеңінде жауапкершіліктен босатылған. Жоба аяқталған соң үш жыл ішінде сапасынан кінәрат табылып жатса, осы жұмысты бақылаған сол «технадзорларға»  да шара қолдану керек. Бірақ оған заң қолбайлау болады. Ең сорақысы тұрғын үй құрылысы саласындағы маманның жол құрылысын қадағалау құқығы бар. Екеуі екі сала. Кірпіш қалап ғимарат салу бір бөлек, жол салу бөлек. Айта берсең мәселе көп. Тек соны уақытылы шеше білу керек.

 

- Сұхбатыңыға рақмет, аға!

 

 

Әлеумет
01:00, 02 сентябрь 2022
531
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив