Ақтөбелік психолог суицидтің себебін айтты

Ақтөбелік психолог суицидтің себебін айтты

Жандос  Нұрлыбай – психоанализ бағытындағы практик-психолог. Ол - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Денсаулық және салауаттылық орталығының жетекшісі. Психологияның психоаналитика бағыты бойынша балалық шаққа саяхат жасау арқылы бар мәселенің шешімін табуға көмектеседі.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

- Психоаналитик деген кім? Психоаналитик пен психотерапевттің қандай айырмашылығы бар?

- Психоаналитик – психоанализ бағытында жұмыс істейтін маман. Бұл ғылымның негізін салушы – З.Фрейд. Психоанализ бейсананы зерттейді. Психотерапевт кеңес берумен шектелсе, психоаналитик адамның бейсанасына анализ жасап, терапиялық бағытта ем жүргізеді. Салыстырмалы түрде психоаналитика психология ғылымдарының шыңы болып есептеледі. Аптасына 1 рет психологқа барсаңыз, бұл жай ғана психологпен ақылдасып, кеңесіп жүргендігіңізді білдіреді. Ал егер аптасына 2-3 рет қабылдаудан өтсеңіз, психотерапевттің терапиялық бағытындағы кеңес алып жүргендігіңізді көрсетеді. Соңғы уақытта психотерапевт ұғымын жалпылама қолдану кеңінен белең алды. Аналитиктің қабылдауы – аптасына 5-6 рет.

- Психотерапия қалай өтеді?

- Психотерапияны өткізбес бұрын арнайы уақыт белгіленеді. Алғашқы сессия сұқбат деп аталады. Ол 90 минутқа негізделген. Одан кейінгі сессиялар 45 минуттан өтеді. Уақыт интервалы қатаң сақталуы керек. Терапияны онлайн немесе оффлайн өткізуге болады. Терапия психоанализ бағытында балалық шақты зерделеумен өтеді. Осы уақытқа дейін адам қалыптасқан тұлғасы  балалық шақтан бастау алады. Сол себептен аналитик адамды балалық шағына қайта апаруға тырысады. Сан сұрақтың жауабын сәби шақтан іздейді.

- Психоаналитик көмегіне қандай жағдайда жүгіну керек?

- Психологиялық тұрғыда адамды мазалаған қиындықтар, сұрақтар төңірегінде жүгінуге болады. Өте сирек кездесетін жағдайда дәрігердің жолдамасымен келеді. Негізінен психоаналитиктерге көптеген психологиялық кабинеттердің табалдырығын тоздырып, семинар-тренингтерден жалыққандар келіп жатады.

- Сіздің ойыңызша, не себепті жасөспірімдер жиі суицид жасайды?

- Жасөспірімдер суицидті тығырықтан шығар жол деп ойлайды. Бұған итермелейтін фактор – жасөспірімнің реакциясына ата-ананың назар аудармауы, оны түсінуге тырыспауы. Осының салдарынан жасөспірім өз әлемінде әсерлесімен бетпе-бет қалып, суицид жасауды шешеді. Өмірден кету арқылы бұл әлемді құтқарам деп ойлайды. Суицидтің себебі – ата-ана мен баланың арасындағы байланыстың әлсіреуі. Суицидтің алдын-алу үшін ата-ана мен жасөспірімнің арасында сенімді қарым-қатынас орнауы керек. Жасөспірім өз ойын ашық айта алатындай дәрежеге жетуі қажет. Жасөспірім жақындарының телефон нөмірін «анашым, әкешім, бауырым»  деп сақтауы мүмкін. Бірақ ол қаншалықты осылай айта алады? Жақындарын күнделікті осылай атап жүрген жасөспірім мен жай ғана жазып қойып, ішкі әлемінде, қиялында атап жүрген жасөспірімнің айырмашылығы жер мен көктей. Балаңыздың ортасын құрметтеңіз. Достарын құрметтеу арқылы балаңыздың пікірімен, талғамымен келісетініңізді көрсетесіз. Алғаш суицидтік ойлар мазалаған сәтте жора-жолдастарына осы тұрғыда ойын жеткізген жағдайда, ата-анасы мұны естіп, алдын-алуға мүмкіндік алады. Жасөспірімнің әлеуметтік желідегі суреттеріне, қандай ақпаратты жиі іздейтініне мән беру керек. Егер жасөспірім әлеуметтік желісіндегі аватарына өз суретін қоймаса, өзін әлі толық тұлға ретінде санамайтынын білдіруі мүмкін. Түрлі актер-актрисалардың суреттерін қою баланың өзін қабылдай алмай жатқандығынан хабар береді.

- Қазіргі таңда адамдар телефонға, әлеуметтік желіге тәуелді болып барады. Бұған не себеп?

- Мамандар түрлі дәрежеде себебін айтады. Өз тарапымнан айтарым, ең негізгі себеп – жоспарланбаған бос уақыт. Адамдар әлеуметтік желіге түрлі ракурстағы сәтті шыққан суреттерді салады. Оны көрген желіні пайдаланушы өзін құнсыздандырып алуы мүмкін. Әлеуметтік желіге тәуелділік адамды құлдырауға (регрессияға) әкелуі мүмкін. Ата-ана баласының жанында жиі болмаса, бұл қарым-қатынастың орнын телефон басуы мүмкін.

- Баланы қорқытып тәрбиелеу оның психикасына қалай әсер етеді?

- Баланы қорқытып тәрбиелеудің ақыры келешекте өз ойын еркін айта алмайтын тұлғаның қалыптасуына әкеліп соғады. Бала өзінің жеке шекарасын қорғай алмайтын, батыл шешім қабылдауға қауқары жетпейтін, қандай да бір істе бастамашыл бола алмайтын адам болып қалыптасады. Жұдырық жұмсамай ақылмен шешу керек. Әр бала өз ойын дұрыс я бұрыс болсын, еркін, ашық жеткізе алуы керек. Олардың арасындағы эмоционалдық байланыс үзілмей тұрғанда ата-ана баласы үшін «Түкірігі − түйме алтын, қақырығы − қайма алтын», яғни идеал тұлғалар болып көрінеді. Ата-ананың әр айтқан сөзі, әдеттері мен әрекеті балаға үлгі екенін ұмытпаған абзал. Бала ата-ананы тыңдамай, жеке шекарасын қалыптастыра бастаса, бұған ашуланудың қажеті жоқ. Ол есейіп келеді. Оған түсіністікпен қарау керек.

- Соңғы уақытта кез келген жастағы адамдар ойынқұмарлыққа салынып барады. Мұнымен қалай күресуге болады?

- Бұл - қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Құмарлық – ләззат алу. Жеке анализде балалық шаққа саяхаттау арқылы сол кездегі құмарыңыз қанбай қалған сәтті іздейміз. Психоаналитиктің көмегімен бұл мәселені шешуге болады. Мұндай жағдайда ойынқұмар адам ғана кінәлі емес. Отбасы мүшелерінің де жауапкершілігін ұмытпау керек. Бәлкім, отбасы мүшелері бейсаналы түрде ықпал еткен шығар. Әдетте ойынқұмарлықтан арылу үшін кешенді ем қолданылады. Отбасы мүшелері де қатысады.

- «Психологтың өзіне психолог керек» деген пікірмен келісесіз бе?

- Әрине, келісемін. Кез келген психоаналитиктің жеке анализі болуы керек. Бұл психологты эмоциялық күйзелістен сақтайды. Психолог көмегіне жүгінген жанмен шекарасын реттеуге көмектеседі. Психолог нейтралды позицияда болуы керек. Жеке анализбен қатар топтық терапияда, супервизияда болуы абзал. Супервизия – психологтардың тәжірибе алмасу алаңы.

- Қазіргі таңда екінің бірі психологиялық тренингтер өткізіп жүр. «Аңқау елге арамза молда» демекші, қоғамда осындай тренингтерді кімнің өткізетініне қарамастан қатысушылар саны көбейіп барады. Нәтижесінде, адамдар әр түрлі кеңестерді тыңдап, дұрыс жол таба алмай жүр. Бұған көзқарасыңыз қандай?

- Психологиялық тренингтерге сұраныстың артуына оң баға беруге болады. Бұл халықтың психологиялық сауатының артуын көрсетеді. Өз қалтасын ойлап, пайдасыз білім беретіндердің көбейіп кеткенін айтпай кетуге болмас. Бұл халықтың романтик көңіл-күйін білдіреді. Адамдардың сиқырлы таяқшамен бір демде бәріне қол жеткіземін деген сенімін пайдаланады. Түрлі тренингтер, марафондар бір сәттік әсер сыйлағанымен нәтижесі ұзаққа бармайды. Ақпарат кеңістігінде осындай құлақтандырулар көбейіп жатқандықтан пайдасыз тренинг өткізетіндердің көп ұзамай азаятынына сенемін.

- Әдетте адамдар қандай мәселемен жиі келеді?

- Әркімге өз мәселесі өзекті. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде демекші, ойға алған мәселенің бәрі шешілмес түйіндей көрінеді. Аналитиктер барынша түсіністікпен қарап, сол мәселені шешуге тырысамыз. Дей тұрғанмен, ең бастысы ата-ана мен баланың, ерлі-зайыптының, анасы мен қызының қарым-қатынасы. Қоғамдағы өзекті мәселелердің бәрі осы қарым-қатынаспен байланысты.

Кейіпкер
10:00, 02 июнь 2022
1 010
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив