«Ауылдың қарапайым мұғалімімін»


Айдана Кушкумбаева – Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданының тумасы. Талдысай ауылындағы Талдысай ЖОБМ-інде 11 жыл бойы мұғалім болып қызмет етіп келеді. Өз мамандығына шексіз ғашық. Инстаграм желісінде сабақ берудегі қызықты идеялармен, оқыту процесімен бөлісіп отырады. Жас мамандарға ұстаздық жолында мотивация беріп, мұғалім блогын жүргізеді.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

- Ауыл мұғалімі мен қала мұғалімінің арасында қандай айырмашылық бар?

- Қаланың мұғалімдері - заманауи. Оларға интернет, жаңа технология, сабаққа керекті көрнекілік құралдар, бәрі де қолжетімді. Бұрын ауылдағы мектептерде ғаламтор жоқ еді. Қазір ауыл мектебінде ғаламтор да, интерактивті тақта да, компьютер де бар. Ауыл мұғалімдерінің бос уақыты бола бермейді. Қала мұғалімдері таңертең мектепке кіргеннен кешке бір-ақ шығады. Бос уақытында оқып-іздене алады. Ал ауылда қолымыз қалт етсе, қайнаған ауыл тіршілігі күтіп тұрады. Қорадағы малды күту, от жағу сияқты тірліктерді бірыңғайлап та үлгереміз.

- Мұғалім болуды өзіңіз шештіңіз бе?

- Мұғалім болуды армандамадым, бірақ бала кезімде мұғалім болып ойнайтынмын. Құрбыммен бірге өзімізден кішкентай балаларға сабақ беріп, газеттерден кітап жасап беретінбіз. Тіпті, «Ыбырай Алтынсарин мектебі» деп ақ плакатқа жазып қойғанмын. Сабақ беруді қайдан білейін? «Оқушыларыма» жақсы оқығаны үшін дәптердің бетіне мақтау қағазын жазып беретінмін. Қанша жерден мұғалім болмаймын десем де, өмір мені осы салаға әкелді. Дегенмен қазір өз мамандығымды қатты жақсы көремін.

- Бұл мамандық несімен ұнайды?

- Мұғалімдік – әмбебап мамандық. Олар сабақ беруден басқа қоғамдық іс-шараларға қатысып, өзін жан-жақты дамытып отырады. Кез келген мамандықтан хабары бар. Маған мамандықтың қызу тіршілігі ұнайды. Мұғалім үнемі қозғалыста, дамуда болады. Сабағын беріп болып қоғамдық іс-шараларға араласады, оқушылармен жеке жұмыс жасайды. Үнемі курстарға қатысып, таным көкжиегін кеңейтеді. Зейнетке шыққанша оқумен шұғылданады. Әсіресе, жас мамандар үшін мұғалімдік қайнап жатқан қызу мамандықтың бірі. Өзім жас маман болғанымда «Еріктілер клубында» қызмет еттім. Оқушылармен бірге ауыл қарттарына көмектесіп, қыстыгүні су тасып беру, қар аршу сияқты шаруаларына қолғабыс еттік. Ауыл жастарымен қайырымдылық концерттерін ұйымдастырдық. Түскен қаражатты ауыр дертке шалдыққан балаға немесе аз қамтылған отбасыға бердік.

Мектепте әр мерекеде концерт ұйымдастырылып, дайындық жұмыстары қызу жүріп жатады. Көптен мереке болмай, концерт өткізілмей қалса, мерекелік көңіл-күйді аңсап, жастармен бірге акция, іс-шаралар өткізуге кірісеміз.

- Бір сәтке мұғалімдіктен жалыққан кезіңіз болды ма?

- Әрине, ондай сәттер болып тұрады. Менің жетекшілік ететін сыныбым бар. Жасөспірім шақты өткізіп жүрген оқушылар болғандықтан жұмыс істеу қиындық келтіріп жатады. Мінездері де, көзқарастары да әр түрлі.

- Жас маман болғаныңызда қандай қиындықтар кездесті?

- Колледждегі тәмамдаған мамандығым аудармашы болғандықтан сабақ берудегі әдіс-тәсілдерді білмейтін едім. Мектепке келгенімде 20 жылдық тәжірибесі бар ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Светлана Степановна көп көмектесті. Оның сабағына қатысып, сабақ берудегі әдіс-тәсілдерін меңгеруге тырыстым. Қазіргі таңда менің ашық сабағыма қатысқан мұғалімдер Светлана апайдың сабақ берудегі «стильін» байқап қалады.

- Сабақ беруде қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыз?

- Сабақ беру процесінде ойындар ойнатуды көп қолданамын. Бір артықшылығы, балалар жалықпайды. Сабақтан жалыққан баланың оқуға ниеті болмайды. Сол себепті оларды сабақ бойы отырғызып қоймай, белсенділіктерін арттырып, қимыл-қозғалысты көбейтіп, ән айту, сергіту сәтін ұйымдастырамын. Ал жоғары сынып оқушыларының арасында сұқбаттасу тәсілін қолданамын.

- Қазіргі білім жүйесінде не нәрсеге көңіліңіз толмайды?

- Қағазбастылыққа көңілім толмайды. Артық қағазды көп жазамыз. Соның орнына өз сабағына дайындалса, керемет болар еді. Мұғалімдер қағаз жазумен уақытының көп бөлігін өткізіп алады.

- Неден мотивация аласыз?

- Мұғалім блогерлерден мотивация аламын. Оның ішінде қазақстандық та, шетелдік те мұғалімдер бар. Әсіресе, шетелдегі мұғалімдердің сабақ беру тәсіліне қызығып, мен де сол әдістерді қолдануға тырысамын. Оқушыларымнан мотивация аламын. Бастауыш сынып оқушылары сабаққа белсене қатысқан сайын мен де сабаққа өте жақсы дайындалып барамын. Олардың көздеріндегі отты көріп, өзімнің дұрыс жолда келе жатқаныма қуанып қаламын.

- Не себепті оқушылардың көп бөлігі ағылшын тілін қосымша оқу орындарында үйренуді дұрыс деп санайды? Сонда мектепте оқушыларға ағылшын тілін өте жақсы деңгейде меңгеріп шығуға не кедергі?

- Қалада жұмыс істейтін әріптестерімнен естіп-білуімше, мектепте оқушы көп. Отыз баланы екі топқа бөлгеннің өзінде он бес баладан болады. Менің ойымша, мұғалім уақыттың тығыздығынан топтағы барлық оқушыға бірдей көңіл бөле алмайды. Мұғалім тақырыпты жалпы сыныпқа түсіндіреді. Тақырыпты түсінбей қалатын оқушылар да болады. Кейбір мұғалімдер қосымша сабақ өткізетін шығар. Ал ендібірінің уақыты болмайды. Сондықтан ата-аналар балаларын қосымша оқу орнына береді. Ал мен сабақ беретін сыныптарда бір топта кем дегенде 7-8, бастауыш сыныпта 5 оқушыға дейін барады. Барлық оқушыға көңіл бөле аламын. Мен 16 оқушыдан құралған бір сыныпқа беремін. Олармен жұмыс істеу қиындық тудырады. Себебі оларға белсенді әдіс-тәсілдерді пайдаланып сабақ берсем, сынып шулап кетеді. Топта неғұрлым оқушы аз болған сайын олардың тақырыпты меңгеру деңгейі арта түседі.

Екінші себеп – мұғалімнің әдіс-тәсілі. Мұғалім оқушыны қызықтыра алуы керек. Ал оқушы сабаққа белсене араласса, әрине, тақырыпты меңгеріп шығады.

- Қазіргі таңда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын бітіргендер көп-ақ. Бірақ неге әлі күнге дейін мектептерде (әсіресе, ауыл мектебінде) осы пән бойынша мұғалім аз?

- Қазіргі жастар мұғалім болғысы келмейді. Мамандықтың қиындығынан қашады. Сонымен қатар қазір мұғалімдерге талап қатал. Аттестациядан өту, тест тапсыру қиындап кетті. Жастар ауылда жұмыс істегісі келмейді. Қалада жұмыс істегенді жақсы көреді. Оқу орнын бітірген соң жеке орталық ашып, репетитор болып жұмыс істейді. Оларға осы жол ыңғайлы. Бар назарын оқушыға аударып, қағазбастылыққа салынбайды.

- Бүгінде ағылшын тілі 1 сыныптан бастап оқытылады. Әлі қазақша әріп танып үлгермеген балаға ағылшын тілін үйрену қиын емес пе?

- Әрине, қиын. Бірақ бірінші сынып оқушылары ағылшын әліпбиінен бұрын сөздерді естіп, айтуды үйренеді. Жаңа сөздерді ойын, ән арқылы жаттап алады. Иә, бұрын ағылшын тілі 5 сыныптан бастап оқытылатын. Ол кезде 5 сынып оқушысы жаңа сөздерді тез жаттап алады. Олардың есте сақтау қабілеті жоғары. Әріптерді үйрене сала жүргізіп оқып кетеді. Ал 1 сыныптың оқушысы әліпбимен танысса да бірден оқып кете алмайды.

Сұқбатыңызға рақмет!

Қоғам
16:40, 16 май 2022
3 577
2
Комментарии (2)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
  1. kerekadmin
    kerekadmin Администраторы 16 мая 2022 16:55

    Комментарий

    kerekadmin,

    комментарий 2

    1. kerekadmin
      kerekadmin Администраторы 16 мая 2022 16:55

      комментарий