Жеңістің 80 жылдығына ардагерлерге құрметтелді
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесінің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Ел тыныштығы мен бейбіт өмір жолында тер төккен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, жас қызметкерлерге патриоттық тәрбие берудің маңыздылығы айтылды.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Қызмет жолын антпен бастаған жас мамандар
Мерекелік шара аясында ішкі істер органдарына жаңадан қабылданған 15 жас маман қызметтік ант қабылдады. Салтанатты рәсімде олар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Отан мен халық алдындағы азаматтық борышын адал атқаруға уәде берді.
– Бұл рәсім – әрбір қызметкердің кәсіби өміріндегі маңызды кезең. Олар енді заң мен тәртіпті сақтау жолында абыроймен еңбек етуі тиіс. Бүгінгі салтанат жас буынға үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы арқылы елге, халыққа қызмет ету – абыройлы миссия екенін сезінулері керек, – деді департаменттің тәрбие және кадр бөлімшесінің бастығы, әділет подполковнигі Сабыржан Нұртазин.
Марапатқа ие болған үздіктер
Іс-шара барысында ҚАЖ департаментінің бірқатар қызметкерлері Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен марапатталды. 15 қызметкерге мінсіз қызметі үшін төсбелгі табысталса, тағы 10-ы кезекті және алғашқы арнайы атақтарына ие болды. Бұл – олардың ерен еңбегі мен жауапты қызметіне берілген жоғары баға. Барлығы 50-ге жуық қызметкер сапқа тұрғызылып, олардың арасында марапат алғандар мен ант қабылдағандар болды. Жалпы, облыстық ҚАЖ жүйесінде бүгінде 350-ге жуық аттестацияланған офицерлік құрам жұмыс істейді.
Ардагерлерге – құрмет, жастарға – үлгі
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген салтанатты шараның тағы бір мақсаты – ардагерлерге құрмет көрсету, олардың еңбегін жас буынға үлгі ету. Қазіргі таңда облыстық ҚАЖ департаментінде 400-ге жуық ардагер тіркелген. Олардың 256-сы – ресми тіркеуде. Еңбек майданында болған екі тыл ардагері мен Ауған соғысына қатысқан екі жауынгер – бүгінгі іс-шараның құрметті қонақтары болды. Оларға Ардагерлер кеңесінің атынан 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Ардагерлер қоғамының төрағасы Сақыткерей Баймағанбетов бұл шараның маңыздылығына тоқталды:
– Жыл өткен сайын ардагерлер қатары сиреп келеді. Бұрын еңбек майданында болған 18 ардагер, ал Ұлы Отан соғысына қатысқан 6 жауынгеріміз бар еді. Қазір, міне, олардың ішінде тек төртеуі қалды. Сол аз ғана қарттарымызға деген құрмет – баршамыздың азаматтық парызымыз. Жастарға олардың ерлігі мен еңбегі жайлы айту – рухани тәрбие берудің ең тиімді жолы, – деді ардагер.
Тарихты жаңғыртқан музей және мұрағат
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінде ардагерлердің өмір жолын насихаттайтын арнайы музей жұмыс істейді. Мұнда ішкі істер саласында еңбек еткен азаматтардың естеліктері, фотосуреттері, марапаттары мен құжаттары жинақталған. Бұл – кейінгі толқынға берілер мол рухани мұра.
– Біз музей жұмысын жандандырып, жас қызметкерлерді жиі алып келеміз. Онда ардагерлер жас буынмен кездесіп, өз өмір жолы мен қызметтік тәжірибелерімен бөліседі. Бұл – жас қызметкерлерге елге қызмет ету жауапкершілігін терең сезінуге, өмірлік ұстанымын қалыптастыруға үлкен сеп, – деді Сабыржан Нұртазин.
Жаңа буынға – рух, серпін, сенім
Ардагерлер мен жас қызметкерлер арасындағы рухани байланыс – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. ҚАЖ жүйесінде ұйымдастырылатын мұндай мерекелік және тәрбиелік іс-шаралар жас мамандардың бойында патриоттық рухты көтеріп, елге адал қызмет ету жолындағы сенім мен серпін береді. Бүгінгі шара – тек құрмет емес, ел ішіндегі тыныштық пен әділеттілікті сақтайтын мамандарды тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам. Ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту арқылы, біз келешекке берік іргетас қалаймыз.