Әскери рухтағы дода

 Әскерлер мен курсанттар арасында турнир өтті. Ақтөбеде сарбаздар мен курсанттар өзара сынға түсті.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

«Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ қала жастарының бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында «Айбынды әскер – Тәуелсіз елдің тірегі» атты әскери-патриоттық шара ұйымдастырды.

Шараның басты мақсаты – жастарды отансүйгіштікке баулу, әскери қызметке деген қызығушылық пен құрметті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, елжанды, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар, жастарды жүйелі түрде дене шынықтыру мен спортқа тарту арқылы құқықбұзушылықтың, лудомания мен буллингтің алдын алу көзделді. Турнир ҚР Қорғаныс министрлігінің «30238 әскери бөлімі» базасында өтті. Жарысқа Ақтөбе қаласының белсенді жастары мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Барлығы бес команда бақ сынады.

— Әскери-патриоттық сайысымыз Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Мақсатымыз – жастардың спорттық шараларға белсенді қатысуына ықпал ету. Уақыттарын тиімді пайдаланып, жаман әдеттерден аулақ болуына жол ашу. Сайысқа ҚР Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімі, ҚР ҚМ 30238 әскери бөлімі, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, ҚР ҚМ әскери техникалық мектебі және Ақтөбе қаласының полиция басқармасынан командалар қатысты. Жарыс бес кезеңнен тұрды: белтемірге тартылу, 100 метрге жүгіру, жерден көтерілу, пресс, әскери эстафета және арқан тарту, – деді жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Мұхтарұлы. Спорттық шараға қатысушылар дайындықтарының жоғары екенін көрсетті.

— Эстафетаға екі апта дайындалдық. Белтемірге тартылу мен пресс бойынша сынға түсеміз. Белтемірге тартылуда уақыт өлшенбейді, ең бастысы – жаттығуды таза орындау. Ал жерден көтерілу жаттығуына уақыт беріледі. Мұндай спорттық шаралар жастар үшін пайдалы. Уақытымызды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл – бізден кейінгі жастарға үлгі, – дейді ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының І курс курсанты Бауыржан  Мейіржан Дидарұлы.

 Жарысқа келгендердің бірі – Ақтөбе қаласы полиция басқармасының жедел криминалистика бөлімінің лейтенанты Айдын Қожагелдин:

— 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған бұл сайыс нағыз ер азаматтарға арналған. Намысты қолдан бермей, барымызды саламыз. Қазір жедел криминалистика бөлімінде қызмет етемін. Бір жыл ішінде мол тәжірибе жинадым. Арнайы оқу орнын бітіріп келген соң, жұмысқа бейімделу қиынға соққан жоқ. Күн сайын тәуліктік кезекшілікке түсіп, азаматтармен қалай тіл табысу керек, оқиға болған жерді тексеру тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарынан өтеміз. Кезекшілік барысында түрлі ауыр қылмыстарға, дене жарақатына, ұрлыққа байланысты оқиғаларға барып, жұмыс жүргіземіз,- дейді.

 Жарыс қорытындысында шапшаңдығы мен ұйымшылдығы жоғары командалар, сондай-ақ үздік қатысушылар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Жекелеген қатысушылар «Темір білек», «Желаяқ жауынгер», «Қарулы қыран» сынды номинациялармен марапатталды. Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіріп, болашақта да ел қорғаны болар азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған осындай іс-шаралардың жалғасатынын жеткізді.

Қоғам
14:50, 08 май 2025
59
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив