Қой кезектегі құттықтау
Шалқар ауданындағы Қаратоғай ауылы әйелдері ер азаматтарын мерекемен ерекше құттықтап, тосынсый жасады.
Назгүл ӘБЕТОВА
@abetovanazgul
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Шалқар ауданының Қаратоғай ауылы әйелдері ер азаматтарын ерекше құттықтады. Мал жайылып жүрген жерге құрт-май, шұбат, ыстық тағам толы себет көтеріп барған. Олар қой кезекке шыққан жұбайларына жайылған дастарқан мен жылы лебіз сыйлап, қуанышқа бөледі. Бұндай тосынсыйды күтпеген жолдастары аң-таң.
- Қой кезекке келген жұбайларын көріп, ерлері риза болды. Әйелдерінің апарған тағамынан дәм татып, шын жүректен шыққан құттықтауларын тыңдап, өздерін нағыз батырдай сезінді,-дейді Шетырғыз ауылдық округінің әкімі Жанна Абденова.
Округ әкімінің айтуынша, Отан қорғау тек қару ұстап, шекара күзету ғана емес, елдің игілігі үшін еңбек ету. Қой бағып, малдың бабын жасап жүрген ерлердің еңбегі орасан зор. Мұндай идеяны ауыл әйелдері “Аналар кеңесімен” бірігіп ойластырған. Ерекше құттықтаудың бас-қасында ауыл әкімі өзі жүрді. Естен кетпес әдемі сәттің куәсі болды. Бейнетаспаға да өзі түсірген. Айта кетейік, қой кезекке барған ер азаматын құттықтауға 5 әйел қатысты. Бүгінде Қаратоғай ауылында 460 тұрғын бар.