Салтанатты шара өтті
Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығының ғимаратында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Еркежан СЕРІК
kerekinfoaktobe@gmail.com
Мереке Қазақстан Республикасының туын сахнаға алып шығудан басталды.Содан соң Қазақ камералық хоры мен облыстық филармония солистерінен құралған оркестрдің сүйемелдеуімен Әнұран орындалды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров ардагерлер мен қызметтегі әскери қызметшілерді құттықтады. Өз сөзінде ол бұл мерекенің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Отан қорғаушылар күні – өз борышын адал атқарып, еліміздің бейбітшілігі мен тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарға деген құрметтің анық белгісі екенін айтты. Өңір басшысы Асхат Шахаров биылғы жылды тарихи жадыны жаңғырту және отаншылдық рухты биіктету жылы екендігін және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуы секілді атаулы даталардың тұспа-тұс келгендігін ерекше атап өтті. Ол Әлия есімі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әскери борышты өтеу Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрініс табатынын атап өтті. Халыққа қалтқысыз қызмет ету – әрбір адал азаматтың перзенттік парызы, – деді Асхат Шахаров.
Сонымен қатарол ақтөбеліктер әрқашан өз жауынгерлерін мақтан тұтатынын, олар әкелердің ерлік жолын жалғап, азаматтық борышын абыроймен атқарып жүргенін тілге тиек етті. Облыс әкімі өз сөзінің соңында жастар үшін әскери қызметтің маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, жыл сайын мыңдаған ақтөбелік бозбала еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтып, халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып, қызмет етуге аттанады. Шараның ресми бөлімінен кейін сахнада айбынды әскеріміздің әлеуеті көрсетілді. ҚР Ұлттық ұланының 6655, ҚР Қорғаныс министрлігі 30 238, ҚР ТЖМ Көкұлы Есет батыр атындағы 20982 және 20709 әскери бөлімдері, ҚР ҰҚК Шекара қызметі саппен жүріп өтті. Ал патриоттық рухтағы концерттік бағдарлама көрермендерге жағымды әсер сыйлады.