"Жастар ересектерге қарағанда кітапты көп оқиды"

 

- Кітапхана саласына қалай келдіңіз?

2010 жылы Ақтөбе гуманитарлық колледжіне грантқа түстім. Бұл мамандыққа түскеніме ешқашан өкінген емеспін. Жинаған ұпайым «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығына жетіп түрса да, отбасымның қалауымен кітапханаға түстім. Себебі кітапханашы парасатты жанға лайықты мамандық. Бұл мамандық түптің-түбінде педагогикаға әкеледі дегенді естігенмін. Қазір осыған көзім жетті. 2013 жылы осы мамандықты қызыл дипломмен тәмамдап, С.Бәйішев Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына жұмысқа орналастым. Кітапхана мені іс-тәжірибеден өткізбей, бірден абонемент бөліміне жұмысқа орналастырды. 18 жасымда білгенімнен білмегенім көп еді. Ерекше үлгі тұтатын ұстазым - Рысжан Қарағұлова. Қазір ол арнаулы зағип жандарға арналған кітапханада қызмет етіп жүр. Ол маған адамдармен қалай тіл табысу керегін, сұқбаттасу өнерін, оқырманмен тиімді байланыс жасауды үйретті. Алғашында тұйық болдым. Мәдени іс-шаралар өткізіп, жұмыс орнына бейімделген соң өзімді шыңдай түстім. Алғаш рет Ш.Айтматов туралы шара өткіздім. Шара мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуымен өтті. Шынымды айтсам, жас маман болғандықтан қиынға соқты. Аяққа тұрып кеткен соң жоғарғы білімді Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде осы мамандықтың бакалаврын тәмамдадым. Қазір жоғары санатты кітапханашымын. Қазіргі таңда коворкинг бөлімінің жетекшісі болып жұмыс істеп жатырмын. Бұрын абонемент бөлімінде 9 жыл жұмыс жасадым.

- Кітапханашы деген кім? Ол немен айналысады?

Кейбір адамдар кітапханашы мамандығын оп-оңай жұмыс деп ойлайды. Колледжге оқып жүргенде «бұл мамандықта оқудың керегі жоқ. Кітапты ұсынып, оны тіркеуді де оқи ма?» деген пікірді жиі еститінмін. Мен сонда: «осы мамандықтың құндылығын әлі-ақ дәлелдеймін» деп сөз бергенмін. Кітапханашы кітап берумен шектелмейді. Ол сауатты, әрі қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарды  меңгерген көкірегі ояу, көзі ашық жан болуы керек. Кітапханашы үшін басты қасиеттер – адамгершілік, инабаттылық, парасаттылық.

- Кітапханаға көбіне кімдер, қанша жастағы адамдар келеді?

Кітапханаға әр түрлі жастағы оқырмандар келеді. Олардың қатарында жастар да бар. Абономент бөлімінде бұрын қызметте болдым. Бұл бөлімге жастар, үлкендер, кішкентай балалар жиі келеді. Кітапханашылар 10:00-19:00 дейін қызмет көрсетеді. Сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істейді. Кітапты 15 күнге үйге алуға немесе коворкинг, оқу залы бөлімдерінде оқуға болады.

- Қандай кітаптар сұранысқа ие?

Мотивациялық, психологиялық кітаптарға сұраныс жоғары. Ондай кітаптардан гөрі ұлы жазушылардың, философтардың кітаптарын оқыған жөн деген пікірдемін. Зейнеткерлер детектив, шетел әдебиетін сүйіп оқиды. Әл-Фараби трактаттары, Абай атамыздың қара сөздері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Ғарифолла Есімнің жинақтары, Әл-Машанидің ғылыми еңбектері – нағыз алтын қордың кітаптары. Жастар жас жазушылардың ішінен Бейбіт Сарыбайдың еңбектері, Қанағат Әбілқайырдың кітаптарын сүйіп оқиды. Маған жазушылардың ішінен Бейбіт Сарыбай, ақындардан Қалқаман Сарин, Бауыржан Қарағызұлының шығармашылығы қатты ұнайды. Олар жаңа буын өкілі болса да, сұранысқа ие.

- «Жастар кітап оқымайды» деген пікірмен келісесіз бе? Неге?

Бұл пікірмен келіспеймін. Жастардың кітапқа қызығушылығы жоғары деңгейде. Кітапханада отыратын уақыты болмаса, смартфоннан QR кодты сканерлеу арқылы кітап оқи алады. Жерлес жазушылардың, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай таңдалған кітаптардың QR форматы бар. Жастар ересектерге қарағанда кітапты көп оқиды. Бекмырза Бекжан есімді кітапхананың тұрақты оқырманы бар. 4 класта оқыса да Абай атамыздың қара сөздерін, Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романын құшақтап оқып жүрді. Кішкентайлығына қарап, қалай түсінетіндігін сұрағанымда: «Түсінбесем де кітапқа қызығып, оқып жүрмін» деген еді. Бала болса да, таудай талабына қуанып қалдым.

- Кітапқұмарларды көбейту жолында кітапханашылардың рөлі қандай деңгейде?

Әр кітапханашының басты міндеті – қоғамда кітап оқуды насихаттау. Филолог, журналист ретінде жастардың саналы, білімді болуына септігімді тигізіп жүрмін. Олардың рухани жан дүниесін байытып, поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыруға тырысамын. Түрлі поэзия кештерін, байқауларды, шеберлік сабақтарын өткіземіз. Кітапханада мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын «Руханият» клубы, ерекше балаларға арналған «Ғажап» орталығы бар. «Ғажап» орталығына «30 қайырымды іс» акциясына ат салыстық.

Жазушы қауыммен кітапхананың байланысы қалай?

Кітапхана – рухани орда. Бұл ортаны ақын-жазушыларсыз елестету мүмкін емес. Өлкетану бөлімі жерлес қаламгерлермен үнемі байланыста болады. Абонемент бөлімі республикалық көлемде ақын-жазушыларды насихаттайды. «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай «Book party» кеші өтті. Шараның мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Құрметті қонақтардың алғы сөзімен басталған кеш ән, би, күй арқылы жалғасын тапты.

Сіз кітапхана саласында ғана емес, журналистикада көрініп жүрсіз. Осы салада қандай жетістіктерге жеттіңіз?

2018 жылы Асқар Ақтілеудің «Тілші» медиа курсын оқыдым. Ол кісімен әлі күнге дейін байланысты үзбедім. Қазіргі таңда өзімді азаматтық журналистика жағынан сынап жүрмін. Осы уақытқа дейін 200-ден аса мақала жаздым. Алғашында мақала жазу қиынға соқты. Мақаланы сауатты жазуыма кітапты көп оқуым септігін тигізеді деп білем. Кітапхана мамандығына оқуға түскенде журналист боламын деп мүлдем ойламадым. Жақында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде қазақ тілі және әдебиеті мамандығын тәмамдап, диплом аламын. «Литература без границ» атты жоба аясында Ресей Федерациясы Ульянов қаласындағы Е.А. Евгушенко атындағы №4 кітапхананың бөлімімен бірлесіп онлайн кездесуге қатысып, алғыс хат алдым. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатыстым. Қазақстанның көрнекті кітапхана қайраткері Н.Қ.Дәулетованың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «2021 жылдың үздік кітапханашысы» республикалық байқауының 3 дәрежелі диплом иегері атандым. «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісін алдым. Айта берсем, жетістіктерім көп-ақ.

- «Ой маржаны - кітап» атты үздік медиа жобасы туралы айта өтсеңіз.

Бұл жобаның мақсаты – өскелең ұрпаққа рухани мұраны насихаттау, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Жобаны2021 жылдан бастап қолға алдым. «Ақтөбе» телеарнасының директоры Мирас Мұқаш жобаны қолдауымен бірлесе отырып, 1 жыл бойы арнайы сюжеттер шығардық. Мұқағалидың, Абайдың, Нұрғали Ораздың, балаларға арналған кітаптар бойынша сюжет түсірдік. Сюжеттер телеарна қолдауымен, сонымен қатар «Bookdating» сұқбаттары болып жарыққа шығып отырды. Әдеби онлайн сұқбаттар мен тікелей эфирлерге талантты оқырмандарымызды тарттық. Наурыз айында телеарна директоры Мирас Мұқашпен сұқбаттастым. Сонымен қатар жоба барысында театр және өнер магистрі Елтай Кемалдан, жас әнші Ақбота Тортаевадан, белгілі журналист Асқар Ақтілеуден сұқбат алдым. Көрермендердің сұранысы бойынша жоба әрі қарай жалғасын табады.

- Болашақта өзіңізді қай салада елестетесіз?

Кітапхана саласының нағыз маманы ретінде елестетемін. Көп уақытымды журналистикаға арнаймын. Журналистика бағытына кеткен күннің өзінде кітапханашылардың мәртебесін көтергім келеді. Алдағы мақсатым - журналистика саласында жұмыс істеу. Екі саланы қатар алып жүру қиынға соғып жүрген жоқ. 

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

Кейіпкер
10:00, 30 май 2022
2 169
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив