Ақтөбеде жол апатынан 12 адам қаза тапты
Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 12 адам қаза тапты. Ауруханаға 5 адам жеткізілген. Үш адамның жағдайы ауыр, екеуінің жағдайы орташа. Жол-көлік оқиғасын тергеу үшін Ақтөбеге Ішкі істер министрлігінен арнайы топ жіберілді.
Назгүл ӘБЕТОВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Оқиға Әйтеке би ауданының Белқопа ауылы маңында болған. Алдын-ала мәлімет бойынша, “DAF” жүк көлігі “Газель” көлігімен соқтығысқан. Жергілікті полицияның хабарлауынша, жүк көлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Оның екеуі жүргізуші болса, қалғандары жолаушы. Бес адам ауруханаға жеткізілген. Үшеуінің жағдайы-ауыр, екеуінің жағдайы орташа. Бір адам ауруханаға жатудан бас тартқан. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын жеке бақылауға алды. Айта кетейік, “Газель” көлігі Жүргенов ауылынан облыс орталығына жолаушы тасымалдаумен айналысқан. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Әйтеке би ауданы Бөгетсай ауылының шетінде болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеу жөнінде Үкіметтік комиссия құрылды. Сондай-ақ, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына көмек көрсетуді тапсырды.
