Ақтөбеде арамшөптен аллергиясы асқынғандар көбейді

Ақтөбені аллергия тудыратын арамшөптер басып барады. Олар тек дәнді дақылдарға зиянын тигізіп қана қоймай, тұрғындарды да әбден әуреге салған. Халықтың көбінде аллергия дерті қозған. 

Жансая ЕСМАҒАНБЕТ 

jansaya_esmaganbet

Ақтөбелік экобелсенді Райхан Жәкешова арамшөптердің көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Айтуынша,өңірде қазір “циклахена”, “амброзия” секілді зиянкестер гүлдеп, жеміс салып жатыр. Соның салдарынан аллергиямен ауыратындардың қатары артқан. 

 -Менің өзімде аллергия жоқ. Бірақ айналамда өте көп. Олар менен экобелсенді ретінде осы мәселені көтеруді сұрады. Әлеуметтік желіде сауалнама жүргізіп, халық арасында аллергияның қаншалықты көбейгенін білдім. Маған бас-аяғы бір сағаттың ішінде елу шақты адамнан кері байланыс келді. Бір отбасында бірнеше адам аллергиямен ауыратын болып шықты. Сөзімді дәлелдеу үшін скриншоттарды сақтап қойдым. Қазір Ақтөбеде жеке тұрғын үйлердің маңында, көп қабатты үйлердің қасында “циклахена”, “амброзия” cекілді арамшөптер көп. Жусанның кейбір түрлері де аллергия тудырады. Қазір -олардың нағыз гүлдеп, тұқым салатын кезі. Ақтөбедегі зауыттың түтіндері де арамшөптерге қонып, жағдайды одан әрі ушықтырып жатыр. Бұл жағдайды бақылауға алу керек деп ойлаймын. Сол себепті E-otinish.kz сайты арқылы мемлекеттік мекемелерге өтініш жіберіп, аллерген шөптерді зерттеуге ұсыныс жасадым,-дейді ол. 

“Әрбір үшінші ақтөбелік аллергиямен ауырады

 “Циклахена” деп аталатын ойраншөптің қаулап өсуіне биылғы ауа райы да қолайлы болып тұр. Өйткені жазғы жаңбырдан соң қала ішіндегі ғимарат іргелерінде зиянкес жап-жасыл болып жайқалып шыға келеді. Арамшөп шілденің соңы мен басында гүлдеп, тұқым шашады. Сол кезде ауаға тозаңы тарап, тұрғындарда аллергия басталады. 

-Аллергия иммунитет әлсіреген кезде пайда болады. Тұқым қуалау арқылы беріледі. Биыл аллергиямен ауырып, келетіндердің қатары өте көп. Өйткені Ақтөбеде өсетін шөптердің 80 пайызы желмен тозаңданады. Былтыр жаңбыр көп болған жоқ. Жаз құрғақ, жел де аз болды. Ал биыл жағдай басқаша. Жылдағыдан гөрі жауын-шашын көп. Қазір циклахена, амброзия, лебеда мен жусанның кейбір түрлері секілді аллерген шөптер көбейіп кетті. Арамшөптердің тозаңы көз бен мұрын арқылы тыныс алу жолдарына түседі. Сөйтіп, аллергия тудырады. Көбінде маусымдық ринит (мұрынның бітелуі) пайда болады. Бұл уақытылы емделмесе, демікпеге айналуы әбден мүмкін,-дейді облыстың штаттан тыс бас аллергологы Зәмзә Хайруллина.

     Маманның айтуынша, қазір Ақтөбе облысында тұратын халықтың 25-30 пайызы аллергиямен ауырады. Яғни, өңірде әрбір үшінші адам аллергиядан зардап шегеді деген сөз.Бұған сапасыз тамақты қолдану, қоршаған ортаның ластануы, дәрі-дәрмекті бей-берекетсіз ішу секілді бірнеше факторлар әсер етеді. 

- Қазір емге келетіндердің 70 пайызы арамшөптен аллергиясы асқынғанын айтып, шағымданып келеді. Қай өсімдіктің гүлдеуі аллергия туғызатынын анықтау үшін арнайы анализ тапсыру керек. Көбіне қыста диагностика жасалады. Аллергияны емдеудің бірнеше түрлері бар. Арнайы дәрі-дәрмек,спрей мен ине егу арқылы емдеуге болады. Алайда өз бетінше емделуге болмайды.Аллерголог дәрігерге жолығып, нақты себебін анықтағаннан кейін емдеу курсынан өту керек. Ем тегін. Учаскелік дәрігерлердің жолдамасы болса жеткілікті. Тек уақытылы емделу арқылы ғана маусымдық аллергияға алдын ала дайындалуға болады,-дейді дәрігер.  

“Циклахена адамдар үшін зиян”

 Цихлахенаның өте қауіпті екенін зинкестерді зерттеумен айналысып жүрген арнайы мамандар да растайды. Өйткені аллергия асқынса, науқас Квинке ісігіне шалдығуы мүмкін. 

- Циклахена тек жануарлар мен өсімдіктер үшін ғана емес, адамдар үшін де зиянды. Арамшөп гүлдеген кезде оның шаңына аллергиялық реакция беруі (поллиноз) мүмкін. Поллиноздың симптомдары: тыныс жолдарының жіті қабынуы, бронх демікпесінің дамуы, көздің шырышты қабығының қабынуы. Аллергия кезінде асқорыту жүйесінің, жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысындағы іркілістер байқалады. Яғни, науқаста жүрек айнуы, құсу, диарея байқалады. Адам Квинке ісігіне шалдығуы мүмкін,-дейді республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Ақтөбе облыстық филиалы басшысының орынбасары Айнагүл Төлекбаева. 

Арамшөпті жоятын арнайы препарат жоқ

Циклахена карантиндік тізімге енгізілмеген. Сол себепті оны жоятын арнайы препарат та жоқ. Арамшөпті тек түбірімен жұлу ғана қажет.

- Қазіргі таңда циклахена тек инвазивті бөтен түр ретінде қарастырылады. Оның жаппай таралуы экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қауіп төндіреді. Яғни адамдарда аллергия тудырса, жануарлар үшін жайылым құндылығын төмендетеді. Циклахена ресми түрде карантиндік арамшөпке жатпайды, сол себепті оған қарсы күресу арнайы Қазақстан мемлекетінде тіркелген препарат жоқ. Негізгі күресу тәсілдері: механикалық және агротехникалық. Ақтөбе облысы бойынша циклахена арамшөбінің жылдан жылға көбеюіне байланысты ластану аумағы ұлғаюда. Қазіргі таңда бұл арамшөп түрімен күресу жұмыстары жүргізілмегендіктен, Ақтөбе қаласының өзінде әрбір көп қабатты үйлердің ауласында, жылу трасса бойында, өзен жағалауларында, саяжайларда, алабтарда таралуы көбейіп барады,-дейді Айнагүл Төлекбаева. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Ақтөбе облыстық филиалының мамандары облыстағы циклахенаның таралған аумағын анықтау үшін зерттеу жүргізген. Жыл басынан бері 30 мың га жер зерттелген. Сол кезде 3, 4158 мың гектар жерге циклахена арамшөбі таралғаны анықталыпты. Мамандардың айтуынша, цихлахена кез-келген жерде кездеседі. Алайда жоспар бойынша зерттелгендіктен толықтай қамту мүмкін болмай отыр. Зинкесті жою үшін ауыл шаруашылық басқармасына және аудан әкімшіліктеріне сигналдық хабарлама жіберіледі. Қазіргі таңда мамандар тағы бір қауіпті аллергендердің бірі-“амброзия” арамшөбін зерттеп, таралған аумағын анықтап жатыр. Аллергиясы асқынған тұрғындар арамшөптерді отауды талап етіп отыр. Дегенмен жауапты адамдар зинкестерді шабу жұмыстары жаздай жүргізіліп жатқанын айтады. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана және Алматы аудандары өз аумақтары бойынша шөп шабу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыспен жаз бойы санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысатын 7 мердігер ұйымның жұмысшылары айналысқан. Дегенмен көпқабатты үйдің ауласы болса, бұған пәтер иелері кооперативтері, меншік иелері бірлестігі мен кондоминумдар жауапты. 

 

Артық болмас білгенің

Ошаған жапырақты тал (циклахена дурнишниколостная) – күрделі гүлділер тұқымдасты, біржылдық кіндік тамырлы арамшөбіне жатады. Жапырақтары жалпақ 15-30 см дейін барады, жүрек тәрізді, сабақтарға қарама-қарсы орналасқан, жағымсыз иісті. Биіктігі 1,5-3 метрге дейін жетеді, шілде-қазан айларында гүлдейді, топ-тобымен өсіп мыңдаған тұқым береді. Рудеральды арамшөптер қатарына жатқасын көбіне – бос қараусыз қалған жерлер, қоқыс айналасында, қала ішінде, жеке бау-бақша және жол бойында көп кездеседі. Жусан-астралылар тұқымдасына жататын көпжылдық. Кейде бір не екі жылдық шөптесін өсімдіктер тегі, көбіне шала бұта түрінде кездеседі. Қазақстанның барлық жерінде шөл-шөлейтті далада, таулы жерлерде өсетін 81 түрі бар. Шілдеден қыркүйекке дейін гүлдейді.Жусан көбіне емдік мақсатта қолданылады. Алайда оның кейбір түрлерінің тозаңы адамдардың мұрнына, көзіне түсіп аллергия тудырады. Амброзия ең күшті аллергендердің бірі саналады. Әдетте ол шілденің соңы мен қазан айының аралығында байқалады.Тамыз-қыркүйекте шарықтау шегіне жетеді. Аллергияның белгілері: мұрыннан су ағу, бітелу, түшкіру, көздің қышуы мен қызаруы, тері бөртпелері, сондай-ақ бронх демікпесінің асқынуы мүмкін. Амброзия адамдарға ғана емес, ауыл шаруашылығына да үлкен қауіп төндіреді. Өсімдік топырақтағы барлық қоректік заттар мен ылғалды сіңіреді. Сол себепті дәнді және майлы дақылдар микроэлементтердің жетіспеушілігінен қурап қалады.

Қоғам
10:53, 20 октябрь 2025
588
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив