"Мама" деші...

Ақтөбеде тілі кеш шығатын балалардың саны артқан. Мамандар мұндай ақаудың короновирус инфекциясынан кейін туған балаларда тым көбейіп кеткеніне алаңдаулы. 

Ақтөбелік невропотолог Нұрлыгүл Қанымбаева 7 жылдан бері жүйке жүйесінде өзгерісі бар ересектер мен балаларды емдеумен айналысады.Ол соңғы кездері қабылдауына түрлі ақаулары,оның ішінде тілі кеш шығатын балалардың көп келетіндігін айтады. 

- Бала тілінің ерте шығуы мидың қызметіне тікелей байланысты.Өйткені бала неврологиялық жағынан сау болса да, мидың функциясы жасына сай келмеуі мүмкін. Сол себепті бала туғаннан кейін әр ай сайын педиатрдың қабылдауында болу өте маңызды. Сәби 6 айынан бастап атына қарауы, ата-анамен көздік контакт болуы керек.Көбіне ата-аналар “естімей тұрған шығар”, “бірнәрсеге алаңдап отыр”деп мән бере қоймайды. 7-8 айдан бастап “ма-ма”, “па-па” деген қысқа буындарды, ал 1,5 жаста “мама бер” деп екі сөзді қосып айта алуы керек. Үйдегі ахуалға көп нәрсе байланысты. Қазір ата-ана телефонда отырса, бала мультфильм көріп отырады. Бұрынғыдай ертегі айтылмайды, кітап оқылмайды. Баласы ым-ишарамен білдірсе, ата-анасы түсінеді. Екеуара сөздік қор тек “отыр”, “тұр”, “жат”, “тамағыңды іш” деген ауызекі сөзбен шектеледі.Мұның соңы балалардың кеш сөйлеуіне әсер етіп жатыр,-дейді дәрігер. 

“Ковидтен кейін дамуында ақауы бар балалар көбейді”

Нұрлыгүл Қолдасынқызының өзі де екі баланың анасы. Айтуынша, қазір көп ата-аналарды алаңдататын мәселе өзін де айналып өтпеген. Тұңғыш баласы 1,5 жасқа дейін қалыпты дамып келе жатқан. Алайда екінші рет ана атанған ол баласының сөздік қорында сөздің аз екенін байқапты. 

- Баламның тілі уақытынан кеш шығып жатқанын байқадым.Жүктілік кезінде денсаулығымда ешқандай кінәрат болмаған.Оған нақты не себеп болғанын айта алмаймын.Мүмкін, стресс болар...1 жыл логопедке бардық. Алғашында еш нәтиже болмады. Кейін баламмен логопедке қоса эрготерапевт, АФК мамандары тәулігіне 4 сағат жұмыс істеді. Балабақшаға бардық. Тек содан кейін ғана 3 айдан соң нәтиже болды. Өз тәжірибемде ковидтен кейін туған балалардың дамуында түрлі кемшіліктердің, оның ішінде тілдің кеш шығатынын байқадым,-дейді невропатолог.

 Мамандардың сөзінше ,жүктілік кезінде жиі кездесетін қаназдық, түрлі инфекция жұқтыру, депрессияға түсу секілді аурулар баланың тілі шықпауына әсерін тигізеді.Кей жағдайда баланың даму барысында қатты ауыруы, реанимацияға түсуі де себеп болады. Соның кесірінен сәбидің дамуы кешеуілдеп, ойын анық жеткізе алмауы, кекештеніп, сақауланып сөйлеуі мүмкін. 

- Қызым 3 жаста. Мерзімінен ерте, 27 аптада босандым. Кейін 2 жасында ларингит болып ауырып, реанимацияда 5 күн жатты. Содан кейін дамуы кешеуілдей бастады. Қазір сөздік қоры аз. Барлығын түсіндіргенмен, сөйлеу деңгейі өз жасындағылардан кеш екені байқалады. Ата-ана ретінде қызымның қазіргі жағдайына қатты алаңдаймын. Қазір балабақшаға барып жүр. Әзірге дәрумен жетіспеушілігін толықтырып жатырмын. Одан кейін логопедке бермекпін, -дейді қала тұрғыны Жансая Серік. 

“Тіл шығаратын ғажайып дәрумен жоқ”

Ата-аналардың кейбірі баласының кеш сөйлеуін тұқыммен байланыстырады. Енді бірі еркелікке балап, уақыт оздырып алады. Дәрігерлер баласының бойындағы кемшілікті байқаған ата-ананың бірден мамандарға жүгінуі керектігін айтады. Өйткені баланы сөйлететін ғажайып дәрі де, дәрумен де жоқ. 

- Кейбір ата-аналар “балам вакцинадан кейін сөйлемей қалды” дейді.Оның еш қатысы жоқ. Өйткені екпе алмаған балалардың денсаулығында да ақау болуы мүмкін. Тілдің ерте шығуына ешқандай дәрумен көмектеcпейді.Тек Д3 витаминін берсе жеткілікті. Бала өз бетімен ойнауы, секіруі қажет. Қазір балалардың көбі телефонда отырады. Оларды секіртіп, ойнату үшін АФК мамандарын жалдаймыз. Баланың ұйқысы, тамағы дұрыс болуы керек. Дәрумен тапшылығын, оның ішінде анемияны емдеу керек. Осының бәрі баланың кеш сөйлеуіне әсер етеді.Баланың миы 3 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан уақытынан кеш қалмау керек,-дейді маман. Ақтөбеде тілі кеш шығатын балалардың көбейгенін логопедтер де растап отыр. 

- Мамандардың көбі 1 жастағы бала кемінде 10-15, екі жастағы бала 300 сөзді анық айтуы ке¬рек деп жатады.Алайда бұл талапқа қазір 10 баланың біреуі ғана сәйкес келеді десе болады. Бізге 1,5 жастан бастап келетін балалар бар. Біз ерте деп айтамыз. Алайда баланың бойынан бұзылысты байқаған бойда мамандардың қызметіне жүгінген жөн.Ата-аналардың көпшілігі орталыққа баласын әкеліп, тез арада нәтиже болғанын қалайды.Бұл-ұжымдық жұмыс. Ата-ана баласындағы бұзылысты қабылдап, мойындай білуі керек.Біз аптасына екі рет 40 минуттан сабақ жүргіземіз. Алайда бұл жеткіліксіз.Ата-ана үйге берілген тапсырманы баласымен бірге орындаса,нәтиже де тез болмақ. Кем дегенде күніне 15 минут сапалы жұмыс істеуі керек.Әрі әр баланың диагнозы бірдей болғанмен, қабылдауы әр түрлі. -дейді сөйлеу орталығының логопед-дефектологы Гүлжанат Исламқызы. 

Арнайы балабақшаға кезек көп

Қазір дефектолог-логопедтерге сұраныс та жоғары.Маман тапшы болғандықтан сөйлеу орталығына алыс аудандардан келіп апталап ем алатындар көп.Әсіресе, Шалқар ауданынан келушілердің қатары көп көрінеді. 

- Соңғы кезде тілі ағылшын, орыс тілдерінде шығатын балалар да көбейді. Бұл “билингвизм” деп аталады.Мультфильмдердің де әсері болуы мүмкін. Жақында диагностикаға 3 жастағы қыз бала келді. Анасы ағылшын тілінің мұғалімі болғандықтан, қызымен шет тілінде сөйлескен. Қазақ тілінде түсінігі мүлдем төмен. Бұл да тілдің кеш шығуына әсер етеді. Орыс тілінде сөйлейтін баланы қазақ тіліне көшіру де қиын.Жалпы сөйлеу тілін қалыпқа келтіру үшін кемі жарты жыл уақыт керек, -дейді Гүлжанат Исламқызы. 

Ақтөбеде тілі кеш шыққан балалармен тек жеке сөйлеу орталықтары ғана емес, мемлекеттік мекемелер де жұмыс істейді. “Аяла”, “Қамқорлық” секілді реабилитациялық орталықтар бар.Бұдан бөлек сөйлеуінде кемшілігі бар балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің тексеруінен кейін арнайы балабақшаларға жіберіледі. 

- Өзім 2 жылдан бері қалалық комиссия құрамындамын.Егер балада ақау табылса, “Ақбота” сөйлеу тілінде күрделі бұзылыстары бар және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы балабақшаға,“Алма” сөйлеу тілінде күрделі бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы балабақшасына немесе білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған “Нектар” балабақшасына жолдама беріледі. Бұдан бөлек түзету кабинеттері мен балабақша жанынан ашылған түзету топтары бар. Бірақ сұраныс жоғары болғандықтан, кезекті ұзақ күтуге тура келеді. Мен өз баламды да кезекке қойдым. Мұндай балабақшаларда нәтиже көп. Өйткені арнайы балабақшада бір топта 12 бала болады. Логопед күн сайын топтық жұмыстан бөлек әр баламен 20 минут жұмыс істейді,-дейді невропатолог Нұргүл Қанымбаева.  

 Ақтөбе облысында 2023 жылы сөйлеу қабілеті бұзылған балалар саны 2400-ден асқан. Ал өткен жылы 2623 бала тіркеліпті. Яғни, бір жылда 200 балаға артып отыр.

Әлеумет
10:47, 20 октябрь 2025
507
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив