Ойылда 9 —сынып оқушысы босанды

Жасөспірім қызды жүкті қылған күдікті ретінде өгей нағашы атасы ұсталды. Сабақ үстінде толғатып, босанған қыздың аяғы ауыр екенін ешкім байқамаған. Бұл туралы Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады. 

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, босанған жасөспірім Ойыл ауданындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы. Ол толық емес отбасында тәрбиеленген. Жасөспірім осы уақытқа дейін 3 рет медициналық тексерістен өткен. Алайда дәрігерлер оның жүктілігін байқамаған. Қазіргі таңда қыз ауруханада жатыр.

– Кәмелетке толмаған балаға қатысты өзге мәліметтер заң талаптарына сай жарияланбайды. Бұл баланың құқығы мен заңды мүддесін қорғауға бағытталған,-деп жауап берді басқарма.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті қамауға алынған.  

– Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Іс Ақтөбе облыстық ПД басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев. Ойыл аудандық білім бөлімі бұл жағдайға қатысты қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысының босанғаны қоғамда резонанс тудырды. Бұл жайтқа байланысты облыс бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Нұржамиля Төлеуова пікір білдірді.

- Бұл іспен бастапқыда мен айналыстым, қыз баламен де, анасымен де сөйлестім. Бірақ негізгі жұмысыммен қатар алып жүру оңай болмағандықтан, істі басқа уәкілге тапсырдым,-дейді ол.

Қазіргі уақытта жас анаға көмек көрсетілуде. “Jan Ahual” орталығы тарапынан психолог тағайындалған. Сондай-ақ, Перинаталдық орталықтың психологы Светлана Владимировна да қызбен жұмыс жүргізіп жатыр.

- Қыз шок жағдайында. Нәрестенің іште қозғалғанын да байқамаған. Өзі әлі де не болғанын толық түсінбей отыр. Анасы да жағдайды өте кеш білген. Үй ішінде нақты не болғанын білу қиын,-деді уәкіл.

Белгілі болғандай, күдікті — қыздың өгей нағашы атасы. Анасының айтуынша, олар бір үйде тұрмаған. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр.Уәкіл жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ата-ананы жауапты деп санайды.Қыз баланың отбасы жағдайы жаман емес. Өзі үйдің үлкені, екі інісі бар.Сабақ үлгерімі де жақсы. Анасы жұмыс істейді, әкесімен де араласып тұрады.

- Бұл жағдай бәрімізге ой салуы тиіс. Жасөспірімнің мұндай жағдайға тап болғанына ең алдымен үлкендер тікелей жауапты. Қазір зорлық-зомбылықтың көбі бөтен емес, үй ішінен шығады. Жау алыстан келмейді. Баланың қай жаста екені маңызды емес. Ол үшін бірінші жауапты-ата-ана. Материалдық жағдай жасап қойдық деп ойламау керек. Балаға ішкі жан дүниесіне де үңіліп, қолдау көрсеткен жөн,-деді Нұржамиля Төлеуова.

Оның сөзінше, қыз баламен сөйлесу кезінде оның “мұны қылмыс деп ойламадым” дегені – жағдайды мүлде түсінбегенінің айғағы.

- Ол әлі бала. Не жағдай болғанын түсінбей тұр. Психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ең бастысы, қыздың да, нәрестенің де жағдайы жақсы,-дейді маман. Анасына да психологиялық көмек көрсетілуде. Мектеп, емхана және медициналық комиссия өкілдеріне қатысты да ішкі тексеру, зерделеу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда бұл оқиғаға байланысты барлық тиісті шаралар қолға алынып, жан-жақты жұмыс жүргізілуде.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері облыста 70 жасөспірім қыздың жүкті болған. Былтыр 59 жағдай тіркелген. Статистика жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің жыл сайын өсіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл-қоғам үшін дабыл қаққызатын көрсеткіш.

P.S. Бет қатталып жатқанда елімізде жоғары сынып оқушыларын гинекологиялық тексеруден өткізу мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды. KAZ.NUR.KZ тілшісінің хабарлауынша, денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәжіліс кулуарында сабақ үстінде босанып қала жаздаған оқушыға қатысты жағдайға пікір білдірді. Журналистер вице-министрден тоғызыншы сынып оқушысы үш рет медициналық тексеруден өткеніне қарамастан ақтөбелік дәрігерлер оның жүктілігін қалай байқамай қалғанын сұраған. -- -Тиісті медициналық тексеру болған жоқ. Наурыздың басында скрининг қана болды. Ол кезде жүктіліктің ерте кезеңі болғандықтан анықталған жоқ. Бірақ скринингке акушер-гинекологтар емес, офтальмологтар мен отоларингологтар тартылды. Оны мұғалімдер де, ата-аналар да білмеді ғой. Оның үстіне қыз да шағымданбаған, ешкім оны арнайы тексерген жоқ", - деді Тимур Сұлтанғазиев. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұндай жағдайдың алдын алуға бағытталған бірқатар шара қарастырылуда.Енді біз жоғары сынып оқушыларының гинекологтар мен акушерлердің тексеруінен өтуін қарастырамыз. Тексеру енгізуіміз мүмкін. Бірақ бұл (шешімнің – ред.ескертпесі) аталған оқиғаға қатысы жоқ", - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Әлеумет
13:49, 17 октябрь 2025
716
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив