BI Group компаниясы Ақтөбедегі жайлы мектеп ауласында «жасыл» акция өткізді
BI Group Құрылыс компаниясы Ақтөбе облысының білім басқармасымен және Қарғалы ықшамауданындағы №82 жайлы мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып, BI Green атты экологиялық бағдарлама аясында ағаш егу акциясын ұйымдастырды.
Енді көп ұзамай бұл аумақ нағыз «BI Green аллеясына» айналмақ. Себебі 2 500 орындық жаңа мектепті салған BI Group тек келісімшарт бойынша жұмыстармен шектелмей, бастама көтеріп, білім ордасының айналасын көгалдандыруды қолға алды. Айта кету керек, компания республика бойынша 35-ке жуық заманауи мектеп салып, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары құрылыс компаниясы ретінде танылып келеді.
– Ақтөбе әрдайым экология мен көгалдандыру мәселелеріне ерекше мән беріп келеді. Біз облыс әкімі бастаған қаланы көркейту стратегиясына өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. BI Group үшін мұндай жобалар – дәстүр ғана емес, қалаларды барынша жайлы әрі жасыл етуге бағытталған саналы ұстаным, – деді BI Engineering & Construction компаниясының «Батыс» басқармасы жетекшісі Руслан Мерғалимов.
Экологиялық акцияға облыстық және қалалық әкімдік өкілдері, BI Group қызметкерлері, мектеп ұстаздары мен оқушылары және білім ордасының директоры қатысты.
– Бұл аумақта алдағы уақытта көп ағаш отырғызылады. Барлық көшеттер жергілікті «Эльмира» экопитомнигінен сатып алынды. Мұнда жақын маңда парк жоқ, сондықтан мектеп ауласы балалар мен тұрғындарға арналған шағын демалыс орнына айналады, – дейді мектеп директоры Абзал Тәжімишев.
Дәстүрге айналған игі іс
Республика күні қарсаңында мектеп ауласына 130-дан астам ағаш түрлері егілді. Келер жылы мұнда емен мен терек сыбдырлап, алма мен шетен гүлдеп, ал оқушылар гүлдеп тұрған гүлдер мен жайқалған тал-теректердің түбінде суретке түсетін болады.
– Бұл бастама біздің компания үшін дәстүрге айналды. BI Green жобасын біз бүкіл республика көлемінде өткізіп келеміз. Ақтөбедегі бұл мектеп биыл пайдалануға берілді. Біз үшін маңыздысы – тек ғимарат салу емес, оқушылар мен ұстаздарға жайлы орта қалыптастыру. Талдау нәтижесі көрсеткендей, жайлы орта білім сапасына да әсер етеді. Сол себепті жобаны жүзеге асыру кезінде жүргізілген көгалдандыруды жеткіліксіз деп шешіп, жұмысты жалғастыруды жөн көрдік, – деді BI Engineering & Construction компаниясының бизнес дамыту директоры Әділхан Кеңесов.
BI Green бағдарламасы 2020 жылы компанияның 25 жылдығына орай бастау алған болатын. Содан бері ол жыл сайынғы экологиялық дәстүрге айналды.
Жоба аясында компания қызметкерлері мен ел тұрғындары ағаш отырғызу, сенбілік өткізу, қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру жұмыстарын атқарып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – тек табиғатты көркейту емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті дамыту, қалалық ортаның сапасын арттыру және азаматтардың жауапкершілігін қалыптастыру.
