Ақтөбелік жастар үшін кәсіп бастау тренингі өтті
Қала жастары үшін хакатон
Ақтөбелік жастар арасында «Өз кәсібіңді баста» тақырыбында екі күндік хакатон өтті. Жоба барысында жастарға нөлден бастап бизнесті жоспарлаудың негіздері, бизнес психологиясы, жобалар генерациясы туралы айтылды.
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
Шараға 3-4 курсты аяқтағалы отырған 100-ге жуық студент жастар қатысты. Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шара Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Pro active academy» залында болды. Екі күнге созылған жоба өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Жобаны алғашқы күнінде «Өз кәсібіңді баста» тақырыбында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының спикері, өңірлік интеллектуалдық клуб жетекшісі Ержан Нұрғалиев қатысушыларға нөлден бастап бизнес жоспарлау негіздері, бизнес психологиясы және жобалар генерациясы туралы мәлемет берді. Ал екінші күні тренер - ментор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы Райбек Сағыдатов мотивациялық тренинг өткізсе, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Азамат Қуандық жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы толық ақпарат берді.
Спикер жастар тәжірибесі, алғашқы жұмыс орыны, дипломмен ауылға сияқты бағдарламаларға да кеңінен тоқталды. Айта кетейік, жастар практикасына оқу бітіргеніне 3 жыл толмаған, 29 жасқа дейінгі жастар өз мамандығы бойынша жұмысқа тұруға өтініш бере алады. Жастар практикасының ұзақтығы 6 айдан аспайды.
- Көп жағдайда, жастар жобаның критерийлерімен толық таныспайды. «Мен әлі 29-ға толған жоқпын, осы бағдарламамен жұмыс бер» деп шу шығаратындар да жоқ емес. Бірақ біз барлық шарттарға сәйкес келетін жасты жұмыспен қамтуымыз керек. 29 жасқа томағанымен қолындағы дипломын алғанына 5 жыл болған болуы мүмкін. Бұндай жағдайда бағдарлама шарттарына сәйкес келмегені үшін жұмысқа қабылдай алмаймыз,-дедйі орталық маманы.
Ал алғашқы жұмыс орыны жобасына бұған дейін еш жерде жұмыс жасамаған 29 жасқа дейінгі түлектер, соның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Бұл жоба аясында 24 айға дейін жұмысқа тұруға болады.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауылдық жерге жас мамандарды тару үшін әзірленген қолайлы бағдарлама. Бұл бағдарлама арқылы жұмысқа тұрған жасқа 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі біржолғы, қайтарымсыз көтерме жәрдемақы мен ауылдық елді мекенде тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 15 жыл мерзімге, 0,01% мөлшерлемемен, 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бюджеттік кредит ұсынылады. Қайтарымына жұмысқа орналасқан жастың бұрын берілген кредиттер бойынша қарызы болмауы керек. Сонымен қатар, ауылдық округте кемінде 3 жыл жұмыс жасауы тиіс. Аталған қызметтер туралы толық ақпаратты жұмыспен қамту орталығынан алуға болады.
Сонымен қатар, «CICERONE» ораторлық мектебінің «UNNITALY» агенттігінің негізін қалаушы, ОФ «АНА ҮЙІ» - нің координаторы Мира Ахметжанова ораторлық шеберлік бойынша дәріс оқыды.
Жобаға қатысушыларға теория мен практика арқылы әлеуметтік кәсіпкерлік негіздері үйретілген.
- Бұл бағдарламалар болашақ жас мамандар үшін қажетті алғашқы бастама. Жастар алған тәжірибиелерін жаңа бағыттағы бизнес бастамалары үшін қолданбақ. Осы бағытта жобаға қатысушылардан тың идеялар күтіледі. Бұл өз кәсібін бастаймын деген жастар үшін таптырмас мүмкіндік,-дейді қалалық ЖРО басшысы Нұрсұлтан Қожабеков. Шара соңында барлық қатысушыларға орталық басшысы Нұрсұлтан Қожабеков арнайы сертификаттарды табыстады.