"Анамды кешірдім, бірақ араласқым келмейді"
Жаңа жылдың алдында кішкентай ұлым ауырып, ауруханадан бір-ақ шықтық. Бір палатада баламыздың тілеуін тілеп, жанымызды шүберекке түйіп жеті әйел жатырмыз. Ешкімнің де артық әңгімеге зауқы жоқ. Арамызда тек бір келіншек қана... «Жүріңіздер, шәй ішейік», «Бірдеңе айтайын ба, тыңдаңыздар» деп бәріміздің көңілімізді аулап отырды. Аты Мира екен.
Индира КЕРЕЕВА
@gazet_kerekinfo
Түскі демалыс кезінде бөпемді ұйықтатып, өзім де қасына қисайып, қалғып бара жатыр екенмін, біреудің иығымнан түрткенінен басымды көтеріп алдым. Мира екен. «Апа, шәй ішкіңіз келмей ме?» дейді. Шәй ішуге аса құлқым болмаса да, елпілдеген көңілін қимай, орнымнан тұрдым. «Тихий часта» дәлізге шығуға болмайды, палатада ұйықтап жатқан науқас сәбилердің мазасын алмайық деп, мүлгіген тыныштықта отырып екеуміз шәй ішкендей болдық. Әсіресе, мен. (Балам ауырса ас батпай қалатыны бар). Мира шкабынан неше түрлі тәтті-дәмдіні шығарып, терлеп-тепшіп шәй ішіп, тамаққа да тойып алды. Арасында сөйлеп отыр.
- Детдомда бір пешеней болса да, сонымен шәй іше беретін едік,- деді бір сөзінде.
Кәсіби әдет қой. Елең еттім.
- Детдомда жұмыс жасайсың ба?
- А? Ааа, жоқ. Мен детдомисткамын ғой.
- Ммм.
Көкейіме келіп қалған «ол жаққа қалай тап болдың?» деген сұрақты қоюға қысылғандай болдым. Өзі айтпаса, біреудің тағдырын қазбаламай-ақ қояйын деп ойладым.
- Бірінші балаңыз ба?,- деді Мира ұлымды меңзеп.
- Жоқ, төртіншім ғой, кенжем.
- Мә, мен сізді жас екен деп отырмын, молодо выглядите,- деп күлді.
- Рахмет. Жас емеспін, биыл 39-ға толам.
- Ого! Ал менің жасым 22-де. Мынау бірінші балам,- деді де телефонын ашып біреуге:
- Балаңның жағдайын біліп кетуге келе алмайсың ба тым болмаса? Мені көр демеймін. Ұлыңа келсейші. Мында барлық балаға папасы келіп жатыр,- деді.
- Папасы жұмыста ма еді?,- дедім сөз бастап.
- Жоқ, баламның папасымен ажырасып жүрміз. Бірақ, ұлым үшін қайтадан қосылғым келеді. Ауылда тұрады. Бір келіп кетуіне болады ғой. Соған ренжіп отырмын,- деді сәл жымиғандай болып.
- Дұрыс. Балаға әке де керек, шеше де керек.
- Шешенің де шешесі болады. Менің шешемдей шеше болса, керек емес,- деді ол.
Сөйтті де өз өмірін басынан аяқ баяндай жөнелді.
- Мен есімді білгелі балалар үйінде өстім. Сол жерден шықтым. Тәрбиешілер бізді бала кезімізде жаман ұратын еді. Сәл есейгесін ұрмайтын болды. Айтайын дегенім бұл емес. Шеше туралы... Детдомнан шыққасын шешені («мамамды, шешемді» деген жоқ, тап осылай шешені деді - ред) тауып алдым. Менен басқа тағы үш баласы бар екен. Бір анадан төртеуміз. Бірақ әкелеріміз әр түрлі. Ана үш бауырымның да әкелерімен заңды некеге тұрған. Ал менің әкем бұған үйленбеген. Соған ерегесіп, мені балалар үйіне тапсырып жіберіпті,- деп терең күрсінді.
- Ерегесіп?
- Иә. Әкем өзіне үйленбеді деп туа сала екі айдан соң өткізіп жіберген. Менің не жазығым бар? Әкеме бермеді ме екен тым болмаса?
- Өзінен сұрамадың ба?
- Сұрадым ғой. Ойымдағы барлық сұрақты қойдым. Тіпті бетінен шапалақпен ұрып та жібердім. «Басқа үш балаңды бауырыңда өсіріп, жалғыз өзімді тентіретіп неге бұлай жасадың?» деп жыладым да.
- Не деді?
- Жарытып ештеңе түсіндіре алмады. Нағашыларым жақсы адамдар екен. Олар мен туралы тіпті білмейтін де болып шықты. Нағашыларыммен қазір жақсы араласамын. Осы жатқанымда да артымнан ыстық тамақ әкеліп тұрған сол нағашым,- деді де үнсіз қалды.
Мен де үнсізбін. Осылай отырып, шәйімізді ішіп, әркім өз орнына барып жаттық. Осы аралықта күйеуім звондап, біраз сөйлестік. Мен тұтқаны қойғаным сол, Мира тағы да әңгімесін бастады.
- Менің күйеуімнің менімен де, баламен де ісі жоқ. Екеуміз заңды некеге тұрмағанбыз да. Ішіп келіп мені ұратын. Аяғым ауыр кезде талай таяқ жеп жаттым. Енем бар. Көре тұра, қалай жаны ашымайтынын білмеймін, бір келіп болыспайтын.
- Мира, сөзіңді бөлгеніме ренжіме, қайынжұртын жамандайтын келіншектерді аса жақтырмайтыным бар еді,- дедім «бытовуха» әңгіме тыңдағым келмей,
- Маған сенің қайынжұртың емес, өзіңнің қиын тағдырың қызығырақ. Балалар үйінің ар жағындағы тағдырлар қалай, ол жақта қандай өмір бар, соны айтшы.
- Балалар үйінде кішкентайымыздан таяқ жейтінбіз. А, сосын, бізге деп адамдардың әкелген тәтті-дәмділері өзімізге бұйырмайтын. Сондықтан қайырымдылық шаралары кезінде сыйлығымызды өзіміз сол жерде жеп қоюға тырысатынбыз. Бірақ, сол үшін де таяқ жейміз.
- «Балалар үйінен шыққаннан кейін бәрінің өмірі бұзылып кетеді» дейді, сол қаншалықты рас?
- Ол енді адамға байланысты шығар. Бірақ, балалар үйінен шыққасын, бәрі туыстарын іздейді. Ол шындық. Детдомист балалардың бәрі «өскесін әке-шешемді іздеп табамын» деген арманмен өмір сүреді. Біз де қыздармен бір бөлмеде жатып, «өскесін анамызды тауып алатынымызды, ол бізді көрген бойда бізден қапыда айырылып қалғанын, ол да бізді өмір бойы іздеп, таппай жүргенін айтады» деп қиялдайтынбыз. Сол қиялымызға өзіміз сенеміз. Бірақ, өкінішке қарай, біздің ойымыздағыдай болмайды. Біз өмір бойы аңсап, көруді, кездесуді армандаған шешеміз әдетте өз өмірін бейқам сүріп жатады, немесе бізді көргісі де келмейді.
- Қалай болса да, анаң ғой. Кешіруің керек шығар... Өзің де ана болдың, міне.
- Апа, мен шешені кешірдім. Бірақ араласқым да, көргім де келмейді. Мені баға алмай немесе өмірі қиындыққа ұшырап, амалсыздықтан осындай қадамға барды дейін десем, басқа үш баласын өсіріп, баққан. Үш бала сыйған жерге мен неге сыймадым сонда? Әкеме ерегесіп, менің тағдырымды қоқысқа тастай салған ғой.
- Әкеңді таптың ба?
- Иә, ол кісінің басқа семьясы бар, ол жақта да балалары бар. Ол бауырларым менімен араласқысы келмейді. Тіпті мен өмірде мүлдем жоқ сияқты сыңай танытады. Әкем де сол. Менің өз қызы екеніне күмәнмен қарады. ДНК тапсырып, әкелігін анықтадық. Сонда да мені өмірінен сызып тастады. Ендігі арманым, мына ұлдың әкесіне қайтадан қосылып, мұны жалғыз қылмай тағы бір бауырын тусам. Шешенің жолын қуғым келмейді,- деді.
Мен естігенімді қорытып үнсіз жатырмын. Ол да үнсіз. Сәлден соң:
- Апай, сіз осы кім болып жасайсыз?,- деп сұрады аса сақтықпен.
- Журналиспін.
- А, бәсе, бүкіл өмірімді жайып салдым ғой, әдетте ешкімге ашыла қоймаймын. Біздер, жетімдер, ешкімге сенбейміз,- деп күлді.
Екеуміздің әңгімемізді басқа әйелдер де тыңдап жатыр екен. Сол күні жазылып шыққандар Мираға деп үйінен келген ыстық тамақтарын қалдырып кетіп жатты... Мира да ақкөңіл, елпілдеген қалпымен бәріне алғыс айтып жатты.