"Депрессия – шаршағандық емес"

 

«Депрессия – шаршағандық емес»

 Көктем -тіршіліктің  басталатын, жаңаратын уақыты. Алайда бұл мезгіл барлығына бірдей оң әсер ете қоймайды.  Құс келгенде , құс қайтқанда аурулар қозады. Әсіресе, қыстан шаршап шығатындықтан, жүйке аурулары  көбейеді. Мұны мамандар гармондардың өзгерісімен байланыстырады. Осы орайда “Керек info” тілшісі невропотолог-психиатр Жәнібек Иманалинмен тілдесіп көрген еді.

 

       Жәнібек Темірбекұлы, жүйке жүйесінің қандай аурулары жиі кездеседі?

        Қазір жүйке аурулары көбейіп кетті. Ең жиі кездесетіні параноидты шизофрения және невроз, яғни жүйкенің жұқаруы деуге болады. Соңғылары шаршау, ұйқысыздық, мазасыздық, қорқыныш пен  үрейге шағымданады. Себепсіз қорқынышты түстер көру, шошып ояну да  қалыпты жағдай емес. Бұл-диагноз. Оны емдеу керек. Қалыпты жағдайда адам көрген түсін ұмытып қалуы керек. Егер осындай белгілер байқалса, бірден дәрігерге жүгінген жөн.

 

Жүйке аурулары неден пайда болады?

Жүйке ауруларының пайда болуына стресс себеп. 21 ғасыр -стресстің заманы. Өйткені қазір барлық адамның басында бәсекелестік, отбасылық жанжал,  қарыз бен  жоқшылық бар.  Ал екінші себеп -экологиялық фактор.  Өйткені қабылдауыма Ақтөбе қаласынан бөлек  Атырау, Құлсары мен Аралдан келетіндердің қатары көп. Құнарлы тамақтанбаудың да кері әсері бар. Қазір адамдар бұрынғыдай экологиялық таза  тамақтарды көп тұтынбайды. Осының бәрі жүйкені тоздырады. Қазір жүйке аурулары көп. Әсіресе, коронавирустан кейін көбейіп кетті. Адамдардың көбінде пандемиядан кейін күйзеліс басталды. Бір ғана дәлел. Қазір мен жұмыс істейтін  облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта  туберкулезбен ауыратын 97 адам жатыр. Бұл-өте аз. Яғни, туберкулезді жеңдік деген сөз. Ал психикалық денсаулық орталығының бір ғана әйелдер бөлімшесінің өзінде 90 адам жатыр. Мұндай 7 бөлімше бар. Осыдан-ақ жүйке жүйесі ауруларының қаншалықты көбейгенін білуге болады.

 

Қандай белгілер болған кезде невропатологпен кеңесу керек? Жүйке жүйесімен байланысты ауруларды анықтауға диагностиканың қай түрі көмектеседі?

    Ең бірінші, ұйқының бұзылуы. Екі аптадан артық  уақыт ұйқы бұзылса, бірден невропатологқа  жүгінген жөн. Әдетте, егде жастағы  адамдар ұйқы бұзылса, қалыпты деп есептейді. Алайда бұл - патология. Адамның бұрынғысынша жақсы жаңалық естісе, қуана алмауы, көңіл-күйінің жоқтығы,  себепсіз жылауық болуы... қалыпты жағдай емес. Мұны кейбіреулер көңілшектік деп, мінез-құлыққа таңуы мүмкін. Алайда аурудың себебін анықтап, қараған жөн.  Мұндай жағдайда науқастың шағымын тыңдап, анализдерге жіберемін. Қажет болса, МРТ (магнитті-резонанстық томография), Электроэнцефалограмма (ЭЭГ) тағайындаймын. Осы арқылы проблеманың бар-жоғына көз жеткіземіз. Өкінішке орай,“бес литрлік су әкеліп бер” дейтін емші емеспіз. Мен анализдерге қараймын. Ферритин мен гармондарды тексеремін. Өйткені  қалқанша безінің гармондары да көңіл-күйге әсер етеді. Гипотиреоз немесе  гипертиреоз болуы мүмкін. Егер бұзылыс болса, эндокринологқа жіберемін.

 

Жүйке аурулары жасқа қарай бөліне ме? Яғни белгілі бір жастағыларда мына түрі көбірек кездеседі дегендей. ..

  Әрине. Шизофрения жастарда көп кездеседі. Әсіресе, 20-25 жаста. Тәжірибемде қабылдауыма  14 жастағы жасөспірімдерді  де алып келген сәттер  болды. Ал деменция үлкен адамдарда кездеседі. Ұмытшақ болып, немерелерін танымай жатады. Өкінішке орай,  қазақтарда көбіне үлкен кісілер  ақылынан адасса,  “үлкендік қой, алжыды” дейді. Халықтың  надандығы десем, ауыр естілер. Науқасты дәрігерге әкелмейді. Негізінде адам үлкейген сайын алжымайды, қайта ми клеткалары дамиды. Мұндай адамдар тұрақты түрде дәрі ішуі керек. Алайда бізде көбіне мамандарға бармайды.

 

Энурездің себебі не? Оны да емдеуге бола ма?

 Энурездің пайда болуына екі түрлі себеп бар. Энурездің себебі тек қуықта емес.Ол орталық жүйке жүйесінен де болуы мүмкін. Энурез, яғни түнде зәр ұстай алмау  ми мен қуық арасындағы жүйке байланысының толық жетілмеуінен немесе бұзылуынан туындайды.  Бұл ауру 90 пайыз балаларда кездеседі. Кейде ересектерде  де болады. Бірақ сирек кездеседі. Сол себепті мен қабылдауыма келген адамның алдымен урологтан кеңес алып, талдауларды тапсыруын сұраймын. Маған ақшасын, ресурсын, энергиясын құртпасын деймін. Бәлкім, урологиялық себеп бар шығар. Бұл ауру емделеді. Бірақ ұзақ уақыт алады.

 

Балаларда ұстамалар жиі кездеседі. Оның себебі мен қалпына келу жолы қандай?

Эпилепсия, яғни қояншық ауруының екі түрлі себебі бар. Алғашқысы генетикалық себептерден болуы мүмкін. Егер тұқымда болмаса, ауру адам белгілі бір себептермен басынан жарақат алса, қан құйылып, инсульт болса, ісіктер болса  пайда болуы мүмкін. Эпилепсияның генетикалық түрі қиындау. Науқасқа мүгедектік тағайындалып, өмір бойы дәрі ішеді.   

 

Жүйке аурулары тұқым қуалай ма?

Иә, тұқым қуалайды. Шизофренияның белгісі бар науқастардың кейбіреуінде   әкесі мен шешесінің тұқымында ауырған адамдар болады. Бұл ауру тұқымда болмаса да жүре келе пайда болуы мүмкін. Қазір кез-келген адам стресте жүр деуге болады. Қарапайым оятқышпен оянудың өзі-стресс.Адам күйгелектенген кезде организмде кортизол деңгейі ("күйзеліс гормоны") көтеріледі.Бұл жүйкені жұқартады, адамды шаршатады. Жүйке ауруына әйел адамдар көп шалдығады. Олар -эмоциональды халық. Ал ер адамдар іштен тынады. Сәйкесінше, олардың арасында инфаркт, инсульт көп.

Аурудың бәрі жүйкеден” деген пікір бар. Сіз бұл оймен қаншалықты келісесіз?

  Мен бұл пікірмен 100 пайыз келісемін. “Уайым-қайғысыз адам қара суға да семіреді”  деген сөз бар. Бұл-шындық. Қандай нәрседе де баланс болуы керек. Ақша маған да жетпейді. Несие менде де бар. Бірақ  мен демалыс болса, қыдырып кетемін. Жүйкені шаршатпау керек. Сол сәтте өмір сүру керек. Адам қанша білімді болса да, зейнет жасына жеткенде жұмысынан кетуі керек. Әйелде де, 55 жаста ер адамда да климакс болады. Бұрынғыдай емес, ол  кезде адамның энергиясы азаяды, шаршайды. Мұндай кезде адам демалуы керек. Мәселен, бас сақинасы немесе  мигрень  деген ауру жиі айтылады.Бұл аурулар негізінен жүйкенің жұқаруынан, әлсіздіктен туындайды. Адамға көбіне шешесі жағынан беріледі. Бұл аурумен  мұғалімдер, тәрбиешілер көп ауырады.Бас сақинасына перфекционист адамдар бейім. Олар кез-келген дүниені мінсіз орындауға тырысады.Олар шаруасы бітпесе, түнімен уайымдап жатады. Бұл дұрыс емес. Өйткені емделмесе, мұның соңы  инсультқа алып келуі мүмкін.

 

Депрессияны уақытында емдемесе, қаншалықты зиян?

 Көп адамдар босанғаннан кейінгі депрессияны елемейді. Бұл - диагноз. Оны емдеу керек. Өйткені әйелдер мұндай кезде өзінен өзі жылайды, баласын мүлдем көргісі келмейді.  Бұл жағдай  асқынса, әйел балаларына, өзіне қол жұмсауы да мүмкін. Алайда көп жағдайда депрессияны емдемейді. Көбіне жүйкесі ауыратын науқастар невропатологқа, психиатрға емес, емшіге, құмалақшыға барады. Содан кейін ауруын асқындырып барып дәрігерге келеді. Мен емшілерді де жоққа шығармаймын. Ақтөбеде де сырласатын, сөйлесетін, сыйлайтын  апаларым бар. Бірақ науқас бірінші дәрігерге келгені дұрыс. Ғылыми түрде, 99 пайызға емдеуге тырысамыз. Егер қолымыздан келмей жатса, онда емшіге барсын. “Үмітсіз шайтан” дейді. Бірақ өкінішке орай, емшіге барады. Тек содан кейін ғана бізге келеді. Ауруды асқындырып алғаннан кейін оны емдеу қиынға соғады. Осыдан үш жыл бұрын әйелі мен күйеуі келді. Ер адам 35-те, әйелі 32 жаста. Ақтөбе қаласының тұрғындары. Әйелдің  көзіне елестер көрінеді, дауыстар естиді, жылайды, өз-өзіне қол жұмсағысы келеді. Маған қабылдауға келді. Педагог екен. Жұмыста  стресс болған. Анамнезінде, яғни ауру тарихында  12 жыл бұрын анасы қайтыс болған. Содан кейін қатты стресс алып қалған. “Аруханаға жатқыз” дедім. Бірақ күйеуі келіспеді. Ақыры емші аралаған, молдаларға барған. “Ішінен үш жын шығардық” деп хабарласты. “Қазір жақсы, тынышталып қалды” деді. Бірақ мұның бәрі уақытша, психотерапия екенін түсіндім.. Екі апта өткеннен кейін “Үйде айқай болып жатыр. Қырып-жойып жатыр” деп хабарласты. Ақыры жолдама беріп жатқызып,  бір ай емделді. Қазір жағдайы жақсы. Көбіне адамдар ауруханаға жатып, емделуден қорқады. Есепке тіркелуден қорықпау керек. Ауруханаға жатпай, өзіне қол жұмсаған адамдар да болды. Бұл - психикалық ауру. Арты орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Адамдар осыны түсінсе деймін.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Жансая ЕСМАҒАНБЕТ

@jansaya_esmaganbet


Ақтөбе облыстық психикалық сауықтыру орталығында жүйке жүйесі ауруларымен  бүгінгі күнде 9226 адам диспансерлік бақылауда тұр. Бас дәрігер Серік Жанильсиновтың айтуынша, жүйке жүйесі аурулары көбеюде. Науқастардың саны былтырғыдан көбейген.Есепте тұрғандардың 5400-ге жуығы ер адам, ал қалғандары  әйелдер. Бірінші орында ақыл естін кемістігі диагнозы, екінші шизофрения, үшінші орында органикалық психикалық бұзылулар диагнозы. Ал биыл емдеу мекемесінде  427 адам емделіп шыққан.

Әлеумет
15:30, 26 март 2026
242
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив