“Ағамның жұмбақ өлімі”

 

Ақтөбе қаласының тұрғыны  Әсел Төлегенқызы  ағасының өліміне полицейлерді кінәлайды. Ол дәрігерлер дер кезінде көмек көрсеткенде, бауырым аман қалар еді дейді.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktoe@gmail.com

“Kерек info” газетінің редакциясына қала тұрғыны  Әсел Төлегенқызы келіп, болған жағдай  туралы егжей-тегжейлі  айтып берді. Келіншектің айтуынша, оның ағасы 2024 жылдың 29 тамызында көз жұмған. Қайғылы оқиға отбасына ауыр соққы болып тиген. Марқұмды жерлеу рәсімі 31 тамыз күні өткен.

-Оқиға 21 тамызда болды. Сол күні ағам базар маңында ішімдік ішіп, полиция қызметкерлеріне ұсталған. Ол қарсылық көрсеткеннен кейін тәртіп сақшылары күш қолданған. Бейімдеу орталығына барғаннан кейін  де көліктен түскісі келмейді. Сол кезде  полицейлердің бірі бауырымды  итеріп жібереді. Ағам жерге құлап, құлағынан ауыр жарақат алған. Оқиға куәгерінің айтуынша, қан кетіп жатқанына қарамастан, алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген. Бейімдеу орталығының дәрігерлері де қабылдаудан бас тартып, оны мекеме маңында қалдырып кеткен. Кейін ағам көшеде есінен танып,  жерге  құлап қалады.  Жедел жәрдем қызметін кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдардың бірі шақырған,-дейді қарындасы.

Әсел Төлегенқызы  ағасына  дер кезінде  медициналық көмек көрсетілмегенін айтады.

-Ағамды  қалалық жедел медициналық көмек ауруханасына жеткізіп, құлағына тігіп берген. Алайда жағдайының ауырлығына қарамастан, ауруханаға жатқызбай, үйге қайтарып жіберген. Сол күні таңға жақын біздің үйге келді. Ағамның денесінде сау жер қалмаған. Болған жағдай туралы бәрін айтып берді.  Өзін  полицейлердің соққыға жыққанын айтты, -дейді қарындасы Әсел.

“Ағам ауыр соққы алған”

Бір аптадан кейін  ағасы Әсеттің  қайтыс болғаны туралы хабар келген. Ресми мәлімет  бойынша, ол алкогольден улану салдарынан көз жұмған. Алайда туыстары бұл нұсқамен келіспейді. Олардың айтуынша, 28 тамыз күні қаладағы демалыс орындарының бірінде марқұмды  белгісіз адамдар соққыға жығып кеткен. Әсіресе, бұрын жарақат алған құлақ тұсына бірнеше рет соққы жасалған көрінеді. Қан кетіп жатқанына қарамастан, оқиға орнына  жедел жәрдем шақырылмаған. Кейін көшеден өтіп бара жатқан әйел адам оны байқап, дәрігерлерді шақырған. Бірақ туыстарының сөзінше, келген медициналық қызметкерлер де тиісті деңгейде көмек көрсетпеген.Марқұм ауруханаға жеткізілген кейін де толық медициналық  тексеру жүргізілмеген.  Тек қанында алкоголь бар екені анықталып, облыстық психикалық денсаулық орталығына жіберілген. Емдеу мекемесінде  оған система салған. Алайда марқұм төрт сағаттан кейін көз жұмған. Әсел Төлегенқызы тағы бір күмәнді жайтты алға тартады. Оның сөзінше,  полиция қызметкерлері марқұмнан «ешкімге шағымым жоқ» деген мазмұнда видео түсіріп алған. Ол “бұл жауапкершіліктен жалтару әрекеті болуы мүмкін” деген пікірде. Марқұмның туыстары істің толық әрі әділ тергелуін талап етеді. Олардың пікірінше, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар – полицейлер де, медициналық қызметкерлер де  заң алдында жауап беруі тиіс. 

Полиция: ”Қылмыстық іс тоқтатылды”

 Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жайтқа қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын  хабарлады.

- Ақтөбе қаласы тұрғынының өлімі  бойынша оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жан-жақты толық тергеу жүргізілген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сот-медициналық сарапшының әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмаған. Осыған байланысты қадағалаушы органның келісімімен іс өндірістен қысқартылған,-деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

 

Марқұм есепте тұрған

Дәрігердің айтуынша, марқұм 2017 жылдан бері алкогольге тәуелділік синдромы бойынша есепте тұрған. Соңғы бес жыл ішінде ол бірнеше рет өз еркімен емделген. Сот шешімімен мәжбүрлі түрде де  бірнеше рет  ем қабылдаған. Бұдан өзге  науқастың  қосалқы аурулары болған.

-Ол 29 тамыз күні жедел жәрдем ауруханасынан кейін ауыр жағдайда орталыққа түсті. Науқас ауруханаға түскен сәттен бастап тиісті медициналық көмек толық көлемде көрсетілген. Науқастың ұзақ уақыт бойы алкогольді шамадан тыс тұтынуы салдарынан туындаған интоксикация белгілері мен асқынулар оның өліміне себеп болды,-дейді интенсивті терапия палатасының меңгерушісі Қыран Ұзақбайұлы.

Құқықтық ескерту

Материалда келтірілген мәліметтер редакцияға келген кейіпкердің айтуы бойынша жазылған.  Редакция жарияланған материал арқылы қандай да бір мемлекеттік органның немесе жеке тұлғаның ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіруді мақсат етпейді. Құқық қорғау органдары немесе өзге тараптар пікір білдіруге ниет танытқан жағдайда редакция оны жариялауға дайын.

Қоғам
12:30, 14 апрель 2026
1 453
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив