Робототехниканың халықаралық жарысында ақтөбелік оқушылар рекорд жаңартты
Ақтөбе қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің оқушылары халықаралық FIRST робототехника жарысында үздік нәтижеге қол жеткізіп, Қазақстанда жаңа рекорд орнатты. Осылайша бір мектептің 4 командасы халықаралы жарыстың Орталық азия кезеңіне жолдама ұтып алды. Бұл жетістіктің басында 11-сынып оқушылары құрған «Gambit» командасы тұр. Ақтау қаласында өткен FIRST атты әлемдік жарысында ақтөбелік оқушылар Қазақстанның рекордын жаңартты.
Мерей КЕРЕЙ
Соңғы жылдары Қазақстанда FIRST атты халықаралық робототехника жарысы жиі атала бастады. Бұл – балалар мен жасөспірімдерге арналған, ғылым мен технологияға қызығушылықты арттыруды мақсат еткен әлемдік деңгейдегі жоба. FIRST атауы ағылшын тіліндегі For Inspiration and Recognition of Science and Technology деген сөз тіркесінен шыққан. Яғни, «ғылым мен технологияға шабыт беру және оны мойындату» деген мағынаны білдіреді. Жарыс барысында оқушылар команда болып бірігіп, робот құрастырады, оны бағдарламалайды және арнайы тапсырмаларды орындауға үйретеді. Бірақ FIRST тек робот жасаумен шектелмейді. Мұнда балалар командалық жұмысқа, жауапкершілікке, көшбасшылыққа, өз ойын дәл жеткізуге үйренеді. Команда өз жұмысын өткен оқу жылында, лицей қабырғасында бастаған. Алғашқы кезде робототехника саласында тәжірибелері аз болғанына қарамастан, табандылық пен үздіксіз еңбектің арқасында сол жылы-ақ FIRST жарысының FLL санаты (ортаңғы деңгей) бойынша Орталық Азия кезеңіне жолдама алды. Дегенмен, тәжірибенің аздығы салдарынан команда бұл кезеңде жоғары нәтиже көрсете алмады.
- Алайда бұл сәтсіздік керісінше бізге үлкен серпін берді. «Gambit» командасының алғашқы қадамдары лицейдің кіші сынып оқушыларына үлгі болып, олар да өз командаларын құра бастады. Аға буын өз білімдері мен тәжірибелерін бөлісіп, нәтижесінде «Gambit JR», «AqBIL Innovators» және «AqSonix» атты жаңа командалар құрылды. Бұл командалардың барлығы FIRST жарысының FLL санатына қатыса бастады. Ал негізгі «Gambit» командасы өз жолын FTC санаты – ең жоғары деңгейге бағыттады,- дейді лицей оқушысы Дәурен Оспанов.
Оқу жылының басынан бері төрт команда да тынымсыз дайындалып, жарыстың жоғары кезеңдеріне шығуды мақсат етті. Алғаш болып келесі кезеңге жолдаманы Ақтөбе қаласында өткен жарыста «Gambit JR» командасы жеңіп алды. Одан кейін «AqBIL Innovators» командасы Бішкек қаласында өткен сайыстан шақырту әкелді. Ал жуырда Ақтау қаласында өткен жарыста «Gambit» пен «AqSonix» командалары да келесі кезеңге жолдама иеленді.
- Алғашында робототехника біз үшін мүлде бейтаныс сала болды. Қателестік, жеңілдік, қайта тұрдық. Бірақ сол жеңілістер бізді шыңдады. Қазір біз тек робот құрастырып қана қоймай, командамен жұмыс істеуді, бір-бірімізге сенуді үйрендік. Ендігі арманымыз – Хьюстондағы әлемдік кезеңге жету, – дейді «Gambit» командасының мүшесі Дәурен Оспанов.
Болашақ инженерлердің ендігі мақсаты – АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңге жолдама алу. Айта кету керек, Орталық Азия кезеңінде FTC санаты бойынша шамамен 80, ал FLL санаты бойынша 180-ге жуық команда бақ сынайды. Солардың 30 пайызға жуығы – шетелдік командалар.


