«АИТВ туралы не білеміз?»

 

АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) – адамның иммундық жүйесін зақымдайтын созылмалы вирустық ауру. Бұл вирус ағзаның қорғаныс қызметін әлсіретіп, түрлі инфекциялар мен ауруларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Егер адам уақытында ем қабылдамаса, аурудың соңғы кезеңі – ЖИТС дамуы мүмкін. ЖИТС – жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы. Бұл АИТВ-инфекциясының ең ауыр сатысы болып саналады. Осы кезеңде иммундық жүйе қатты әлсіреп, адам ағзасы қарапайым инфекцияларға да қарсы тұра алмай қалады.

АИТВ тарихы

1980 жылдардың басында дәрігерлер кейбір адамдарда өте сирек кездесетін инфекциялар мен қатерлі ісіктердің көбейгенін байқады. Науқастардың иммундық жүйесі қатты әлсіреп, ағзалары ауруларға қарсы тұра алмайтын жағдайға жеткен.

1984 жылы ғалымдар Люк Монтанье мен Роберт Галло осы аурудың себебі адамның иммун тапшылығы вирусы екенін анықтады. Содан бері АИТВ-инфекциясы бүкіл әлемде маңызды медициналық және әлеуметтік мәселеге айналды.

АИТВ  ағзаға қалай әсер етеді?

АИТВ ағзаға енгеннен кейін иммундық жүйенің негізгі қорғаныш жасушалары – CD4 лимфоциттеріне шабуыл жасайды. Бұл жасушалар адам ағзасын түрлі инфекциялардан қорғайды.

Вирус осы жасушалардың ішінде көбейіп, оларды біртіндеп жоя бастайды. Соның салдарынан иммунитет әлсірейді. Егер CD4 жасушаларының саны өте азайса, ағза қауіпті инфекциялар мен ауруларға қарсы тұра алмай қалады.

 АИТВ-ның берілу және берілмеу жолдары

АИТВ қорғалмаған жыныстық қатынас, ортақ ине мен шприц қолдану, инфекциясы бар қан арқылы, сондай-ақ анадан балаға жүктілік, босану кезінде немесе ана сүті арқылы берілуі мүмкін.

Ал күнделікті қарым-қатынас кезінде АИТВ жұқпайды. Атап айтқанда, қол алысу, құшақтасу, бірге тамақтану, ортақ ыдыс пайдалану, жөтелу, түшкіру немесе маса шағуы арқылы вирус берілмейді.

АИТВ  қалай анықталады?

АИТВ-инфекциясы арнайы зертханалық тексерулер арқылы анықталады. Негізінен қан талдауы жүргізіліп, ағзадағы вирусқа қарсы антиденелер, вирустық жүктеме және иммундық жүйенің жағдайы тексеріледі. Қажет болған жағдайда ПТР-зерттеуі мен CD4 жасушаларының деңгейін анықтау әдістері қолданылады. АИТВ-ны ерте анықтау емді уақытында бастауға мүмкіндік береді.

АИТВ-инфекциясын емдеу

Қазіргі таңда АИТВ-инфекциясын толық жазып шығаратын дәрі жоқ. Дегенмен антиретровирустық терапия вирустың ағзада көбеюін тежеп, адамның денсаулығын ұзақ уақыт бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Бұл ем иммундық жүйені сақтауға, аурудың асқынуын баяулатуға, өмір сапасын жақсартуға және инфекцияның басқа адамдарға берілу қаупін төмендетуге көмектеседі.

Мамандардың айтуынша, емді тұрақты қабылдайтын адамдар ұзақ әрі белсенді өмір сүре алады.

Кей жағдайларда антиретровирустық терапия кезінде әлсіздік, жүрек айну, бас ауруы, ұйқысыздық, іш өту немесе тері бөртпелері сияқты жанама әсерлер байқалуы мүмкін. Сондықтан емдеу дәрігердің тұрақты бақылауымен жүргізіледі.

АИТВ-ның алдын алу жолдары

АИТВ-инфекциясының алдын алу үшін қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын сақтау маңызды. Атап айтқанда, қорғаныш құралдарын қолдану, кездейсоқ жыныстық қатынастан бас тарту, стерильді медициналық құралдарды пайдалану және ортақ ине мен шприц қолданбау қажет.

Жүкті әйелдер екі рет, есепке қою кезінде, 28-30 апталық жүктілікте және әйелдің жыныстық серіктестері бір рет АИТВ-ға  тексерілу міндетті болып табылады, бұл болашақ баланы инфекция жұқтыру қаупінен қорғауға мүмкіндік береді.

АИТВ-инфекциясы қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болғанымен, медицина жетістіктерінің арқасында онымен өмір сүретін адамдар толыққанды өмір сүре алады. Ең маңыздысы – ауруды ерте анықтау, емді үздіксіз қабылдау және алдын алу шараларын қатаң сақтау.

Әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, АИТВ туралы дұрыс әрі нақты ақпаратқа ие болуы тиіс. Сондықтан тұрақты түрде АИТВ-ға тест өтіп отыру ұсынылады.

 Аян Камидолла

Облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының

эпидемиолог маманы.

 

Әлеумет
15:00, 21 май 2026
486
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив