"Тоқал екенімді анам бетіме баса береді"

«Сырласу» айдарына келетін хаттар көп. Кей тағдыр иелерімен тіпті өмірде кездесіп, дәмдес те болдық. Әр адамның сырты күліп жүргенімен, ішінде түрлі тағдыры бар. Сөйлете білсең, төгілер түрлі сыры бар. «Сырласудың» әр кейіпкерімен сөйлескен сайын, «әр адам- бір кітап» деген ойға келемін. Бүгінгі кейіпкеріміздің есімі – Алтынгүл (есімі өзгертілген-ред). Жасы 25те. Бір бөпесі бар әп-әдемі келіншек. Сырттай тіпті еш мұңы жоқтай көрінеді. Бірақ...

Индира КЕРЕЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Алтынгүл екеуміз кездейсоқ таныс болдық. Мен ұлымды, ол қызын ойнатып жүргенбіз. Екі бала бірдеңеге таласып, аяқ астынан қырғи-қабақ болып, төбелесіп қалды. Ұлымды алып келіп, «қызды ұруға болмайтынын» түсіндіріп отырсам, ол да қызына «жігітпен жағаласып, арпалыса кетпеу керегін» айтып отыр екен. Екеуміз де бір бірімізге қарап күліп жібердік. Әдетте, мұндай жағдайда екі маманың бір-бірімен келісе қоюы екіталай. Баладан бетер бет жыртысып, бір бірімен төбелесуге дейін баратындарды көріп жүрміз ғой. Мына келіншектің сыпайылығы мен қызына айтқан тәрбиесі қатты ұнап қалды.

  • Индира,- дедім өзім қолымды созып, танысуға ниет білдіріп.
  • Алтынгүл,- деді ол да жымиып.

Екеуміз сол жерде аналарының түріне қарап, өздері де еріксіз тынышталып қалған екі сәбиді бірге ойнатып жіберіп, ойын алаңының ортасындағы орындыққа жайғастық. Бұрын таныс емес екі адамның әп дегенде сөйлесе кетуі де қиын ғой. Анау-мынауды әңгіме етіп отырғанда, оған біреу звондады. «Ол бәйбішесінің үйінде, бүгін үлкен үйде қонам деді» деген сөзіне қарап, еріксіз елең еттім. Иә, иә, кәсіби әдет. (Тілші қауымы сондай енді)

  • Жолдасың бұрын ажырасқан ба еді?,- дедім ол сөйлесіп болған соң.
  • Жоқ, күйеуімнің екі отбасы бар. Мен тоқалмын,- деді ол жайбарақат.

Кенет түрім өзгеріп кеткен болса керек, маған қарап күліп жіберді де:

  • Оған неге таң қаласың? Қазір екінің бірі ойнас, көңілдес ұстайды. Біздің отағасы керісінше екі отбасы ұстап, зинадан сақтанып жүр,- деді.
  • Иә, солайы солай шығар. Бірақ мен күйеуімді басқа біреумен бөлісе алмайтын сияқтымын,- дедім салмақты дауыспен.
  • Ал, сенің күйеуіңнің жасырын басқа біреуі жоқ дегенге толық сенімдісің бе? Жасырып, елден қашып тығылып жүргенше, осылай некесін қиып, ашық екі отбасын ұстағаны жақсы емес пе?
  • Мүмкін.... Енді әркім өз таңдауын жасайды ғой. Сен қалай бұған келісіп жүрсің? Жап-жассың, өзіңе лайық ешкім табылмауы мүмкін емес қой?
  • Менің қазіргі күйеуім маған лайық емес дегің келе ме?
  • Лайық деп санасаң, әрине, лайық саған. Дегенмен, отбасы деген тек екі адамның одағы емес пе еді? Үштікке қалай жол беріп жүрсің?,- деп мен де тықақтап қоймаймын.

Алтынгүл бір сәтке қабағын түйіп, ойланып қалды. Оның жүзінен менің сұрағымды жақтырмай тұрғанын, немесе менің өзімді жақтырмай тұрғанын анық аңғара алмадым.

  • Негізі, айтуың дұрыс. Осы сөзді басқа түгіл, өзімнің туған шешем де күнде қояды. Тоқал екенімді тіпті бетіме басатынын қайтерсің? Атымды атамай, мені көрсе «тоқал келе жатыр» дейді. Анамнан осындай сөз естігесін, басқалардың сөздеріне ренжуді қойдым,- деді бір кезде.

Осы арада әңгіменің ұзаққа кететінін сезгендей болдым. Ойын алаңындағы кафеге қарай беттедік.

  • Мен үш қыздың бірімін. Үйде ортаншы баламын. Апам мен сіңлім де өз құтты орындарына қонып, өз өмірлерін сәтті құрды. Мен біраз жүріп қалдым,-деп бастады ол әңгімесін.

Ұзағырақ дегенде қалай енді? Оқуымды бітіріп, бір жылдай жұмыс жасадым. Сол аралықта тума-туыстың бәрі мені енді байға шықпай қалатындай, осы отырғаным мәңгіліктей, бетіме айта бастады. Ерінбегеннің бәрі маған «күйеуге қашан тиесің?» дей беретін. Оның үстіне артымнан ерген сіңлім 19 жасында тұрмыс құрып кеткен соң, сонымен салыстырып, мен енді кәрі қыз статусына еріксіз көшіп кеткендей болдым. Солай жүргенде жұмыста ауыс-түйіс болып, басшының орынбасары ауысты. Жасы 40-тарға келген ер кісі келді. Өте білімді, өте сыпайы және өте қарапайым адам екен. Мен жасайтын салаға тікелей жауап беретін сол орынбасар болған соң, жұмыста жиі кездесіп қала беретінбіз. Солай жүргенде бір күні жұмыстан тым кештеу шығып, мені үйге дейін өз көлігімен шығарып салды. Отбасы бар екенін білетінмін. Қолынан да неке жүзігін тастамай тағатын. Соған қарап, «не деген адал азамат?» деп іштей өзіме де осындай жар жолықса екен деп тілейтін болдым. Сол үйге шығарып салғаннан кейін маған ватсапта жұмыстан тыс уақытта да жазатынды шығарды. Мен де жауап қайтарып, сөзді көбейтіп қайтейін, ақырында екеуміз бір-бірімізге тек әріптес ретінде қарамайтын болдық. Бірақ, арзан қылық көрсетіп, қол жүгіртіп немесе басқа да арам ой білдірген емес. Қашанда қамқор, мейірімді, сыпайы қалпынан танбайтын. Солай 4-5 ай өтті ғой деймін. Бір күні түскі үзілісте мені тамақтануға шақырды. Шықтық. Сол ас үстінде маған «Менің отбасым бар екенін білесің. Сүйіп қосылған жарыма опасыздық жасағым келмейді, оны тастап кеткім келмейді. Бірақ, сені де ойламасам тұра алмайтын жағдайға жеттім. Келіншегіммен сөйлестім, әлі жауабын бермеді. Бірақ қарсы да болмады. Егер келіссең, сенімен некемізді қидырып, менің екінші отбасым бол. Екеуіңнің де жағдайыңды жасауға шамам жетеді. Тек шын ризалығыңмен келсең болғаны» деп күтпеген ұсыныс жасады. Ойлануға уақыт сұрадым. Содан үйге келіп анаммен ақылдасып едім, анам мүлдем қарсы болды. Тіпті миына да кіріп шықпады. Тіпті менің бұл ұсыныс туралы ойлануға уақыт сұрағанымды да қатты тергеп, ренжіді. Бірақ, мен өз жүрегімді тыңдап, ақыры сол кісіге ерге шықтым. Қазір бір қызым бар. Ол өз уәдесінде тұрып, екі отбасының да жағдайын жасап отыр. Бәйбішесінің қандай жағдайда екенін білмеймін, ол кісімен араласқан емеспін. Өзіме келетін болсам, өміріме ризамын. Әйел ретінде де бақыттымын. Өйткені, күйеуім тарапынан бір жамандық көрген емеспін, тіпті жалғызсырап та көрмеппін. Қазір бала күтімімен үйде отырмын. Тек анам әлі күнге менімен араласпайды. Мереке, туған күн дегендерде құттықтап барсам, елдің көзінше «о, біздің тоқал келді» деп келемеждеп отырады. Өз анамнан ондай сөз есту маған ауыр, сол себепті көп барғым да келмейді,- деп ақтарылды. Алтынгүлдің басындағы жағдай қазір ешкімге таңсық болмаса да, біреудің өмірі біреуге қызық. Іштен бақыт тіледім. Әркім өз өмірінің шебері, өз тағдырының ұстасы.

Редакциядан: Егер Сіз де «Сырласу» айдарына өз өміріңіздің бір үзік сырымен бөліскіңіз келсе, +7 771 687 83 55 Ватсап нөміріне хат жазсаңыз болады. Анонимдікке кепілдік береміз.

Оқырман хаты (18+)
16:33, 10 февраль 2025
464
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив