Керегің – көз алдыңда
Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауы өтті. Кәсіпкерлер жергілікті шикізаттан жасалған тауарларын ұсынып, нарықты кеңейтуге мүмкіндік алды.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
jansaya_esmaganbet
“Бір ауыл – бір өнім” көрмесіне қойылған заттар сан алуан. Кәсіпкерлердің бірі шоколадпен қапталған құрт әзірлесе, енді бірі ешкі сүтінен сабын жасап шығарған. Сөредегі төрт түлік малдың еті мен сүтінен жасалған өнімдер, этникалық нақыштағы зергерлік бұйымдар, бал өнімдері мен дәмі тіл үйірер құлпынайдың кейпі көз жауын алады. Жәрмеңке түрінде өткен көрмеде өз өнімін ұсынғандардың қатарында шалқарлық қолөнер шебері Аманкүл Ешмағанбетова да бар. Бұрыннан қыз жасауын жасап жүрген кәсіпкер бұл жолы түйе жүнінен жасалған қол өнер бұйымдарын әкелген.
- Ертеде ата -бабаларымыз түйе жүнінің емдік қасиеті бар екенін білген. Аяқ сынса, буын іссе шуданы тұзбен араластырып, таңған. Сол себепті түйе жүнінен жасалған өнімдерді жасап, халыққа кеңінен таныстырғым келеді.біздің қазақи бұйымдардың қасиетін пайдасын шетел білсе екен деймін. Бұрынан жылы кеудеше, гамаз, қолғап, шұлық тоқып жүрмін. Соңғы уақытта заманауи бала ойыншықтарын, мойын жастығы мен моншақ қосылған білезіктер, балалар жаялығын жасап жүрмін. Қазіргі синтетикалық өнімдерге қарағанда тоқыма өнімдерінің пайдасы өте көп. Суық өтпейді. Терлетпейді, тамырға қан жүргізеді. Жаялықты массаж жасауға қолдануға болады,-дейді ол.
Шебер тоқуға қажетті жіпті өзі әзірлейтіндігін айтады. Жүнді жуып, ұршықпен иіреді. Соңыра түйе жүнінен ерекше бұйымдар жасайды. Өнімдері де сұранысқа ие. “Әсіресе , былтыр қыста Алматыдан көп тапсырыс түсті”дейді Аманкүл Ешмағанбетова.
Малдың іш майынан жасалған сабындар
Ал Әйтеке би ауданынан келген кәсіпкер Темірбек Көнекбай жәрмеңкеге өзі жасаған сабындарды алып келген. Оның жұбайымен бірге бұл кәсіппен айналысқанына 5-6 айдың жүзі болған. Табиғи кір сабындар мен хош иісті сабындар көрмеге келушілердің қызығушылығын туғызып, бірден сатылып кетіп жатты.
-Сабындар еш қоспасыз, малдың іш майынан жасалған. Таза, табиғи ауылдық өнім. Ауылда шикізат қолжетімді. Ешқандай мәселе жоқ. Қазіргі таңда Әйтеке би ауданын толық қамтамасыз етіп отырмын. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, сұйық сабын шығарғым келеді. Айына 2-3 мың дана сабын шығарып жатырмыз.Тұрғындар өздері қолдануға,тойбастарға таратуға алады. Мемлекет тарапынан қолдау болса, грант берілсе жақсы болар еді, -дейді жеке кәсіпкер.
Жеңімпаздарға -5 млн теңгелік грант
“Бір ауыл – бір өнім” жобасы жергілікті өндірушілерді қолдауға, олардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған. Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтың сөзінше, бұл идея Жапонияда бастау алған. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттырып, бренд қалыптастыру.
- Биылғы көрмеге Ақтөбе қаласы мен облыстың 12 ауданынан 52 кәсіпкер қатысып отыр. Жылдан жылға қатысушылар саны артып жатыр. Былтыр 30-дан астам тауар өндіруші өз өнімін әкелген еді. Бұл жоба Жапониядан бастама алған. Басты мақсаты - ауыл халқының қалаға үдере көшуін тоқтату. Елімізде бұл жоба 3-4 жыл бұрын енгізілді. Осы жоба арқылы мемлекет ауылдың даму қарқынын көтеріп, дайын өнімді тек ішкі нарыққа емес, сыртқы нарыққа шығарғысы келеді. Комиссиялық жұмыс тобы жергілікті шикізат негізінде жасалған үздік он өнімді іріктеп алды.Кейін үздік ондықтан үш жеңімпаз анықталып,олар Ақтөбе облысының атынан республикалық деңгейде бақ сынайды. Бұл көрме жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өткізіліп отыр. Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге өнімді брендтеу және нарыққа шығару бойынша көмек көрсетіледі. Мемлекет тарапынан 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріліп, олардың үлкен нарыққа шығуына жағдай жасалады,-деді Дидар Боранқұлов.
Жанға дәру- жантақ шәйі
Көрмеде комиссия мүшелерінің ерекше қызығушылығын тудырған өнімдердің бірі -жантақ шәйі болды. Шалқарлық кәсіпкер Бекет Құдайбергенов түйенің сүйсініп жейтін сүйікті өсімдігінен емдік мақсатта өнім даярлауды атасынан үйренген көрінеді.Айтуынша, қария 109 жасқа келіп, өмірден өткен.
- Ауыл арасында жантақ шөбінің емдік қасиеті бар екенін бәрі біледі. Алайда оны ешкім осылай қорапқа салып, тауар түрінде сөреге шығара қойған жоқ. Атам шөпті жақсы танитын. Өзі 109 жасқа келіп, өмірден өтті. Бір ауырған емес. Биылдан бастап ата кәсіпті жалғастыру үшін жантақ шөбін шәй ретінде сатылымға шығаруды қолға алдым. Шөптің жер бетіне шығатын бөлігі , яғни гүлі мен тікенекті жапырағын емдік мақсатта пайдаланады. Әсіресе, оны ковид кезінде құрғақ жөтелге ем ретінде қолдандық. Кейде түйнегі мен тамыры да қолданылады. Жантақ шөбі ішкі құрылысқа, асқазан жарасына , бүйрекке, қуыққа тас байланғанда бірме -бір ем. Имммунитетті көтереді, ағзаның жұмысын қалпына келтіреді,-дейді жас кәсіпкер.
“Бір ауыл – бір өнім” жобасы аясында үздік ондыққа ілінген жантақ шөбі әзірге арнайы сертификаттаудан өтпеген. Кәсіпкер көрменің ата кәсіпті жалғастырып, өнімін кеңінен насихаттауға мүмкіндік ашатынынына сенімді.
Ерболаттың етіктері
Жеңімпаздарды таңдауда кәсіпкерлердің өз өндірісінде тек жергілікті шикізат пен қол еңбегін қолдануына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ өнім дизайнының әлеуеті, қаптамасы, тауардың өңірлік ерекшеліктері мен оның ішкі және сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігі бағаланды. Көрмеге қатысқан Ерболат Айтжанов келушілерге көпшілік үшін таңсық аяқ киім тігу кәсібін таныстырды. Кәсіпкер бүгінде шикізатты Алматы мен Шымкент қалаларынан алдырады. Айтуынша, болашақта шағын цехта етікке қажетті теріні өңдеп, былғары әзірлеуге мүмкіндік бар. Алайда әзірге қаржының тапшылығы қолбайлау болып отыр.
-Қазіргі таңда Шалқар қаласында шағын цехымыз бар. Қонышты етік , күнделікті киетін саптама етік пен балалар етігіне қоса жазғы сүйретпелер өндіріп жатырмыз. Аяқ киімнің сырты сиырдың, ал іші меринос қойдың терісінен жасалады. Шикізатты Алматы мен Шымкент қалаларынан алдырамыз. Болашақта американдық Red Wing аяқ киім компаниясын қайталап, әлемдік бренд жасағымыз келеді. Ауылдық жердегі кәдеге аспай жатқан терлерді илеп, өңдеу де жоспарымызда бар.Әзірге өндірісті кеңейтуге қаражат жағы жеткіліксіз, -дейді кәсіпкер.
Тың кәсіпке ден қойған Ерболат Айтжановтың сөзінше, етіктерге сұраныс жоғары.Тиісінше, баға да қолжетімді. Етіктердің құны 25-30 мың теңгенің айналасы. Кәсіп иесі цехта тігілген етіктердің қыста жылы екенін және толығымен табиғи өнімнен жасалғанын айтады.
Қазақтың рухы -қамшыда
Шалқар ауданы, Мөңке би ауылының шебері Якуда Маменов “Бір ауыл – бір өнім” көрме-байқауында дәстүрлі қолөнердің бірегей түрі-қамшыларымен көзге түсті. Оның сегіз өрім бала қамшысы, бұзаутіс, төртбұрыш қамшылары мен он өрімдік сәндік қамшылары көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.
- Жойылып бара жатқан өнерді қайта жаңғыртқым келеді. Қазақ қамшыны тек мал бағуға ғана емес, қару ретінде де қолданған.Қорғасын құйылған қамшымен қарсыласын жаралаған. Қазір оны беташарға, бәйгеге кеңінен қолданады. Бата берген құдаларға кәдесыйретінде, 7,13 жасқа толған балаларға сыйлық ретінде алады. Қамшыдан бөлек ер тоқымның түрлерін, былғары әмияндар мен белдіктер жасаймын. Сиыр терісін илеп, қайыс жасаймын. Шикізатты ауылда сойылған малдың терісін тұздап, айранға салып жұмсартамын. Ал тобылғыны Алматы жақтан алдырып отырмын. Өйткені ол жақта тобылғы жуан, ұзын болып өседі,-дейді шебер. Оның бұйымдарына көбіне Ақтау, Атырау, Бейнеу тұрғындары тапсырыс береді. Бір қамшының құны шамамен -20 мың теңге.
Көрмеге келгендердің арасында қобдалық қолөнер шебері Рәзия Ғалиеваның құлмақтан( хмель-ред.) жасаған жастығын тамашалаушылардың қатары да көп болды. Этно стильде ұлттық киім тігумен айналысатын кәсіп иесі ерекше иіс шығаратын көпшіктің шаршағанды басатын қасиеті бар екенін айтады.Айтуынша, құлмақтың құрамында эфир майлары бар. жастықшалар қан қысымын түсіреді. Тек демікпесі бар науқастарға ғана қарсы көрсеткіш бар. “Құлмақты Ресеймен шекаралас ауылдағы орманнан жинаймыз. Осыған дейін өзіміз жинап ,кептіріп келдік. Оның қасиетін, иісін жоғалтпау үшін арнайы қаптарда сақтаймыз. Жұмыс орнын ашқым келеді. Ауыл әйелдерін көбірек жұмыспен қамтамасыз еткім келеді.”-дейді шебер.
Үздік тауарлар-Ақтөбеде
Өнер орталығында “Бір ауыл – бір өнім” жобасымен бір мезетте“Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесі де өткізілді. Оған тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және басқа салаларда жұмыс істейтін 30-дан аса кәсіпорын өз өнімін ұсынды. Солардың бірі -мұздатылған бидай шырынын өндіретін “GREEN VITAMIN” ЖШС -гі. Бүгінде кәсіпорын айына 1200-1500 қаптама өнім шығарып отыр. Қазақстанның барлық қалаларын қамтамасыз етіп отырған серіктестік бір жылдан бері бидай шырындарын Ресей нарығына да шығара бастаған.
-Қостанайдың жоғары сұрыпты бидайынан шырын жасаймыз. Табиғи өнім, ешқандай қоспасы жоқ. Дәрумендерге өте бай. Мұздатылған бидай шырының 15 грамының қуаты 1,5 келі көкөніспен бірдей. Адамның ішкі құрылысына, асқорыту жүйесіне өте пайдалы. Өнімімізді тұтынушылардың қатары өте көп. Қазіргі таңда тек Қазақстан емес, Ресей нарығына шығып жатырмыз,-дейді кәсіпорын өкілі Мұрат Рахманберлин.
Бүгінде серіктестік 7 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сапа сертификатына ие серіктестік енді өндіріс көлемін ұлғайтып, айына 7-8 мың қаптама бидай шырынын шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек көрмеде мұнай-газ компанияларына арнайы қорғаныс аяқ киімдерін шығарумен айналысатын ”Спецобувьторг” ЖШС-гі де өз өнімдерін ұсынды. “Айына кемінде 35 мың жұп арнайы аяқ киім шығарылады. Шикізат Италиядан әкелінеді. Аяқ киімдер халықаралық талаптарға сай келеді. Сапалы өгіз терісінен жасалған. Егер сұраныс болса, айына 40-45 мың жұп аяқ киім шығаруға дайынбыз. Алайда әзірге өндірісті тоқтатып қойдық. Өйткені сұраныс аз. “Қазақстанның үздік тауары” көрмесі бізге нарықта жаңа тапсырыс берушілерді табуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сеніміміз бар”-дейді кәсіпорын өкілі Данияр Жұбаниязов. Байқау қорытындысы бойынша үш номинация бойынша 9 жеңімпаз анықталды. Енді олар облыс атынан “Қазақстанның үздік тауары” республикалық байқауына қатысады.
Айта кетелік, бүгінде облыста 86 мыңнан астам кәсіпкер бар. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың сөзінше, Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнім көлемі 1 155,3 млрд теңгені құрады, яғни 102,6% өсімге қол жеткізілді. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп құрылымындағы өңдеу секторының үлесі 34-тен 41%-ға дейін өсті. Бұл - облыстың шикізатқа тәуелділіктен арылуының және өңдеу өнеркәсібі дамып жатқанының дәлелі.
“Қазақстанның үздік тауары” өңірлік көрмесінің жеңімпаздары
“Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” номинациясында көш бастағандар: “Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты” ЖШС (муфталы және насос-компрессорлық құбырлар өндірісі), ”Спецобувьторг” ЖШС (арнайы қорғаныс аяқ киім өндірісі) және “Ақтөбе рельс-арқалық зауыты” ЖШС (рельс өнімдері мен фасонды прокаттар өндірісі).
“Халыққа арналған үздік тауарлар” номинациясында жеңімпаздар: “Зәру” шаруа қожалығы (пантогематоген өндірісі), “Амандос Айнель” ЖК (ұлттық киімдер өндірісі) және “PC Grant” ЖШС (тұрмыстық химия өндірісі).
“Азық-түлікке арналған үздік тауарлар” номинациясында үздіктер деп танылғандар: “Gazer” ЖШС (сүт өнімдері өндірісі), “Greenhouse Kazakstan” ЖШС (қызанақ өндірісі) және “GREEN VITAMIN”ЖШС (мұздатылған бидай өскіндерінің шырыны өндірісі).
«Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде жартылай финалға шыққан 10 жеңімпаз:
1️⃣ ЖК Жұмабекова Гүлжанат – ешкі сүтінен сабын өндірісі, Әйтеке би ауданы
2️⃣ ЖК “Эко өнім” Мұрзагүл Жасмир – құлпынай өсіру, Алға ауданы
3️⃣ ЖК Абданбаева Алина – шоколадпен қапталған құрт, Ақтөбе қаласы
4️⃣ ЖК Ровенский Николай – бал өндірісі, Қарғалы ауданы
5️⃣ ШҚ “Нұр-МТС”, Сатаева Нұрсұлу – сүт өнімдері, Қобда ауданы
6️⃣ ШҚ “ЗАРУ”, Тлегенова Бану – бұғы мүйізінен өнімдер, Мәртөк ауданы
7️⃣ ЖК Зубков Виталий – талдан бұйымдар, Мәртөк ауданы
8️⃣ ЖК Ешмағамбетова Аманкүл – түйе жүнінен бұйымдар, Шалқар ауданы
9️⃣ ЖК Болысбай Айнұр – сүт өнімдері, Шалқар ауданы
🔟 ЖК “Несібе”, Құдайбергенов Бекет – түйе жантағынан шай, Шалқар ауданы
Келесі кезеңде бренд-комитет үш жеңімпазды анықтайды. Олар Ақтөбе облысын республикалық деңгейде таныстырады.