Аллергиядан сақтанудың жолы – дұрыс тамақтану

 Жаз, күз айлары - маусымдық аллергияның өршитін уақыты. Бүгінде маусымдық аллергияға жасы да, кәрісі де шалдыққан. Дегенмен аллергияның алдын-алуға болады. «Ол үшін дұрыс тамақтануды қолға алу керек», - дейді аллерголог маман Жансәуле Сеитова. Кейіпкеріміз маусымдық аллергия, онымен күресу жолдары және алдын-алу жөнінде ақпарат берді.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

Жансәуле Сеитова, өзіңіз туралы айта өтсеңіз...

- Мен 2019 жылдан бері Ақтөбе медициналық орталығында аллерголог дәрігер болып жұмыс істеймін. Қазіргі М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан университетінде білім алдым. Бірнеше жыл терапевт дәрігер болып қызмет еттім.

Маусымдық аллергия неден болады?

- Маусымдық аллергияны бұрын «сенная лихородка» деп атайтын. Яғни маусымдық аллергия арам шөптердің кесірінен туады. Негізгі белгілері – көз бен мұрынның қышуы, түшкіру, денедегі бөртпелер, тамағы қысып, тұншығу. Жусан, циклахена, алабота секілді шөптер Ақтөбеде өте көп. Олар маусымдық аллергияны тудырады. Әсіресе, арамшөптер тамыз және қыркүйек айларында көбейіп, аллергияны қоздыра түседі. Сәуір, мамыр айларында талдар, ал маусым айында шалғындық шөптер аллергия тудырады. Жалпы маусымдық аллергия сәуір айынан басталып, тіпті қазан айына дейін жалғасуы мүмкін. Қар түсіп, күн суытып, шаң басылғанша аллергия тоқтамайды. Маусымдық аллергия шілде, тамыз және қыркүйек айларында өршіп кетеді. Қаладағы шаң-тозаң, арам шөптер - аллергияның негізгі себебі.

Қалай сақтануға болады?

- Ең бастысы, дұрыстамақтану, диета ұстау. Аллергологтар үнемі дұрыс тамақтану керек екендігін айтып отырады. Бірақ адамдар бақша өнімдері піскендіктен кеңесімізге құлақ түрмей, кейбір жеміс-жидектер мен көкөністерді жейді. Мәселен, қияр, орамжапырақ, қарбыз, сүт, ет пен құс етінен жасалған майлы тағамдар, кофе, какао, торт, тәттілер аллергия тудырады. Осы өнімдер аллергияны қоздырады. Адамның денсаулығы өзіне байланысты. Сондықтан дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану керек. Ботқа, айран, қайнатылған немесе буға піскен ет, компот, укроп, газдалмаған су секілді өнімдер аллергия тудырмайды.

Маусымдық аллергияны халық емімен емдеуге бола ма?

- Ертеректе дәкені сулап, терезеге іліп қою керек деп айтатын. Бұл – шаңнан қорғану тәсілі. Халық емін қолдануға болмайды. Аллерголог дәрігермен кеңескен абзал. Теңіздің жағасына барып демалған дұрыс. Тұзды су, арамшөптер жоқ.

Сыртта шаң-тозаң болса, терезені жауып қою керек. Далада маска киген жөн. Табиғат аясына шығуға болмайды. Кейде бау-бақшада жалаңаяқ жүріп, аяғына бөртпе шығып келгендер де бар. Ол асқынса, адамның денесіне бөртпе қаптайды. Тамағы қышып, беті ісіп кетеді. Тіпті, анафилактикалық шок алып, қан қысымы күрт түсіп кеткен пациенттер келді. Аллергия асқынса, адамның тыныс алуы қиындап, қан қысымы түседі. Оларды жан сақтау бөліміне жібереміз. Сондықтан ең бастысы дұрыс тамақтану керек деп кеңес беруден жалықпаймыз.

Аллергияны емдемесе, қандай ауруға шалдығуы мүмкін?

- Аллергияны емдемесе, өкпе демікпесіне, астмаға шалдығады. Қоғамдық ортаға көп шыға алмай қалады. Өзімен бірге үнемі ингалятор алып жүруі керек. Асқынған жағдайда өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Аллергияны неден болғанын анықтау үшін тест тапсыруға болады иә?

- Иә, тестті қыста тапсырады. Себебі арам шөп, шаң қыста болмайды. Түрлі шөптің сығындысын қолға тамызып, реакцияны бақылаймыз. Мәселен, қарасора, күнбағыс өсімдігі, алабота сынды өсімдіктердің сығындысы бар. Ақтөбеліктер жусан, циклахена, бақбақтан аллергияға шалдығады.

Маусымдық аллергияға кез келген адамда болуы мүмкін бе?

- Иә, кез келген адам маусымдық аллергияға шалдығуы мүмкін. Адам маусымдық аллергиямен жыл сайын ауыруы да мүмкін. Диета сақтап, дұрыс тамақтанса, алдын-алуға болады. Аллергияның негізгі факторы – генетика. Ауа-райы, экология, өмір салты да аллергияның тууына әсер етеді.

Көбіне қанша жастағылар аллергияға шалдығады?

- Қазір жаңа туылған нәрестенің өзі аллергиямен ауыруы мүмкін. Кез келген жаста аллергия пайда болады. Маусымдық аллергиямен ауыратындар саны маусым, шілде, тамыз айларында көбейіп кетеді. Күніне 20 адамнан қабылдаған кезіміз де болған.

Қандай дәрілер көмектеседі?

- Асқынған, шұғыл жағдайда глюкокортикостероид, преднизолон, дексаметазонды ұсынамыз. Аллергия гистамин бөлінген туындайды. Ал гистаминді басу үшін аллергопресстің инъекция түрін алу керек. Антигистамин, лоратал, зодак, L-цет, цитрин таблеткалары да көмектеседі.


Әлеумет
15:00, 11 сентябрь 2023
463
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив