Байғанин ауданында 9 аулаға су кірді
Байғаниндіктердің ауласына еріген қар суы кіріп, әбігерге түсті. Бірақ жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметі жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
Баспасөз қызметінің мәліметінше 25 наурыз күні республикалық «Ақтөбе-Астрахань» тас жолының су өткізгіш құбырлары арқылы дала суы Қаруылкелді ауылына кірген. Су ауылдағы 9 аулаға кірген. Қазір үйлерге төніп тұрған қауіп жоқ. Су деңгейі түскен. Алайда Сағыз өзенінің деңгейі 1 метрге көтерілген. Оған қоса синоптиктер алдағы тәуліктерде жауын-шашын күтілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар жергілікті маңызы бар Ащыағар көпірін 21 наурыз күні су шайып, қайта қалпына келтірілген. Бірақ көпір тағы да су астында қалды. Аталған көпір арқылы баратын Миялы, Дияр, Оймауыт ауылдарымен байланыс айналма жол арқылы жүріп жатыр екен.
Осыған орай ауданда арнайы штаб құрылып, тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс жасауда. Аудан әкімі Айбек Көпенов те жағдайдың жеке бақылауында екенін жеткізді.
Суға кеткен аулалардың суын соруға 5 мотопомпа, 3 су сорғыш көлік, 87 адам, 15 техника жұмылдырылып, 78 тонна инертті материалдар қойылған. Зардап шеккен тұрғындардың үйлерін арнайы жұмыс тобы бақылап, шығынның бар-жоғын анықталуда.