Ақтөбелік күзетші сот арқылы жұмысына қайта орналасты
Жұмысынан қысқартылған күзетші сотқа арызданды. Бұл туралы Ақтөбе қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Еркежан СЕРІК
kerekinfoaktobe@gmail.com
Талап қоюшы 2013 жылы күзетші болып жұмысқа кірген. Ал 2022 жылы жұмыстан қысқартылған. Күзетші еңбекке жарамсыздығын, зейнет жасына жақындағанын және 2-ші топтағы ерекше қажеттілігі бар адам екенін алға тартып, өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінді. Бұйрық шыққан кезде жұмыс беруші оған штаттық бос жұмыс орындарды ұсынбаған. Сонымен қатар, бұйрық талап қоюшының еңбекке жарамсыздық кезеңінде шығарылған.
Ақтөбе қалалық соты жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, талап қоюшыны бұрынғы жұмысына қайта орналастырды. Сондай-ақ, жауапкерден оның пайдасына мәжбүрлі бос жүрген күндері үшін 450 367 теңге мөлшерінде жалақы және 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.