Ақтөбедегі “Мега-Ақтөбе ” ойын-сауық орталығына жарылғыш зат қойылды деп хабар таратқан тұрғын ұсталды. Күдіктінің жасы 29-да.
Оқиға наурыздың 29-ына қараған түні болған. 102 байланыс номеріне белгісіз біреу хабарласып, “Мега-Ақтөбе” кешеніне бомба қойылғандығын хабарлайды. Дереу ол жерге тәртіп сақшылары мен “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлінісінің саперлері, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мен иісшіл иттер жіберілген.
Дереу ғимаратта болған 20 қызметкер қауіпсіз жерге шығарылды. Арнайы жасақ ғимараттың ішін тінтіп шығып, ешқандай жарлығыш зат таппады. Күдікті небәрі 1 сағаттың ішінде қолға түсті. 29 жастағы қала тұрғыны ақпаратты бұзақылық ниетпен хабарлағанын мойындап отыр.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша,оның қылмысы дәлелденсе, 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл соңғы үш айда тіркеліп отырған екінші дерек. Былтыр бұзақылар “Мега-Ақтөбені” 4 рет “жармақ” болған.